Аршалы мен Сарыоба станцияларында жаңартылған теміржол вокзалдары пайдалануға берілді

Жаңалықтар
view 24
news

фотосурет: дереккөз

Ақмола облысында теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі ретінде Аршалы ауданы мен Сарыоба станциясында күрделі реконструкциядан өткен теміржол вокзалдары салтанатты түрде пайдалануға берілді.
Аршалы ауданындағы  вокзал ғимараты алғаш рет 1945 жылы салынған болатын. Уақыт талабына сай нысан толықтай жаңғыртылып, ескі ғимарат іргетасына дейін бұзылып, оның орнына заманауи талаптарға сай жаңа вокзал бой көтерді. Жаңа ғимараттың аумағы бұрынғыдан 80 шаршы метрге кеңейіп, жолаушыларға арналған күту залы айтарлықтай ұлғайтылды.
Жоба жетекшісі Бекзат Төлестің айтуынша, вокзалда жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген.
– Ғимарат толықтай жаңадан салынды. Ана мен бала бөлмесі, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған күту бөлмесі мен санитарлық торап қарастырылған. Заманауи инженерлік жүйелермен жабдықталған вокзал барлық қазіргі стандарттарға толық сәйкес келеді. Жолаушылар легі көп болмаса да, тұрғындар үшін барлық қолайлы жағдай жасалды, – деді ол.
Сол күні Сарыоба станциясында да толықтай жаңартылған теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Бұрынғы вокзал 1938 жылы салынған. Ғимараттың техникалық жағдайы сын көтермейтін деңгейге жеткендіктен, оны толықтай бұзып, орнына жаңа вокзал салу туралы шешім қабылданған.
«Integra Construction» ЖШС Ақмола облыстық филиалының директоры Арман Нұрмұқановтың айтуынша, құрылыс барысында ескі ғимаратпен бірге инженерлік желілер де толық ауыстырылған.
– Жаңа вокзал қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бөлмелер, ана мен бала бөлмесі, арнайы санитарлық торап қарастырылған. Заманауи желдету, кондиционерлеу және өрт қауіпсіздігі жүйелері орнатылды. Сонымен қатар энергия үнемдейтін витраждар қолданылып, перронның 400 метрлік жағалау платформасы жаңартылды. Нысан толықтай тактильді навигациямен жабдықталған, – деді ол.
Сарыоба станциясының тұрғыны, теміржол саласының ардагері Серікбай Әбжанов бұл күнді көптен күткен қуанышты сәт деп бағалады.
– Мен осы жерде 1965 жылдан бері тұрамын, бүкіл еңбек жолым теміржолмен байланысты. Осы вокзалдан әскерге аттандық, жақындарымызды қарсы алып, шығарып салдық. Сондықтан бұл орынның әр тұрғын үшін орны бөлек. Бүгін жаңа, заманауи вокзалдың ашылғанын көру - үлкен қуаныш. Құрылысшылар мен теміржол саласының мамандарына алғыс айтамын. Елді мекендердің осылай көркейіп жатқанын көру ерекше әсер сыйлайды, – деді ардагер.
Жаңартылған Аршалы және Сарыоба вокзалдары өңір тұрғындарына қолайлы әрі қауіпсіз қызмет көрсетуге бағытталған. Заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған нысандар жолаушылардың сапалы қызмет алуына мүмкіндік беріп, теміржол көлігі саласының дамуына жаңа серпін береді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *