«Астықты Еуропа елдері сатып алып жатыр»: Президент – Ақмола облысында
Фотосурет: akorda.kz
Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиналған өнімнің сапасы жоғары
Президент алдымен өңірдегі егін жинау науқанымен танысты. Осы орайда оған биыл бұл егіс алқабының көлемі 300 мың гектар ұлғайып, 5,5 миллион гектарға жеткені баяндалды. Болжам бойынша, облыстағы агроқұрылымдар 7 млн тоннадан аса дәнді, 650 мың тоннадан аса майлы дақыл жинамақ.
Бүгінге дейін 3,6 миллион тонна астық бастырылған. Орта есеппен 1 гектар алқаптан 15,4 центнер өнім алынған. Жиналған өнімнің сапасы жоғары.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазір өңірде мол өнім беретін майлы дақылдар алқабын ұлғайту жұмыстары жалғасып жатыр. 2023 жылмен салыстырғанда, мұндай егістік алаңының көлемі 2,5 есе артып, 495 мың гектарға жеткен.
Осындай көпбейінді шаруашылықтардың бірі – «Зеренді сақтау өнімдері» ЖШС. Кәсіпорын директоры Ербол Жауаровтың айтуынша, шаруашылық дәнді және бұршақты дақылдарды өсірумен, сиыр, жылқы тұқымдарын асылдандырумен айналысады. Бұдан бөлек, серіктестіктің қуаттылығы 2,5 мың тонна болатын май зауыты, құс фабрикасы мен диірмені бар.
12 млн тонна бидай экспорты – зор көрсеткіш
Сондай-ақ президент Ақмола облысындағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жетекшілерімен саланың жай-күйі, шаруалардың жетістіктері, сондай-ақ қордаланған мәселелері жөнінде әңгімелесті.

Биыл ауа райы қолайлы. Үкімет қолдау көрсетіп отыр. Жанар-жағармаймен қамтамасыз етіп, алдын ала жеңілдетілген несие беруде. Астық түсімі жақсы болады деп ойлаймыз. Баршаңызға табыс тілеймін. Жолдауда атап өткенімдей, басты міндет – ауыл шаруашылығында терең өңдеу өндірісін дамыту. Былтыр ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі 8 триллион 250 миллиард теңгені қамтыды. Бұл көп те, аз да емес. Басқа елдермен салыстырғанда, бұл өңірдегі ауыл шаруашылығы жақсы нәтижеге қол жеткізді. Бірақ ішкі жалпы өнім көлеміне шаққанда, бұл – 6 пайыз ғана. Яғни экономикадағы ауыл шаруашылығының үлесін арттыру қажет. Ауыл шаруашылығы – біз үшін табысты сала. 12 миллион тонна бидай экспорттау әлеуеті – өте жоғары көрсеткіш. Қазірдің өзінде астықты Еуропа елдері сатып алып жатыр. Жолдауда айтқанымдай, астықтың алғашқы легі – шамамен 15 мың тонна бидай Вьетнамға жолданды, - деді мемлекет басшысы.
Президент диқандарға алғыс білдірді
Мемлекет басшысы Зеренді ауданына да барып, аймақ шаруаларымен егін жинау науқанына арналған кеңес өткізді. Ол шараға Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысының диқандары бейнебайланыс режимінде қатысты.

Егіс алқабындағы жұмыстарды уақтылы аяқтап, астықты дер кезінде жинап алу қажет. Еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігі, ішкі нарықтың тұрақтылығы осы жұмысқа тікелей байланысты. Астық жинау науқанын ойдағыдай іске асырсақ, экспорттық әлеуетіміз де мықты болмақ, яғни шетелге мол өнім шығара аламыз. Былтыр елімізде ауыл шаруашылығы саласы үшін табысты жыл болды. Шаруалар табанды еңбек етіп, астық жинаудан рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Осының бәрі агротехнологияны дұрыс қолданудың нәтижесі деуге болады. Соның арқасында ауыл шаруашылығы бойынша өнім көлемінің өсімі басқа салаларға қарағанда анағұрлым артық болды. Биылғы 8 айда атқарылған жұмыстардың нәтижесі жаман емес. Өндірістің технологиялық әлеуетін арттыру үшін қолға алынған шаралар тиімділігін көрсетіп жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетсек, мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беру үшін 1 триллион теңге бөлінген. Президент соны нәтижелі игеріп, еселі еңбек еткен еліміздің диқандарына ризашылығын білдірді.

Жыл сайын егін жинау науқанында сіздердің кәсіби біліктеріңіз, табандылықтарыңыз және патриоттық қасиеттеріңіз сыналады. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері бұл сыннан сүрінбей өтеді. Сіздер жай-күй таңдамай, табиғат тосын мінез танытса да жұмыс істеп, жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүрсіздер. Маңдай терлеріңіз арқылы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, экономиканы дамытуға және ауылдағы тұрмысты жақсартуға орасан зор үлес қосып келесіздер. Мемлекет диқандарды қолдау үшін бұрын-соңды болмаған шараларды қолға алып жатыр. Атап айтқанда, биыл менің тапсырмаммен ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беру үшін 1 триллион теңге бөлінді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қазірдің өзінде мемлекеттің жүйелі қолдау шаралары нәтиже бере бастады. Агротехнологияны қолдану жоғары деңгейге жетіп, өнімділік артты. Бұған дейін ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 2 есе ұлғайтуды тапсырған едім. Бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның қарқынын төмендетуге болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Түйін
Осы сапарында президент Ақмола облысында шығарылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін аралап көрді. Онда жартылай фабрикаттар, консервілер, ет, сүт және нан өнімдері қойылған болатын.
Ең маңыздысы, диқандармен кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қараша айында Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумы өтетінін мәлімдеді. Астанада ұйымдастырылатын ол форум биыл қараша айына жоспарланған.

Онда агроөнеркәсіп кешенін дамыту және мемлекеттік қолдау мәселелері қарастырылады, – деді президент.
Пікірлер (0)