«Ата дәстүр – ұлттық құндылық» орталығы ашылды

Қосшы жаңалықтары
view 114
news

Қосшыдағы «Дара – бизнес-академиясы» мектеп-лицейінде AT-TRAVEL.KZ салт аттылар клубының ұйымдастыруымен «Ата дәстүр – ұлттық құндылық» орталығының ашылу салтанаты өтті. Игі іс-шара Балалар жылы және Қазақстан халқы тілдері күнін мерекелеу, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Айтулы іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Сәуле Бурбаева, «Дара» мектеп-лицейі директоры Ақмарал Бекбаева «Ұлы тағзым» қоғамдық қоры директорының міндетін атқарушы, өлкетанушы Бахтияр Қожахметов, «Ұлы тағзым» ҚҚ директорының міндетін атқарушы Нұрлан Омаров, Баянауыл ауданы Шадыра жалпы білім беретін мектебі директоры Төлеген Ахаев, Баянауыл ауданының атбегісі Дәуіт Аулабаев, құсбегі Бақытжан Жүнісов, Қазақстан бойынша дәстүрлі садақ ату федерациясының вице-президенті Диас Ахметов және тағы басқа да қонақтар қатысты. Бұл орталықтың мақсаты – өскелең ұрпақ үшін қазақтың салт-дәстүрлері арқылы ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру, отаншылдыққа, еңбекқорлыққа баулу, салауатты өмір салтын қалыптастыру, ат туризмін дамыту болып отыр. Іс-шара барысында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Бахтияр Сапарбекұлы қатысушыларға өңірлерде аталып өткен қымыз мерекесіне орай тренинг өткізді. «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Сәуле Бөкейханқызы ашылып жатқан орталықтың мән-маңыздылығына тоқталып, құттықтау сөз сөйледі. «Біздің балаларымыз өздерінің түп-тамырын ұмытпаса екен дейміз. Барлық ғұрып, салт-дәстүрімізді білсін. Елінің озық өнерін, өнегесін үйреніп, бойына сіңірсін. Міне, осы мақсатта орталық ашылып жатыр. Өз елінің тарихы, мәдениетін, ұлттық құндылықтарын жаңғырта білетін, қазақтың жанын ұға алатын, бәсекеге төтеп бере алатын жанашыр ұрпақ тәрбиелеу – біздің парызымыз. Баршаңызға сәттілік тілеймін»  – деді іс-шара ұйымдастырушыларының бірі Дидар Оралбекұлы. Сондай-ақ «Дара» мектеп лицейінде биылғы оқу жылында  ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, жас ұрпақ бойына біліммен ұштастыра дарыту мақсатында ұлттық құндылықтарға арналған таңдау пәні кіргізілген болатын. Бұл пәнде атқа міну, садақ ату, қамшы өру, қымыз ашыту  және тағы да басқа  ұлттық жөн-жоралғылар жайында теориялық білім практикалық біліммен ұштастыра беріледі. Орталық үйірмесінде 5-9 сыныптар салт-дәстүр, мәдениет, жылқы туралы, садақ ату өнері,  атқа міну мәдениеті бойынша тәлім алады. Осыған орай Ұлттық құндылықтар кабинеті ашылып отыр. Енді балалар атадан балаға мирас боп келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды құлақпен естіп қана қоймай, көзбен көріп, қолмен ұстап түйсіне алады. Орталықтың ашылуына келген Қазақстан бойынша дәстүрлі садақ ату федерациясының вице-президенті Диас Ахметов және садақшы Бақберген Сәлімов оқушыларға садақ атудан шеберлік сағатын көрсетті. Мерекелік шара «Дара» мектеп-лицейі бірлестік ұстаздарының ұйымдастыруымен  Гуманитарлық пәндер апталығының салтанатты ашылуымен жалғасты.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *