Аруақ – адамның рухы
Редакция таңдауы
691
Ақпараттың көптігінен адасуға апаратын жағдайдың жиілігіне байланысты дін мен дәстүрге қатысты түйінді бірнеше мәселе бар. Олардың басын ашып алу мақсатында редакция тілшісі Қосшы қаласындағы Бөгенбай батыр атындағы мешіттің найб-имамы Жарқынбек Дулатұлымен сұхбаттасқан еді.
Дін өкілі жастардың жат ағымға еліктеп, адасып кетуден сақтау үшін мешітте жиі басқосу өткізіліп тұратынын айтты. Осындай жиындарда олар имамға, басқа да дін саласының мамандарына көкейде жүрген сауалдарын қойып, тікелей жауаптарын алуларына болатындығын жеткізді. «Мешітке келушілердің 80 пайызға жуығы жастар. Олардың беталысы, ізденісі жаман емес. Әлеуметтік желіде ортақ топ құрып, ақылдасып та отырады екен. Әр бейсенбіде бір дастархан жайылып, имамдардың қатысуымен әңгімелесу жүргізіледі. Дәстүрлі дінімізді дұрыс ұстану жолдарын айтамыз. Ислам әдебі, Құран оқуға қатысты дәріс жүргізіледі, осылайша жастардың діни сауатын жақсартуға алсалысып келеміз», дейді Жарқынбек Дулатұлы.
Діни білігі енді ғана қалыптасып келе жатқан жастар үшін дәстүрлі дін мен жалған діни ағымның ара-жігін ажырату қиынға соғары сөзсіз. Имам бұл тұрғыда жастардың ақпаратты қайдан алатындығына, қандай кітаптан оқығанына барынша мән беріп, сараптай қараулары керек дегенді алға тартады. «Діни басқарманың ұсынатын шынайы ақпарат көздеріне жүгініп, басқарма ұсынатын кітаптарды оқығандары дұрыс. Жұма намазына жиналған жамағаттың да арасында жат ағымда жүргендер кездеседі. Біз оларға барынша ақылымызды, білгенімізді сауатты түрде жеткізуге тырысамыз. Олар көбіне дәстүрге келгенде қайшы пікір айтып жатады», дейді найб-имам.
«Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген тіркесті бала кезден естіп өскен қазақ баласы үшін аруаққа құрмет керсету, дүниеден өткен жақындарды еске алып, құран оқытудың әбестігі, дінге терістігі бар ма деген сауалға имам: «Аруаққа құран бағыштау мәселесіне келгенде екіұшты пікір айтылып жүр. Бұл да сол теріс ағымдағылардың әсері шығар. Аруақ бар, ол рас. Аруақ дегеніміз – адамның денесінен шығып кеткен жаны, рухы. Кейінгі ұрпақ жақындарының аруағына құран бағыштап, еске алуы дұрыс. Бірақ аруақтан пенделік дүниені сұрау қателік. Аруақты себеп ете отырып, құран бағыштап, Алладан ғана тілеу керек», деді дін өкілі.
Соңғы уақытта қоғамға жат, арандатушылыққа апарар діни ағымдардың әрекеті, әсері үлкен алаңдатушылық тудырып отыр. Ел ішінде көптеп мешіт салынып, имани сауатты азаматтардың қатары көбейсе де, жат ағымға сеніп, алданған қазақ ағайындар әлі де аз емес. Өзгенің пікіріне құлақ аспай, тек өз ұстанымын ғана жоғары санайтын теріс діндегілерді танудың өзі оңай емес.
«Діннің атын жамылып, жеке мақсатын көздегендерге сенетін жастар жоқ емес. Сол сеніммен шетел асып, адасып, алданып қалғандарын басына ауыр іс түскенде ғана түсініп, сосын тығырықтан шығар жол таба алмай аласұратындар қаншама. Ондай топтың басында мықты саяси өкілдер бар. Олар халықтың сенімін, нанымын саясиландыруды көздейді. Сондықтан ел ішінде діни сауатты барынша күшейту, білім деңгейін жақсарту маңызды», деп жастардың тек діни әдебиеттерді емес, қазақтың дана, ойшыл ақын, жазушыларының шығармаларын оқып, тарихымызды терең білгені абзал екенін айтты.
Гүлназ БИСЕН
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Пікірлер (0)