Қанша адам Сталиндік террордың құрбанына айналды?
Редакция таңдауы
97
«Үлкен террордың» басталуы ресми түрде 1937 жылдың 5 тамызы деп есептеледі. Бұл – Сталиннің «антисоветтік элементтерді» құрту туралы бұйрыққа қол қойған күні. Осыған орай саяси бюроның арнайы шешімімен әр республика бойынша репрессиялануға тиісті адам басына лимит белгіленді. Жергілікті пария органдары мен НКВД басқармалары бұл шешімді өте бір өлермендікпен орындайды. Тіпті көпшілік аймақтардан Сталин мен Халық комиссары Ежовтың атына «өлім лимитін» өсіріп белгілеп беру туралы өтініш-хаттар үздіксіз ағылған. Сөйтіп, көзсіз конвейер сақылдап жұмыс істеп кетті – «ерекше үштік» ешқандай сотсыз, тергеу-тексеріссіз өздері қалаған кез-келген жанды ату жазасына кесіп немесе абақтыға жаба салатын болды.
Кіріспесөз
Қазіргі кезде сталиндік террордың ауқымын тым зорайтып көрсетуге тырысушылық басым. Әрине, Сталиннің өз халқына жасаған зұлымдығы орасан, бірақ оның қайғы-қасіретін тарихи шындыққа қиянат келтіру арқылы жеткізуге бола ма?! «Темір перде» ысырылғаннан бері бүгінгі күнге дейін осы тақырыпқа қалам сілтеген жазғыштардың көпшілігі репрессия құрбандарының санын тым асырып айтып жүр. Олардың «есебінше» репрессияға ұшырағандардың саны 10 млн-нан 20 млн. аралығында екен. Сондай-ақ, Ресей жұртшылығы «пайғамбар» көреген, қара жер хабар бермегір Солженицынның "Архипелаг ГУЛАГ" кітабында (1973ж) тек 1937-1938 жылдары ғана ГУЛАГ лагерлерінде 681. 692 адам ату жазасына кесілді деген жолдар бар. Яғни, күніне 1000(!!!) адамға өлім үкімі шығарылды деген сөз. Бірақ мұның бәрі ешқандай дәлелсіз, айғақтарсыз айтыла салған бос пікір. Өкінішке орай, осы тектес асыра сілтеушілік көп. Мақаланы жазу барысында төмендегідей дереккөзіне тап болдық. Оның басқа авторлардың еңбектеріне қарағанда бір артықшылығы – бұл Н:Хрущевтің атына жазылған ресми құжат. Интернет жарияланымында оның түпнұсқалық көшірмесі КСРО-ның Октябрь төңкерісі атн. Орталық Мемлекеттік Мұрағатында сақталғаны туралы айтылады. Құжат 1954 жылдың 1 ақпаны күнімен мөрленген(Сталин өлгеннен кейін). Әдейі орысша нұсқасын беріп отырмыз: 1 февраля 1954 г. Секретарю ЦК КПСС товарищу Хрущеву Н.С. В связи с поступающими в ЦК КПСС сигналами от ряда лиц о незаконном осуждении за контрреволюционные преступления в прошлые годы Коллегией ОГПУ, тройками НКВД, Особым совещанием, Военной коллегией, судами и военными трибуналами и в соответствии с вашим указанием о необходимости пересмотреть дела на лиц, осужденных за контрреволюционные преступления и ныне содержащихся в лагерях и тюрьмах, докладываем: за время с 1921 года по настоящее время (1954 жылға дейін-авт.) за контрреволюционные преступления было осуждено 3.777.380 человек, в том числе к ВМН (ату жазасына кесілгені-авт.) - 642.980 человек, к содержанию в лагерях и тюрьмах на срок от 25 лет и ниже - 2.369.220, в ссылку и высылку - 765.180 человек. Генеральный прокурор Р.Руденко Министр внутренних дел С.Круглов Министр юстиции К.Горшенин. Жоғарыдағы құжат бойынша сталиндік жылдары саяси айып бойынша репрессияға ұшырағандардың жалпы саны 3.777.380 адам. Сондай-ақ Ресей Ғылым Академиясы КСРО тарихы институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты В.Земсковтың кестесінде де құрбандар саны осыған қарайлас – 3,8 млн. адам. Репрессия тақырыбын зерттеп жүрген тарихшылардың А.Кокурина, Н.Петрова, Л.Ивашова, А.Емелина, И.Пыхалов, т.б сол кездердегі КСРО мемлекеттік басқару органдары мен басқа да жергілікті атқарушы органдарының құжаттарына сүйеніп жазған еңбектерінде де осы деңгейлес санды атайды. Әрине, ептеген ғана ауытқушылықтар бар. Бірақ, оның бәрі бір қатардағы цифр, мүлдем 10-15, әйтпесе 20 млн. емес. Ал 1998 жылғы «Мемориал» сайтында берілген ақпараттық анықтамалықта басқа емес, нақ осы есептің дұрыстығы айтылады. Сталин заманында бас еркінен айыру орындарында бір мезетте тұтқында отырған жандардың саны ешқашан 2 млн.760 мың адамнан асып көрген жоқ (сонда-авт.). Ақпараттық анықтамалықта 1921 жылдан 1954 жыл аралығындағы сталиндік террор кезінде 642.980 адам ату жазасына кесілді десе, солженицыншылар тек 1937-38 жылдары ғана «681.692 жанды атқызып жіберіпті»! Сонда мұндай жалғандықтың, тарихи фактілерді өрескел бұрмалаудың қажеті қанша?! Бір өкініштісі, ешқандай нақтылы құжат-дәйектемелерге сілтеме берілмей «ауадан жасалынған» осы деректер қазіргі тарихнама бетінен берік орын алып қойған. Енді осы «жалған цифрлар» жаппай кітап жазғыштардың көзайымына айналып, бірінен-бірі көшіріп бастыратын халге жеткен. Бұл жерде біз ешқандай жаңалық ашып отырған жоқпыз, аталған мәліметтер 90-жылдардан бастап түрлі мерзімдік басылымдар мен әдебиеттерде жарық көріп келеді. Бүгінде сол кезеңдердегі мемлекеттік террорға жалғыз «Сталин жолдасты» кінәлі деп күстәналауға бейімбіз. Бірақ, кеңестік өкіметтік жүйенің өзі осыған ұстымға құрылғанын ескерген жөн. Тек Сталин, Ежов, Берия немесе Голощекин ғана емес, тұтас басқарушылық аппарат, жергілікті атқарушы билік пен НКВД органдары күн сайын, сағат сайын «қауіпті элементтермен» күресіп жатты. Бұл үрдіс өз кезегінде «халық жауларын» әшкерелеудің бәсеке-сайысына айналып кетті. Ал осы істе белсенділік танытпаған қып-қызыл коммунистің өзі ақыр соңы халық жауына айналып кету қаупі үлкен еді. Өз халқына дәл осылай қастандық саясат жүргізу адамзат тарихының ешбір заманында, ешбір мемлекетінде болмаған шығар?! 20-50 жылдар аралығында осы репрессиялық саясат тоқтаусыз жүрді. Әрине әр мерзімге байланысты ол не үдей түскен немесе бәсеңдеп қалған кезеңдері болды. Өйткені сол кездегі партия және мемлекет басшылары тек осы репрессиялық амал-тәсілдер ғана кеңестік режимді ұстап тұруға қолайлы деп ойлады. Оны мемлекеттік билікті күшейтудің, социалистік құрылымды нығайтудың бірден-бір жолы деп білді. Сонымен қатар, қызыл коммунистер жаппай репрессиялау, оның ішінде Одақ көлемінде тұтастай лагерьлер жүйесін орнату қоғамдағы жұмысшы-шаруалардың позициясын нығайта түседі деп білді. Қазан төңкерісінен кейін жұмысшы-шаруалар класы қоғамның жетекші мүшесі ретінде алға шыққаны белгілі. Ал ГУЛАГ лагерьлері мен түрмелері нақ осы үстем кластық көзқарасқа қарсы шыққан, әлеуметтік қауіпті, қоғамдық пікірге жат элементтерді жазалау мен қамау орындары міндетін атқарды.КАРЛАГ
1997 жыл «Ұлтаралық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» деп аталуына байланысты Cталиндік нәубет тақырыбын қаузаған бірқатар тарихи еңбектер жарық көрді. Олардың ішінде ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы Д.Шаймұханов пен оның қызы тарих ғылымдарының кандидаты С.Шаймұханованың бірлесіп жазған «Карлаг» кітабын бөлекше атап өтер едік. Бұл еңбек нақты мұрағат материалдарына, бұлжытпас айғақтарға негізделіп жазылған. Көпшілік жұрт Карлаг жайындағы шындықты осы кітап арқылы естіп-біліп жатты. Әйтпесе, бұған дейін ол туралы мәліметтер қырық құлыптың астында жабулы тұрды, әлі де ашылмай жатқан құпия көп. Егер КСРО НКВД Бас лагерьлер басқармасына (ГУЛАГ) қарасты лагерлерь мен түрмелерде жалпы саны 4 млн-ға жуық сотталғандар отырса, олардың 1 миллионнан астамы (Д.Шаймұханов, С.Шаймұханова «Карлаг», 19-бет) Карлагтан өткен. (Айта кету керек, бұл есепке неміс, жапон, т.б әскери тұтқындар қосылмайды). Жалпы ГУЛАГ-тың құрамында 61 лагерь болған, Карлаг – соның ішіндегі ең ірілерінің бірі. 1953 жылдың желтоқсан айындағы есеп бойынша контрреволюциялық қылмысы үшін (саяси айыпен) ГУЛАГ лагерьлерінде қамауда жүрген 474 950 сотталушының 57 989-і Қазақстанда отырған (оның ішінде Қарағанды обл. - 56 423 адам). «Мемориал» сайтындағы кестеде сталиндік зобалаң жылдардың құрбаны болған сотталушылардың ұлттық құрамы жайында да айтылады. Мұнда әр жылдары ГУЛАГ лагерьлері мен түрмелерінде тұтқында отырған қазақтардың саны берілген: 1939ж – 17123 адам , 1940 ж – 20166 адам, 1941ж–19185 адам, 1942ж–19703 адам, 1943ж –14888 адам, 1944ж– 11453 адам,1945ж – 12321 адам, 1946ж –7822 адам, 1947ж – 8115 адам, 1948ж – 25906 адам, 1949ж-12554 адам,1950ж –13352 адам. Бұл кесте тек 1939 – 1950 жыл аралығындағы ауқымды қамтиды. Бірақ, осының өзінен-ақ халқымыздың қаншама аяулы ұл-қыздары сталиндік зорлық-зомбылықтың қасіретін шеккенін межелей беруге болады. Онда да осы зобалаң ең алдымен ұлт қаймақтарының, оқыған азаматтардың басына түскенін ұмытпайық. Мәселен, 1934-1941 жылдар аралығында жалпы сотталғандардың ішінде жоғары білімі бар азаматтардың үлес салмағы үш есе, орта арнаулы білімділердің үлесі екі есеге артқан. Ал сан жағынан шаққанда бұл кезеңде жоғары білімі барлар 8 есеге, орта арнаулы білімі барлар 5 есеге өскен. Карлаг құрылғанға дейін ол аумақта қазақтардың, орыстардың, украиндардың, немістердің ерікті тұрақтары болатын. Кейіннен Карлагтың орталығына айналған Долинка селосы 1909 жыл 10 желтоқсанда жеке кенттік бірлік құқығына ие болады. 1911 жылы мұнда 2630 адам тұрған. Кеңестік тоталитарлық жүйенің мызғымас бір бөлшегіне айналған жаппай қуғындау, террор, халықтарды жер аудару үшін арнайы жазалау органдарының күші кеңінен қолданылды. 1929 жылы Сталиннің бұйрығымен Кеңестер Одағында еңбекпен түзету лагерьлер торабын ұлғайту туралы жоспар жасалынды. 1930 жылы 7 сәуірде осы лагерлер жөніндегі арнайы ереже қабылданды. 20-30 жылдары КСРО аумағында Магаданда, Воркутада, Колымада, Сібірде, Оралда, Қазақстанда және басқа да аймақтарда лагерьлер құрылды. Карлаг 1931 жылы 19 желтоқсанда құрылды. Карлаг басқармасы тек тікелей Мәскеудегі ОГПУ-ге (НКВД) қарасты ГУЛАГ-қа ғана бағынды. Оған республикалық, облыстық органдардың оған ешқандай ықпалы жүрмейтін. Ол мемлекет ішіндегі жеке мемлекет еді. Дұрысырақ айтсақ, мемлекет ішіндегі құл иеленуші мемлекет пошымында ұйымдастырылған. ГУЛАГ жүйесіндегі тәртіп сотталғандарды қорлап, тұқыртып, жәбірлеп, адамдық ар-намысын таптап, ерік-жігерін мұқалтып ұстауға бағындырылған. Карлаг лагерьлерінде де айна-қатесіз осы тәртіп орнатылды. Оның өз нақты өкіметі, көлік құралдары, өз пошта және телеграф байланысы болды. Лагердің аумағы солтүстіктен оңтүстікке қарай – 300 км және шығыстан батысқа қарай 200 км-ге созылып жатты. Бұл тұтас Францияның территориясына тең. Карлагтың мұнан басқа 2 бөлімі болды – орталықтан 350 км жатқан Ақмола және 650 км жатқан Балқаш бөлімшелері. Карлагтың негізгі шаруашылық орындары Қарағанды және Ақмола облыстарының аумағында орналасқан. 1953 жылдары Карлагтың 26 бөлімі, 192 лагерлік нүктелері бар еді. Әр бөлімдер өз алдына участоктер, нүктелер, фермалар деп аталатын шаруашылық бөлімшелерге бөлінді. Лагерьде 106 мал шаруашылық фермалары, 7 бақшалық участоктар мен 10 жер жырту шаруашылықтары болды. Карлаг ұйымының басты бағыттарының бірі Орталық Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан көмір-металлургиялық өнеркәсіптерін ірі азық-түліктік базасын қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылды: Қарағанды көмір бассейні, Жезқазған және Балқаш мыс қорыту комбинаттары. Сонымен бірге осы өнеркәсіп салаларын құру және дамыту үшін арзан жұмыс қолы керек болды. Міне, сотталғандар мен депортацияланған халықтың басым бөлігін Орталық Қазақстан аумағына орналастырудағы басты себептердің бірі де осы. Ал уақыт өте Карлагқа этаппен келушілердің қатары өскен сайын олардың үстінен бақылау жасау да күшейтіле түсті. Долинка кентінің саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау мұражайында көшірмесі сақталған Қарағанды Горкомы ВКП(б)-ның 1932 жыл 7 мамырдағы бюро отырысы хаттамасы жазбасында облыс аумағында ОГПУ әскери девизионын құру туралы айта келіп, былай дейді: «...Қарағанды мен оның жақын маңындағы аймақтарда Карлаг тұтқындарынан құралған 65000 мың арнайы қоныстанушылар тұратындықтан...Қарағандыға тез арада ОГПУ әскери девизионын көшіру қажет...». Осы жерде мына мәліметті келтіре кеткен де жөн: орташа есеппен ГУЛАГ-та 1940 жыл 1 қаңтарда16 сотталушыға 1 жасауылдан келсе,1954 жылдың 1 сәуіріндегі есеп бойынша 9 сотталушыға 1 жасауылдан келген. Осы жылы барлық лагерьлер мен колониялардағы күзет қызметіндегілердің саны –148049 (Оның ішінде 98863-қатардағы жауынгерлер, 37668-сержант құрамы және 11498 офицерлер).(В.Земсков. ГУЛАГ (историко-социологический аспект) // Социологические исследования. 1991, №6.)Ерекше режимдегі лагерьлер
Спасск
Бүкіл Одақ аумағын торлап алған ГУЛАГ лагерьлерінің қайсысы болсын адам төзгісіз қатаң режимде болды. Оқырман бұл туралы сотталушылардың естеліктерінен талай естіген болар, бірақ олардың ішінде де режимнің қаталдығы, тұрмыстың ауырлығы, жазалау әдістерінің аяусыздығы жағынан өзге лагерьлерден де өткен сорақы 9 «Ерекше лагерьлер» болды. Бұл лагерьлер КСРО Министрлер Кеңесінің 1948 жыл 21 ақпан күнгі №416-159 бұйрығы бойынша құрылды. Мұнда шетел шпиондары, диверсанттар, террористер, троцкишілер, оңшылдар, меньшевиктер, эсерлер, анархистер, ұлтшылдар, ақ эмигранттар, антисоветтік ұйымдар мен топтарға қатысушылар деп айып тағылған барлық тұтқындарды жинап ұстаған. Ерекше лагерь тұтқындары ең ауыр жұмыстарға жегілді. Мұнда басқа бас бостандығынан айыру орындарына қарағанда өлім-жітім де көп болды. Міне, осындай лагерьдің екеуі Қазақстанда орналасқан – Спасск (40 мыңнан астам адам), Степлаг (20 мыңнан астам адам). Жалпы Одақ бойынша 9 Ерекше лагерьлерде 244128 тұтқын ұсталған. Карлагтың ең ірі бөлімшесі – Спасск. 1436 әскери тұтқынды тиеген эшелон алғаш рет 1941 жылдың тамыз айында келіп жетті. Екі жылдан кейін этаппен келгендер көлемі екі еседен асты. 1944 жылдың екінші жартысында олардың саны күрт артып, 11 583 адамға жеткен. 1945 жылы күзде лагерьге Жапон армиясының 11 000 әскери тұтқыны эшелонмен жеткізілді. Лагерь жұмыс істеп тұрған 10 жыл ішінде мұнда 40 мыңнан астам адам жазасын өтеді. Спасск лагері Карлаг жүйесіндегі ерекше режимдегі лагерь саналды. Ол 1931 жылға дейін Қарағанды ауданының орталығы болды. 1931 жылы наурыз айында Карлагтың қарамағына берілді. Кейіннен оның құрамынан Песчаный лагері құрылды. Ол жер бетіндегі нағыз тозақтың өзі еді. Бұл «мекемеден» аман-есен қайтып оралу қиялдай көрінетін. Егер Қарабас – Карлагтың қақпасы саналса, Спасск оның бауырластар моласына айналды. Жазылмастай түрлі кеселдерге шалдыққан тұтқындар «бүкілодақтық ерекше режимдегі мүгедектер лагері» Спасскге өлуге жіберілетін. Әлі күнге дейін осы есепсіз мүрделердің молалар төмпешіктері жайрап жатыр. Толық емес деректер бойынша, лагерьде 1942-1946 жылдар аралығында 7 мыңнан астам адам өлген. Олардың ішінде 516-сы жапондық әскери тұтқындар. (Д.Шаймұханов, С.Шаймұханова «Карлаг», 94-бет). Лагерьлерде тұтқындарды сауықтыру, өлімнен құтқарып қалу шаралары жүргізілмеді. Барактардағы санитарлық жағдай адам төзгісіз күйде болды. Кей кездері тұтқындардың жаппай уланып қалу оқиғалары да кездесті. Әлбетте, оларға жедел жәрдем көмегі көрсетілмейтін. Мысалы, мұндағы 12 және 15-ші бөлімшелерінің 96 адамы дизентериямен лазаретке түскенде, оларға 3-4 күндеп ешқандай дәрігерлік ем жасалмағаны анықталған. Барактар қыста өте суық болды. Есік-терезелері бүтінделмейтін. Мысалы, лагерьдің 17-ші бөлімшесінің 44 тұтқыны қысқы аяздарда үсіп кеткен. Лагерьде ұрлық-қарлық, әлімжетік жасау жиі орын алып тұрды. ГУЛАГ-тың Ерекше лагеріндегі адам төзгісіз ауыр жұмыстар мен әкімшілік қызметкерлерінің зорлық-зомбылығына шыдамаған тұтқындар қамаудан жиі қашып тұрған. Қашқындар егер ұсталып қалса, мұның өзін-өзі өлімге байлап беумен бірдей екенін жақсы түсінді. Әйтседе, жоғарыда айтылғандай түрлі азаптаулар мен қиянатқа шыдамаған жандар басын бәсекеге тігуге мәжбүр болған. Әсіресе, соғыстың алдыңғы жылдары (1933-1938жж) бұл құбылыс кең етек алды. Осы 6 жылда 18 мың тұтқын қамаудан қашып шыққан. (Система исправительно-трудовых лагерей в СССР, 1923-1960: Справочник. М., 1998. С.52.).Степлаг
1954 жылдың 16 мамыр күні Степлаг лагерінің үшінші бөлімшесінде тұтқындардың көтерілісі бұрқ ете түсті. Жаппай берекесіздік 25 маусымға дейін 40 күнге созылды. Егер Степлагта барлығы 20698 адам жазасын өтеп жатса, үшінші бөлімше солардың ішіндегі ең ірісі (5597 адам). Сотталғандар қатаң лагерьлік режимге, адам төзгісіз ауыр жағдайға өстіп наразылық білдірді. Көтерілісшілер лагерь ішіндегі азық-түлік қоймасын, жабдықтау базасын, наубайхана мен ұстахана орналасқан механикалық шеберхананы басып алды. Олар әйелдер мен ерлер зонасы аралығындағы саман кірпіштен орнатылған қабырғаны бұзып кірді. О баста дүрбелеңге 400-дей тұтқын қатысқан. Көтерілісшілердің бірқатары барактарды аралап кетті, ал көпшілігі шаруашылық ауласында қалып, қолға түскен заттармен қарулануға кірісті. Жөнсіздікті қалпына келтіру үшін зона ішіне автоматшылар енгізілді. Сотталғандар оларды жақсы ұйымдасқан қарсылықпен қарсы алды. Осы оқиғалар барысында 13 тұтқын опат болып, 43-і жарақаттанған. Жарақат алушылардың ішінде 10 күзет қызметкері де бар. Бірақ, әбден қаны қатып алған тұтқындар оған тіпті өршелене түскен. Сондықтан, іс насырға шаппай тұрғанда Қарағанды облыстық ІІМБ бастығы полковник Коноваловтың дереу жазалаушыларға қару қолдануға тиым салады. Осыны пайдаланған көтерілісшілер келесі күні тергеу изоляторы мен айыптау барагын басып алып, әкімшілік адамдарын зонадан айдап шығады. Тіпті көтеріліс мазмұны антисоветтік мағынадағы саяси реңк алып кете де жаздайды. Есік-терезелерге ұлтшылдық рухындағы ұрандар жазылып ілініп қояды. Бірақ, әр барактардан жасақталған бастамашыл топ бұл әрекеттерінің ақыр соңы өздеріне жаман тиетінін түсініп, орган адамдарымен келіссөздерге барғанда тек лагерьлік режимге, тұрмыстық жайтқа байланысты талап-шарттарын қойды. Ең бірінші шарт – жазалаушы отрядтың тұтқындарға қарсы қару қолдану фактісін зерттейтін Орталықтан арнайы комиссия келіп жеткенше, әкімшілік қызметкерлерінің зона аумағына кіруіне тыйым салынды. Әкімшілік сотталғандардың арыз-шағымдары Үкіметке хабарланғанын және осы төтенше оқиғаны зерттеуге лагерь тұтқындарынан жасақталған арнайы комиссияның да қатыса алатындығы айтқан. Комиссия құрамына әр барактан екі адамнан алынды. Республикалық үкіметтік комисияны генерал-майор Губин басқарып келді. Алғашқы комиссия тұтқындармен тіл табыса білді, сол жерде « 18 жасқа дейін қылмыс жасағандар мен мүгедектерді мерзімінен бұрын босату туралы» КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының Жарлығы мен ІІМ-нің бұйрығы оқылды. Осының нәтижесінде сотталушылар қайтадан жұмысқа шықты. Бірақ келісім ұзаққа созылмады. Мұрағат деректеріне қарап отырсақ, 1954 жылдың 24 маусым күні Степлагтың «жағдайын бәсеңдету» үшін лагерь әкімшілігі жоғарғы жақтан келген нұсқау бойынша 426 адамды 75 шақырым жерде жерде жатқан Теректі бөлімшесіне алып кетеді. Екі жақты дүрдараздықтың қайта тұтануына ол да әсер етті. 25 мамыр күні осыған наразы болған 4 мыңнан астам тұтқын жұмысқа шықпады. Олардың арасында, әрине Совет өкіметіне, жүргізіп отырған саясатына қарсы жандар өте көп болды. Ақыр аяғында міне сол антисоветтік наразы топ көтерілісшілердің басқару ықпалына ие болады. Карлаг басшылығы сотталушылардың дүрбелеңін басу үшін түрлі амал-айлаларға барды. Ашық түрде олардың кейбір тілектерін орындауымен қатар, бастаушыларының арасында жік қойып, астыртын жұмыстар да жүргізді.Лагерішілік радио торабы байланысы арқылы насихаттық хабарламалар да таратылды. Келіссөзге көтеріліске қатыспаған немесе әлденеше уақыттан кейін бас тартқан сотталушылардың өзін салды. Бірақ, әбден қаны қатып алған көтерлісшілердің дені алған беттерінен қайтпай қойды. Сонымен қатар қарулы қақтығысқа қызу әзірлік жүріп жатты. Тұтқындар зонаны басқарудың өзіндік сипатын енгізді, арнайы штабы құрылды. Мұнда сырттан әскер кіргізілген жағдайда қалай қарсы тұрудың жоспары жасалынды, әр барактың, секциялардың, бригадалардың командирлері тағайындалды. Қарауылдаушы, қауіпсіздікке жауап беретін қызметтер ұйымдастырылды. Зонаға кіреберіс жолдан баррикада құрылды. Шаруашылық зонасынан алынған күкірт, кино лентасы және басқа да материалдардан жарылғыш заттар жасалды. Ақыр соңында көтерілісшілерді басу үшін зона ішіне жазалаушы отряд кіргізіледі. Осы мақсатпен танк құрамы шақырылады. Көтерілісшілер танкке жалаң қолмен қарсы шыққан. Ол кездің оқиғалары жайында бүгінде Қарағанды қаласында тұратын, осы көтеріліске қатысқан И.Карпенко былай дейді: «Солдаттар зонаға танкмен кіргенде алға әйелдер шықты. Олар біз ер-азаматтарымызды танкмен таптатпаймыз деп, шынжыр табанының астына өздері жата қалатын» дейді. Міне, Ерекше лагерьде болған ірі көтеріліс осылай аяусыз басылып-жаншылған еді.«АЛЖИР»
КСРО ІІХК-ның 1937 жыл 15 тамыздағы № 00486 бұйрығымен Отанын сатқандардың отбасы мүшелері қарсы жаппай қуғын-сүргін науқаны басталды. Осы құжат негізінде бас-аяғы бірнеше ай ішінде барлық «халық жауларының» әйелдері қамауға алынып, 5-8 жылға сотталып, еңбекпен түзету лагерьлеріне жіберілді. Сөйтіп, 1937 жылғы 3 желтоқсанда Ақмола облысының бұрынғы Малиновка, қазіргі Ақмол ауылында Қарлагтың тек әйелдерге арналған «26-нүктесі» – Ақмола арнайы бөлімшесі құрылды. Ол ел ішінде «АЛЖИР» – «Отанын сатқандардың Ақмола лагері» аталып кетті. Лагерь жұмыс істеп тұрған жылдары одан этаппен 20 мыңнан астам әйел өтті, ал 8 мыңнан астам әйел АЛЖИР-де мерзімдерін «қоңыраудан-қоңырауға» дейінгі отырып шықты. Олардың ішінде атақ-даңқы мүткіл Одаққа мәлім Дәмеш Жүргенова, Рабиға Асфендиярова, Әзиза Рысқұлова мен оның анасы Әрипа Есенғұлова, әнші Лидия Русланова, маршал Тухачевский отбасының әйелдер, жазушылар Борис Пильняктың әйелі Кира Андронникошвили, жазушы Галина Серебрякова, Юрий Трифоновтың әйелі Евгения Лурье, Болат Окуджаваның, Мая Плисецкаяның аналары және т.б мемлекет, саясат және қоғам қайраткерлерінің әйелдері бар. АЛЖИР-ге Одақтың түкпір-түкпірінен тұтқын әйелдер әкелінді: Мәскеу, Ленинград, Украина, Грузия, Армения, Орта Азия мен Қазақстан. Лагерь тұтқындар үшін таршылық ете бастағандықтан этаппен келгендер боран мен дауылға, ыстық пен жаңбырға қарамай өздеріне барақ салып, ағаш тақтайдан жасалған сәкілерге матрац орнына шөп төседі. Барақты жылыту үшін қамыс орып, оны отын ретінде пайдаланды. Алайда жалпылдақ қамыстың жылуы 6-8 градустан жоғары көтерілмейтін. Лагердің алғашқы 1,5 жылы тұтқындар үшін ең қиын кезең болды. Ауыр тұрмыс және «арнайы контингетке» арналған қатаң режим сотталғандардың өмірін аса азапты етті. Сондай-ақ зона әкімшілігі тұтқындарды шөміштен қысты: бір тілім қара нан, ожау толар-толмас көже, алақанның аясындай ғана шәшкеге салынған – баттасқан ботқа – жылдың төрт мезгілінде де еш өзгермейтін ас мәзірі болды. Сотталғандар өлместің күйін кешіп, аштықтың азабын тартып өтті. 1939 жылы мамыр айында «отанын сатқандардың» әйелдеріне қарсы бағытталған операция аяқталған соң, ондағы тәртіп сәл босаңсытылып, «қатаң режимнен» жалпылагерлік режімге ауыстырылды. Ең бастысы – әйелдерге еркіндіктегі жақын-жуығымен хат алмасуға рұқсат берілді. Сөйтіп, айналадағы әлемнен бейхабар отырған тұтқын әйелдер күйеулерінің, бала-шағаларының тағдыры туралы құлақтана бастады. Қарлагтың 26-нүктесіндегі тұтқын әйелдердің каторгалық еңбегі арқасында лагерь қысқа мерзім ішінде көпсалалы табысты шаруашылыққа айналды және өндірістік көрсеткіштер бойынша Қарлагтың барлық бөлімшелері ішінен бірінші орынға шықты. Лагерде тігін фабрикасының жұмысы жолға қойылды. Тұтқын әйелдер лагерьдің ауыр тіршілігіне қарамастан, майданды мундирмен қамтып қана қоймай, Ленинград, Мәскеу, Новосибирск, Киев және Харьков, т.б үлкен қалалардың тапсырыстарын жоғары деңгейде өте сапалы орындап отырды. Лагерьде, одан бөлек, тұқым алу және селекцияландыру жұмыстары да жүргізілді. Бау-бақша салып, мелиорация жұмыстарымен айналысты. Қарбыз- қауын, алма, алмұрт, қараөрік, шие өсірді, тек бұл дәрумендер тұтқындардың тамақтану мәзірінен де көрінбейтін. Ал, жылыжайларда гүлдер, барақтарды бойлай теректер отырғызылды. Кіші электр стансасы іске қосылды. Сонымен қатар, жылқы, сиыр, қаз-тауық өсірді.«Гигант» кеңшары
«Гигант» кеңшары 1932 жылы «ірі үлгілі социалистік мал шаруашылығы ретінде құрылды». 1930-1931 жылдардан бастап жергілікті тұрғындарды күштеп көшіру басталды. Бұл операцияларға НКВД-нің әскерлері жұмылдырылды. Бұл істердің бәрі кулактарды әшкерелеу, үлкен көлемде ірі қара, жылқы, қой-ешкі малдарын тәркілеу шараларымен жалғасты. Тәркіленген мал-мүлік «КазИТЛАГ-тың» бірінші бөлімшесі – «Гигант» кеңшарына берілді. Кеңшар-лагерлердің табысы орасан зор тегін еңбек армиясының қол күші, 12 сағаттық (кейде 14-15 сағаттық) ауыр жұмыс режимінің арқасында жеткен. Лагерь өте ауқымды және күрделі шаруашылықтардан құралған. Мұнда ауыл шаруашылық құрылымдары ғана емес, сондай-ақ өнімдері лагерден тыс жерлерге тасымалданатын және соғыс жылдарында қорғаныс мақсатына пайдаланылған көптеген өнеркәсіптік және қосалқы шаруашылық кәсіпорындары да жұмыс істеді. 1937 жылы Нілді стансасынан Жезқазғанға дейін теміржол желісі тартылды. Бұл жолды Карлагтың тұтқындары адам төзгісіз ауыр жағдайда жүріп өте аз уақыттың ішінде салып шыққан. 1939 жылы Жезқазған-Жарық теміржолы төселді. 1940 жылы Кеңгір өзенінің жағасынан Жезқазғанда Кеңгір су қоймасы, кейінірек Самарқанд су қоймасы тұрғызылды. Бұл су қоймасы әлі күнге дейін жұмыс істеп, тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз етіп тұр. Карлаг тұтқындары Балқаш қаласы мен Балқаш қаласындағы мыс қорыту зауытын салды. Орталық Қазақстанның көмір, металлургия өнеркәсібін көтеруге Карлагтың қосқан үлесі орасан. 1932 жылы Орталық Қазақстанда бірінші рет «Гигант» кеңшарында ауыл шаруашылық саласының сан салалы мәселелері бойынша кең көлемді тәжірибелік-зерттеу жұмыстары қолға алынды. Карлагта сотталғандардың арасында көрнекті ғалымдар мен ірі мамандар жұмыс істеді. Олар жер суаратын арналардың, картофелдің, бидайдың жергілікті жағдайға бейімделген жаңа тұқымдарының схемаларын жасап шығарды. Осы кісілер суыққа төзімді қара бидайдың сортын шығарып, оны «Долинкалық» деп атады. Сондай-ақ ғалымдар ойлап тапқан тағы бір бидай сорты да Долинканың бас лагерлік пунктінің атауымен «Долинкалық» деп аталды. Карлагта Тимирязев акдемиясы түлектерінінің түгелге жуығы болып кетті. Василий Пустовойт – болашақ академик, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, Анна Ланина – Мәскеудің бүкілодақтық мал шаруашылығы институтының бұрынғы қызметкері, кейіннен КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері. Пельцих – профессор, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, ботаник, селекцияшы, Архангельский – кейіннен ВАСХНИЛ академигі, Вавиловтың шәкірті Корнилов, Зайцева – Ленин сыйлығының болашақ иегері, Фортунатов – Орталық Қазақстанда «Гигант» кеңшарында алғаш болып бау-бақша ашқан ірі селекционер(жеміс-жидектің 85 сорты, тал-көшеттердің 30 сорты). Карлагта бүкіләлемдік танымал биофизик ғалым, гелиобиология және аэроионофикацияның негізін қалаушы Александр Чижевский жазасын өтеген. Ол аэроионофикация жұмыстарының негізгі бөлігін шахтерлерді емдеуге арнады. Адам иондардың теріс полярлығымен тыныстай отырып, қосымша электрлік қуат алғандай болады. Бүкіл ағзаның жұмыс белсенділігі артып, түрлі кеселдерге қарсы тұру қабілеті күшейеді. Бірнеше сеанстан кейін ағза толығымен, әйтпесе біршама жарым-жартылай барлық кеселдерден жазылып кетеді екен. Сынақ № 38 шахтасында жүргізілді. Нарядтық бөлмелердің бірінде 4 люстраға орнатылып қойылды. Сеанстың алдында дәрігер мен фельдшер кеншілердің артериальдық қысымын, жүрек соғысын өлшеп, сараптау жасау үшін қан алады. Зерттеу жұмыстары осы шақта үш ай бойы қатты жүріп жатқан тұмау эпидемиясы кезіне тап келді. Тексеру нәтижесін салыстырғанда аэроион қабылдаған шахтерлер басқаларға қарағанда аз ауыратыны байқалған.Дәулет АСАУ
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Пікірлер (0)