Астана мектебінде буллингтің құрбаны болған бала 4-қабаттан секіріп кетті

Жаңалықтар
view 475
news

Бейнежазбадан

Астанада мектептің төртінші қабатынан оқушы секіріп кетті. Бала қазір ауруханада жатыр, жағдайы ауыр. Жасөспірімнің мұндай қадамға не себеппен барғанын полиция анықтап жатыр. Ал туыстарының өз болжамы бар. Олар баланы басқа оқушылар бопсалаған деп есептейді. бұл туралы КТК арнасына сілтеме жасай отырып, janabastau.kz хабарлайды. 

8 сынып оқушысы Бекболат Сайлау кеше түсте ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Бір қолы мен екі аяғы сынған, беліне зақым келген.

Дәрігерлер ота жасап, бала бүгін ғана есін жиды. 

- Оң аяғы мен оң қолына ота жасадық. Бүгін таңертең жалпы палатаға ауыстырылды, - деп атап өтті №2 көпбейінді балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі Арслан Дүйсенбаев. 

Болған оқиғаның мән-жайын ата-анасы тек бүгін ғана, бала есін жиған соң біліп отыр. Анасы Ләззат Рахмаштың айтуынша, Ердәулет деген бала мен Аружан деген қыз екеуі баласын "боспасалаған» көрінеді.

- Балам «Оны әзірге айтпаймын» деді. Ал Ердәулет, Димаш, Әділет деген сыныбындағы балалар мені дәретханада ұрып, «қоңырау болғанша сені өлтіреміз, полицияға береміз, әзір көресің, сабақтан шыққанда өлтіреміз» деп айтты дейді. Содан ашуланып кеттім де, қоңырау шалынды, ағылшын пәнінің мұғалімі кірді, сабақ бітейін дегенше, терезеге қарап отырдым, сабақ біткеннен кейін «өліп алайыншы, мыналар мені өлтіреді, полицияға беретін болды деп» секіріп кеттім» деді, - дейді баланың анасы.

Туыстары бала буллингтің құрбаны болды деп санайды.

«Осы мектепке ауысқалы қысымнан көз ашпай келеді, бірнеше рет үйге беті көгеріп келді» - дейді жақындары.

Мектеп басшылығы да осы оқиғадан кейін абдырап отыр. Бекболатты тыныш, сабырлы бала деп мінездеме берген директор «одан мұндайды күтпедік» дейді. 

- Ешкім байқамай қалды. Балалар тапсырма орындап отырған, мұғалім кітап қарап отырған. Бәрі тез болған. Мұғалім санаулы секундта басымды көтергенде, баланың терезеде ілініп тұрып, құлағанын көрдім деп отыр, - дейді №72 мектеп-лицей директоры Айман Дүйсенова.

Шошынып қалған оқушылармен және мұғаліммен психологтар жұмыс істеп жатыр. Ал директоры білім ордасында «буллинг болған жоқ» деп азар да безер. Мән-жайды қазір полиция анықтап жатыр. Іс ішкі істер министрлігінің бақылауында. 

Оқиғаны сотқа дейінгі тергеу реестріне тіркедік. Тергеу басталды, соның нәтижесі бойынша қорытынды шығара аламыз. Оқиғаның себебін дәл қазір нақты айта алмаймын, - дейді ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев.

Бір өлімнен аман қалған оқушы енді ұзақ емделуі керек. Ақ халаттылар таяу арада оның екінші аяғына ота жасауды жоспарлап отыр.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *