Астанада неге су тапшы? Қала әкімі тұрғындарға үндеу жасады

Редакция таңдауы
view 95
news

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram желісінде қаладағы су тапшылығы мәселесіне қатысты үндеу жасады, деп хабарлайды janabastau.kz. «Қайырлы күн, құрметті Астана қаласының тұрғындары! Соңғы уақытта Астана қаласында су тапшылығы мәселесі көтеріліп жатыр. Рас, қаламызда мұндай проблема бар. Қазіргі уақытта тәулігіне 25 мың кубометр су жетіспейді. Қаламыз күн санап өсіп жатыр. Жылына кем дегенде 60-70 мың жаңа тұрғын қосылады, ал соңғы 3 жылдың ішінде қаламызда тұратын азаматтардың саны 200 мың адамға артты», деді қала әкімі. Жеңіс Қасымбектің айтуынша, соңғы айда шаһарда суару жұмыстары басталып кеткен. Оған қоса, өткен аптада болған +30 градустан асатын аптап ыстық осы аптада да жалғасады деп болжанып отыр. Осыған байланысты суару жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. «Осыдан 2 жыл бұрын әкімдік екі жаңа нысанның құрылысын бастады. Бірінші нысан – қазір өздеріңіз көріп отырғандай, мынау сорғы станциясы. Бұл нысанның құрылысы маусым айының соңына дейін толығымен бітеді. Нәтижесінде қалаға қажетті күніне 25 мың кубометр су беріледі. Екінші нысан – су құбыры, яғни Астана су қоймасынан қалаға келетін су құбыры. Бұл нысандағы жұмыстар да аяқталып қалды. Келесі аптада толығымен құрылыс жұмысы бітеді және қалаға қажетті су қысымы қайта беріледі», деп сендірді Жеңіс Қасымбек. Бұл ретте Астана әкімі қаладағы су тапшылығы мәселесі бір айдың ішінде толығымен шешілетінін атап өтті. Сондай-ақ тамыз айында жоғарыда атап өтілген станцияның екінші кезеңінің құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. «Құрылыс жұмыстарының екінші кезеңі аяқталған соң қалаға күніне қосымша 85 мың кубометр су берілу мүмкіндігі пайда болады. Бұл алдағы 3-4 жылға жеткілікті», деп қосты елорда әкімі.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *