Астанада алаяқтар банк қызметкерінің көмегімен 270 млн теңге иеленген

Жаңалықтар
view 92
news

Фотосурет: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Астанада қылмыстық схемаға қатысушыларға қатысты үкім шықты. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі мәлім етті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылы күдікті әйел ұлының атынан берілген сенімхат бойынша «БанкЦентрКредиттен» 115 млн теңгеге екі несие рәсімдеген. Ол «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры субсидиялайтын мемлекеттік жеңілдетілген несие беру бағдарламасын пайдаланған.

Қаржыландыру алу үшін ол сыбайластарының көмегімен банкке жалған құжаттар, соның ішінде кепілге қойылатын мүлікке қатысты шындыққа жанаспайтын бағалау есептерін ұсынған. Позитивті несиелік қорытынды алу үшін туыс азаматтар тартылып, олар өз атына нарық құнына сәйкес келмейтін жылжымайтын мүлік нысандарын рәсімдеген. Кейін, 2023 жылдың желтоқсанында күдіктілер ауыр халде жатқан әйелдің атынан тағы бір несие рәсімдеп, 155 млн теңге алған. Несиені нан пісіру жабдықтарын алуға ресімдегендей көрсеткен олар электронды цифрлық қолтаңбаға қол жеткізіп, жалған құжаттар топтамасы: келісімшарттар, шот-фактуралар, орындалған жұмыстар актілерін жасаған, – делінген АФМ хабарламасында.

Бұл құжаттар жабдық жеткізілгенін дәлелдегендей болғанмен, іс жүзінде ол алынбаған. Алынған қаражатты айыпталушылар жеке кәсіпкерлердің есепшоттарына аударып, қолма-қол ақшаға айналдырған. Әйел қайтыс болғаннан кейін де олар қылмысты жасыру үшін құжаттарды кері күнмен рәсімдеуді жалғастырған.

Тергеу деректеріне сәйкес, алаяқтыққа банк қызметкері де қатысқан. Ол несиелік өтінімдерді рәсімдеуге көмектескені және кеңес бергені үшін 500 мың теңге алған. Банктің жалпы залалы 155 млн теңгені қамтыды, – деп мәлімдеді агенттік.

Сот қылмыстық схемаға қатысушыларды кінәлі деп танып, әрқайсысына 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Мемлекет кірісіне қылмыстық жолмен алынған табыстарға сатып алынған мүліктер (демалыс базасы, аумағы 2000 м² жер телімі және елордадағы бір коммерциялық нысан) тәркіленді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *