Ерте жастан бала дарындылығын айқындау
Қосшы жаңалықтары
316
«Әр сәби – өзінше тамаша және қайталанбайды, психологтар әрқайсысының дарындылығына сенеді» деген екен Т. Галковская.
Дарынды балаға қандай анықтама беруге болады? «Дарынды бала» − белгілі бір әрекет түрлерінде табыстарымен жарқырап көрінетін, өресі биік бала. Осындай балалар алғаш рет балабақша қабырғасында көрінеді және танылады. Бала бойындағы дарындылықтың белгілерін бірінші байқайтын тәрбиеші болып табылады. Тәжірибелі тәрбиеші тобындағы ерекше баланы бірден байқап, оның қабілетін ашуға ғылыми тұрғыда әрекет еткені жөн.
Баланың дарындылығы өте ерте байқалады. Оның дамуының өте қарқынды кезеңі – 2 жастан бастап 5 жасқа дейін. Осы жаста тұлғалық негізі
қалыптасады және ол өзін көрсете бастайды. Дарындылықтың қарапайым белгілері: баланың тілі дамыған, өз ойын қатарластарынан қарағанда жүйелі жеткізе алады, есте сақтау қабілеті жоғары, тақпақтарды тез жаттайды, сұрақты көп қояды, оған жауап күтеді, суретті жақсы салады, салған суреттерінде белгілі бір сюжет болады. Сонымен қатар салған суретін түсіндіріп бере алады, математикалық ұғымы ерте қалыптасқан, сандарды жеңіл есіне сақтайды, кез келген затты санауға құштар болып тұрады, ойыншықтармен ойнау кезінде ойыншықты аударып төңкеріп, оның детальдарын анықтауға бейім болады, құрастырып ойнайтын ойыншықтарды жақсы көреді. Зейіні тұрақты, бір әрекетке өзін бағыттай алады. Яғни, бір орнында отырып іс-әрекет жасай алады. Негізгі осындай белгілерді баланың бойынан байқаған тәрбиеші баланың қабілетін одан әрі ашуға жекелей жұмыс жүйесін құрғаны дұрыс. Егер бала өзінің қатарының арасында шығармашылық жаттығуларда ерекше табысты болса, оны дарынды бала деп атауға болады. Дер кезінде анықталған дарынды баламен ғылыми тұрғыда сауатты жұмыс жасалса, ол баланың болашағы зор болары анық.
Баланың бойындағы ерекше қабілетті ата-анасына жеткізіп, баланың қабілетін ашуға бірлесе әрекет еткен дұрыс. Қазіргі кезде ата-аналар бала қабілетін анықтамай жатып, баламды дарынды етіп дамытамын деп түрлі жүктеме береді. Әртүрлі үйірмелерге апарып, баланың оқуға деген қызығушылығын жоғалтады. Ерте жастан басқа тілдерді оқытуға ден қойып, баланың енді шығып келе жатқан тілін тежеп тастайды. Соның салдарынан бала басқа тілде ойлап, сөйлеген кезде өз тіліне аудару арқылы тілдеседі. Осының салдарынан миына ауырлық түседі. Ана тілінде сөздік қор дамымай қалып жатады. Бүгінде тілі шықпаған, сөйлемейтін бала көбейді. Себебі неде? Себебі, баланы қоршаған ортада сөздік қор жоқ. Бала сөздік қорды сөздерді жүйелі түрде есту кезінде жинақтайды. Үйде баламен ешкім сөйлеспесе, ертегі айтылмаса, кітап оқылмаса, бала мультфильмді ғана тыңдап өссе, қанша логопед жұмыс жасаса да оның тілі шықпайды, сөйлемейді. Әр баланың бойында қабілет бар, ал оны ашу – отбасында ата-ананың, балабақшада педагогтың міндеті.
Әлия ЖӘНІБЕКОВА
Қосшы қаласы «Еркемай»
балабақшасының әдіскері
Оқи отырыңыз
Қосшы жаңалықтары
Қасым-Жомарт Тоқаев Қосшы қаласының даму жоспарымен танысты
Қосшы жаңалықтары
Қала руханияты қалай дамып жатыр?
Қосшы жаңалықтары
Серіктестік сапалы жол салып, сенімді ақтап жүр
Пікірлер (0)