Есіл ауданында су тасқыны кезеңіне дайындық күшейтілді

Жаңалықтар
view 29
news

Фотосурет: дереккөз

Көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық Есіл ауданында жүйелі әрі жоспарлы түрде жүргізілуде. Бұл жұмыстар өткен жылғы 15 мамырда облыс әкімі бекіткен Кешенді жоспарға сәйкес атқарылып жатыр, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Жоспарға Есіл қаласы және Двуречное, Курское, Московское ауылдары енгізілген. Есіл қаласында бірқатар нақты шаралар жүзеге асырылды. Қаланың бірнеше учаскесінде су өткізу құрылыстары орнатылып, қауіпті аймақтарда жер қорғаныс біліктері салынды. Макаренко көшесіндегі көпқабатты үйлер маңында және «Солтүстік» шағын ауданында қорғаныс дамбалары тұрғызылды.

Сонымен қатар Ғарышкерлер және Әуезов көшелеріндегі су бұру арналары тереңдетіліп, тазартылды. Бұл жұмыстар көктемгі қар суының кедергісіз ағуына мүмкіндік береді.

Московское ауылында Жаныспай өзеніндегі су өткізу арнасы кеңейтіліп, тереңдетілді. Ал Курское ауылында ұзындығы 800 метр болатын қорғаныс дамбасы салынды. Двуречное ауылында да осындай жер біліктері нығайтылды. Осылайша, жоспарланған барлық іс-шаралар толық көлемде орындалды.

Аудан аумағында төрт гидротехникалық құрылыс орналасқан. Олардың барлығы тұрақты бақылауда. Сонымен қатар ауданда 224 су өткізу құрылысы бар. Наурыз айының басынан бастап оларды тазалау жұмыстары басталады. 17 наурыздан бастап аудан әкімдігі жанынан су тасқынына қарсы штаб жұмыс істеп, өзендердегі су деңгейін тәулік бойы бақылау ұйымдастырылады.

Қауіпсіздік шаралары аясында эвакуациялық пункттер дайындалып, қажетті техника мен құрал-жабдықтар сатып алынды. Жанар-жағармай қоры жасақталып, төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюға қаржы бөлінді.

Елді мекендерден қар шығару жұмыстары да тұрақты жүргізілуде. Есіл ауданы әкімінің орынбасары Ержан Жолымбетовтың айтуынша, биыл дайындық жұмыстары ерекше бақылауға алынған.

«Біздің басты мақсатымыз – көктемгі су тасқыны кезеңін қауіпсіз өткізу. Қауіпті аймақтар анықталып, қажетті қорғаныс шаралары алдын ала атқарылды. Барлық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істейді. Тұрғындардың қауіпсіздігі – біздің басты міндетіміз», – деді ол.

Бүгінде ауданның барлық жауапты қызметтері толық дайындық жағдайында. Негізгі мақсат – тұрғындардың өмірі мен мүлкін сақтап, көктемгі кезеңді тұрақты өткізу.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *