Қосшыда Рәміздерді ұлықтаған семинар өтті

Қосшы жаңалықтары
view 30
news

Фото: Қосшы қаласы әкімдігі

Геральдикалық зерттеулер орталығының ұйымдастыруымен Қосшы қаласында «Менің Қазақстаным» акциясы аясында танымдық семинар өтті. Оған жергілікті мемлекеттік мекемелердің басшылары мен мамандары, қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, сондай-ақ мектеп директорлары қатысты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Іс-шараның басты мақсат-міндеті – мемлекеттік рәміздерді ұлықтау, оларға құрметпен қарау және насихаттау, сондай-ақ патриоттық рухты қалыптастыру.

Танымдық семинар барысында спикерлер мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібіне кеңінен тоқталып, олардың символдық мән-мағынасы және тарихы туралы сөз қозғады.                 

Ең әуелі Қосшы қаласы Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Айнагүл Көңбай сөз алып, іс-шараның мән-маңызына тоқталды. Содан соң Геральдикалық зерттеулер орталығы директорының м.а. Шерхан Талап аталған орталықтың негізгі қызметі туралы баяндама оқып, мемлекеттік рәміздерді жан-жақты тану – ұлттық бірегейлік пен патриоттық тәрбиенің берік негізі екенін айтып өтті.

Шерхан Талап қазіргі уақытта түсі, пропорциясы мен тіпті реңктеріне дейін нақты көрсетілген техникалық стандарттардың толық жинағы бар екенін атап өтті.

Оның айтуынша, мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау – жай ғана формальдылық емес.

Әрбір азамат мемлекеттік туды, елтаңбаны және әнұранды қалай пайдалану керегін білуі тиіс. Бұл – ұлттың өзін-өзі құрметтеудің мәселесі, – деді Шерхан Талап.

Туды, Елтаңбаны және Әнұранды қай жерде қолдануға болады? Мемлекеттік рәміздер тек нақты белгіленген жерлерде орналастырылады және пайдаланылады.

Ту мен Елтаңба мемлекеттік мекемелердің, соттардың, оқу орындарының ғимараттарында, сондай-ақ басшылардың кабинеттерінде және мәжіліс залдарында міндетті түрде орнатылады. Оларды салтанатты рәсімдер өтетін АХАЖ бөлімдерінде немесе мемлекеттік наградаларды тапсыру өтетін орындарда да көруге болады.

Әнұран салтанатты жиындарда, мемлекеттік мерекелерде, туды көтеру рәсімдерінде, ескерткіштердің ашылуында және спорттық шараларда орындалады. Сондай-ақ ол оқу жылының басында мектептер мен университеттерде шырқалады.

Бұл жағдайлардың барлығы Үкімет қаулысымен бекітілген, ал кез келген ауытқу – ереже бұзушылық болып саналады, – деп қосты Шерхан Талап.

Ведомстволық және өзге де наградаларды сараптау бөлімінің басшысы Әділхайыр Мырзаханов Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Әнұранының тарихы, символикалық мағынасы және қолданылу тәртібі туралы кең көлемде ақпарат берді.

Мысалы, ғимарат бес қабатқа дейін болса, 1-ге 2 метр көлеміндегі ту қолданылады. Биік ғимараттарда тудың өлшемі ұлғаяды. Сонымен қатар ту қараңғы уақытта міндетті түрде жарықтандырылуы тиіс, – деді ол.

Геральдикалық зерттеулер бөлімінің басшысы Асылжан Бижанов қазақ геральдикасының тамыры тереңде екенін, мұндай семинарлардың азаматтық қоғамды дамытудың нақты тетіктерін айқындауға және тиімді шешімдер қабылдауға жол ашатынын жеткізді. Сонымен қатар спикерлер семинар қатысушыларының сұрақтарына толыққанды жауап қатты.

Бұл семинар – ұлттық бірегейлікті қалыптастыру, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру бағытындағы маңызды бастама.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *