Назарбаевтар әулеті ел ішінен бой көрсете бастады: биліктің реакциясы қалай?

Жаңалықтар
view 204
news

Фотосурет: REUTERS

30 қыркүйекте Алматының Орталық стадионында өтетін «Қайрат» пен «Реалдың» ойынын «ескі Қазақстан» өкілдері де асыға күтіп отыр, деп жазды Democrat.kz Ertenmedia-ға сілтеме жасап.

Жергілікті клуб пен испандық алпауыт арасындағы ойынды тамашалауға Назарбаев әулеті тегіс жиналуы мүмкін.

Әулеттің басын қосуға дәнекер болып отырған адам клуб қожайыны Қайрат Боранбаев. Соңғы уақытта абырой-беделіне әжептәуір дақ түскен бизнесменнің «отбасыдан» қол үзе қоймағаны байқалады.

Түнеукүні ғана Дариға Назарбаеваның туған құдасына тиесілі Алматыдағы «Целинный» орталығында емін-еркін, оққағарсыз, шампан атып, бокал қағысып жүргені осы сөзді растай түседі.

Соңғы мәлімет бойынша, экс-елбасының үлкен қызы Алматыға тамыздың соңына таман келген. Әлия Назарбаева да осында жүр дейді. Алдағы күндері оларға Нұралы Әлиев те қосылмақ деген қауесет бар.

Футбол әулет үшін тосын тақырып емес. Көзі тірі кезінде марқұм Айсұлтан Назарбаев Қазақстанның футбол федерациясын басқаруға талпынған еді. Экс-президенттің күйеубаласы Рахат Әлиев табаны күректей 7 жыл бойы осы ұйымға жетекшілік еткен.

Назарбаев отбасының ел алдында төбе көрсетуі Тоқаевтың соңғы Жолдауындағы мына бір тезиспен тұспа-тұс келіп тұр: Мемлекет басшысы Активтерді қайтару комитетін Инвесторды қорғау комитеті деп өзгертуді ұсынған еді. Сырт көзге президент пікірі «ескі Қазақстанмен арадағы ашық текетірес дәуірі аяқталды» деген саяси ишара секілді сезілген болатын.

Боранбаевтың да екі тараптың көңілінен шығуға тырысып, баланс іздеп жүргені байқалады.

Әлбетте «ескі гвардия реваншқа дайындалып жатыр» дейтін Ермұрат Бапидің риторикасы бөлек. Десе де әулеттің үңгірден шыққысы келетін ниеті бар. Әр тұстан көріну арқылы халықтың тамырын басып, қоғам мен биліктің реакциясын тексеру әрекеті алдағы уақытта жиілей береді. Бұған атақты «Реалмен» өтетін матчтың таңдалуы тегін емес...

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *