Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханаға Эстония Президенті келді

Жаңалықтар
view 91
news

Фото: автор

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында әдебиет пен өнерге қатысты рухани оқиғалар жиі орын алып жатады. Мұнда шет мемлекет басшысы арнайы келуі ерекше жағымды құбылыс болды. 

Елімізге мемлекеттік іс-сапармен келген Эстония Республикасының Президенті, Жоғары мәртебелі Алар Карис мырза жұбайы Сирье Карис ханыммен бірге 17 қараша күні Эстония әдебиеті бұрышы және комикстер көрмесінің ашылу рәсіміне қатысты.

Екі ел арасындағы рухани ынтымақтастықты байыта түсетін салтанатты шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қазақстан Республикасының Эстония Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алтай Көлгінов, дипломатиялық корпус өкілдері, ақын-жазушылар, ғалымдар, меймандар, оқытушылар мен студенттер, оқушылар қатысты.

Кітап – киелі ұғым. Кітапханада Эстонияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен эстон тіліндегі алғашқы кітаптың жарық көргеніне 500 жыл толуына байланысты «Эстония әдебиеті бұрышы» ашылды.

Президент Алар Карис мырза ірі биолог ғалым, биік лауазымға сайланғанға дейін Тарту университетінің ректоры, Эстония Ұлттық музейінің директоры қызметін атқарған. Эстония елінің басшысын ресми деңгейде әр минут санаулы болуына қарамастан біздің кітапханаға магнитше тартқан оқымысты жаратылысы екені күмәнсіз.

Алар Карис мырза құттықтау сөзінде эстон жазба тілінің 500 жылдығын атап өтудің мән-маңызына тоқтала келе Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасымен бірлесіп, шағын болса да эстон әдебиеті көрмесінің ашылуына ризашылығын білдірді: «Тіл дегеніміз не? Кітап – халық даналығы және тарихымызды сақтау дәстүрі. Кітап тек біздің өмірімізбен ғана байланысты емес, бізден кейін де дүниеге келетін көптеген ұрпақтан кейін де ұзақ сақталып қалатын болады. Тіл тек қарым-қатынас құралы емес, ол рухани күйіміз, жан дүниеміз, өмірді сезіну мен түсінудің бірегей жолы деп білсек болады. Шет тілін меңгеруде ашық бола тұра өз ана тілімізді, өз ой-өрісімізді кітап арқылы терең түсінуге болады. Баршаңызды осы орайда кітап әлеміне шақырамын. Бүгін біз қазақ тіліне аударылған екі эстон кітабын алып келдік».

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы құрметті қонақтарға құрмет білдіріп: «Біз Қазақстан мен Эстония арасындағы терең символдық мәні бар маңызды оқиғаның куәсі болып отырмыз. Руханияттың күші арқылы елдер мен халықтарды жақындастыратын ұзақ мерзімді әрі маңызды бастаманың бірі. Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында Эстония әдебиеті мен эстон қаламгерлері туралы 100-ден астам құнды басылым сақталған. Олардың қатарында эстон әдебиетінің көрнекті өкілдері Юхан Смуул, Пауль Куусберг, Яан Кросс, т.б. эстон жазушыларының шығармалары бар.

Қазақ әдебиетінен Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Мұқағали Мақатаев, Олжас Сүлейменов шығармалары эстон тіліне аударылған», – деп халықтар арасындағы өзара байланыс пен әдеби диалогты ерекше атап өтті.

Мәртебелі Президент мырзаға көрмені ҚР ҰАК-ның директоры Күміс Сейітова таныстырды. Көрмеге жалпы саны 320-ға жуық басылым қойылған. Соның ішінде 200-ден астамы тікелей Эстониядан әкелінсе, қалғаны ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қорындағы эстон әдебиеті мен жазушылары жайлы эстон, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген жинақтар. Сонымен қатар оқырманға эстон әдебиетінің тарихына саяхат жасайтын комикстер көрмесі ұсынылды. Экспозицияда эстон мәдениеті мен тарихының дамуына ықпал еткен маңызды шығармалар көрсетілген.

Европа елдерін көркейтуге, дін үстем қоғамда ғылым-білімнің күшеюіне жол ашқан Реформацияның бастаушысы, протестантизм негізін қалаған, оның бір тарауы Лютеран шіркеуінің көшбасшысы Мартин Лютер (1483-1546) болатын. Латынь тіліндегі Библия-Тауратты неміс тіліне аударған, неміс әдеби тілінің негізін салған Мартин Лютердің ізгі қадамы Батыс халықтарының дамып-өркендеуіне оң ықпалын тигізді.

2017 жылы жазда Алматы-Гете Институтының әдеби жобасымен дәм тартып Германияға бір айлық сапарға барғанымда Виттенберг қаласында атап өткен Реформацияның 500 жылдық мерекесіне тап болып, лютеран шіркеуінде болдым.

Эстон халқының ана тілінде бес ғасыр бұрын басылып шыққан кітаптың мәртебесі қазіргі дәуірде айрықша құнды болуы заңды. Сондықтан бұл елде 2025 жыл «Эстония кітабы жылы» деп жарияланған. Жазба тілдің қасиеті кез келген халықтың жан дүниесін, арман-мұратын, поэтикалық құдіретін таңбалаған ауыз әдебиеті үлгілерін кейінгі ұрпақтарға жеткізуде айқын көрінеді. Балтық теңізі жағалауын мекендейтін эстон халқының ұлттық эпосы «Калевипоэг» («Калевтың ұлы»). Шомбал қойтастар алып Калевипоэг лақтырғанда пайда болған, ол орманды отаған жер жазыққа айналды, оның жер жыртуынан қыраттар түзілді, Калевипоэг қазған құдықтар көлдерге айналды. Мифологиялық дүниетаным әлем халықтарында бір-біріне ұқсайды. Жер мен космос, әлемнің жаратылуы, географиялық нысандар туралы поэтикалық сананың астары тұңғиық құбылыстарды көркем ишаралайды.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *