Атышулы «Әнуарбек-мотиватор» қамауға алынды
Фотосурет: ашық дереккөзден
Аралас жекпе-жек шебері әрі TikTok желісінде «Әнуарбек-мотиватор» лақап атымен танылған Әнуарбек Бекембетов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл ақпаратты Ішкі істер министрлігі растады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
ІІМ мәліметінше, әлеуметтік желілерді мониторингтеу кезінде полиция қызметкерлері оның қатысуымен түсірілген бейнероликті анықтаған. Кадрда спортшы агрессия танытып, бейәдеп сөздер айтып, өз әрекеттерін «күш пен батылдықтың белгісі» ретінде көрсетуге тырысқан.
Тексеру барысында спортшы тез арада табылып, полиция бөлімшесіне жеткізілген. Тергеу кезінде ол видеоның қойылым екенін айтып, мақсаты әлеуметтік желіде танымал болу, көп қаралым мен лайк жинау болғанын түсіндірген. Дегенмен сот шешімімен Әнуарбек Бекембетов ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
ІІМ бұл оқиғаға байланысты арнайы түсінік беріп, спортшылардың қоғам алдындағы жауапкершілігіне назар аударды.
Мұндай әрекеттер спортшыларға жараспайды. Олар тәртіп пен мәдениеттің үлгісі болып, жастарға дұрыс бағыт көрсетуі керек. Ал агрессия мен балағатқа толы бейнероликтер жасөспірімдердің санасына кері әсер етіп, қоғамдық тәртіпке нұқсан келтіреді. Сол себепті ІІМ интернеттегі дөрекілік пен зорлықты насихаттайтын контентке қарсы күресті жалғастырады. Мұндай барлық факті заң аясында анықталып, тиісті шаралар қолданылады, – делінген ресми хабарламада.
Пікірлер (0)