Астанада подполковник әйелі бұрын-соңды болмаған алаяқтық жасады

Жаңалықтар
view 90
news

Фото: Threads.com/@mmr.kz

Астанада бұрын-соңды болмаған алаяқтық оқиға қоғамды дүр сілкіндірді.

 Гүлмира Ашимова есімді әйел әріптестерін алдап, “ұлым терезеден құлап, ауыр халде жатыр” деген желеумен 2,5 миллион теңгеден астам қаржыны иемденген, деп хабарлайды janabastau.kz ақпарат агенттігі. 

Желі қолданушысы Мадинаның айтуынша, 25 тамыз күні Ашимова әріптестеріне “балам төртінші қабаттан құлап, комаға түсті” деп хабарлаған. Кейін ол “баласының сүйектері сынғанын, көкбауыры алынғанын, бірнеше ота жасалғанын” айтып, көз жасын көлдетіп ақша сұраған.

“Біз бәріміз сендік. Қазақстан, Қырғызстан, Ресейдегі әріптестері қаржы жинады. Бірде ол баласына 8 сағатқа созылған ота жасалды десе, бірде зондпен тамақтандырып жатыр деді. 5 қыркүйекке қараған түні тіпті ‘ұлым қайтыс болды’ деп хабарлап, жерлеуге ақша жинай бастады. Бұл – нағыз арсыздық”, – дейді жәбірленушілер.

Алайда көп ұзамай шындық әшкере болды. Гүлмираның күйеуі әріптестеріне “ұлым тірі, сабаққа барып жүр” деп айтқан. Әйелдің өзі сол уақытта сұлулық салонында жұмыс істегені анықталды. Әріптестері шындықты білгенде, ол “ешкімге айтпаңдар, бәрін түсіндіремін” деп жалбарынған.

Жиналған қаражат оның күйеуінің жеке кәсіпкерлік шотына аударылып отырған. Қазір полиция Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 2-бөлігі (“Алаяқтық”) бойынша іс қозғады. Жәбірленушілердің саны – жүзге жуық, келтірілген шығын 2,5 млн теңгеден асады.

Айта кетерлігі, Гүлмира Ашимова – Ұлттық ұландағы подполковниктің жұбайы. Жәбірленушілер оған заң аясында әділ жаза қолданылуын талап етуде.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *