Атырауда жоғалған отбасы: Күдіктіге қатысты тың деректер шықты

Жаңалықтар
view 296
news

Фотосурет: әлеуметтік желіден

Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында тіркелген ауыр қылмысқа қатысты тергеу әлі де жалғасып жатыр. Ерлі-зайыптының өлімі мен отбасының тағы екі мүшесінің жоғалып кетуі қоғамда үлкен дүрбелең туғызды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Мәйіттер табылған соң, тергеу органдарының басты назары марқұмдардың күйеу баласына ауды. Дегенмен құзырлы мекемелер бұл іс бойынша әзірге ресми әрі толық ақпарат таратқан жоқ. Резонанс тудырған оқиғаға қатысты жаңа мәліметтерді «Ақ Жайық» басылымы жариялады.

Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті ерлі-зайыптыларды өлтіріп, қылмыстың ізін жасыруға әрекеттенген болуы мүмкін. Марқұмдардың денелері үй ауласындағы шаруашылық мақсаттағы құрылыстан табылған.

Дереккөздердің хабарлауынша, аталған ғимараттың ішінде шамамен 1,5 метр тереңдікте шұңқыр қазылып, мәйіттер сол жерге жасырылған. Кейін үсті топырақпен жабылып, линолеум төселіп, оның үстіне диван қойылған. Бөлме сыртынан кілтпен бекітілген. Құқық қорғау органдарындағы бейресми мәліметтерге сүйенсек, күдікті қазір Индонезия аумағында болуы мүмкін.

Тергеу барысындағы деректер оқиғаның жалпы картинасын біртіндеп ашып жатқандықтан, оның елден біржола кетуге тырысқан болуы ықтимал деген болжам айтылды.

Айта кетсек, бұған дейін әлеуметтік желілерде Мирамгүлдің мәйіті Геолог шағын ауданындағы септиктен табылды деген ақпарат тараған еді. Алайда бұл мәлімет расталмады.

Полиция аталған аумақта тінту жүргізіп, іске қатысы болуы мүмкін бірқатар заттарды тәркіледі.

Сонымен қатар, Наурыздың ұялы телефоны Өзбекстан аумағында сигнал бергені ресми түрде расталды.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, оның қозғалыс бағыты кейін Малайзия арқылы Индонезияға жалғасуы мүмкін.

Қазір жедел-іздестіру және тергеу шаралары тоқтаған жоқ.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *