Ауыл медицинасын ауыр жағдайда қалдырмау жолдары бар
Фотосурет: aikyn.kz
Жалпы, ауыл, аудандар – әлем халқының маңызды бөлігі. Алайда денсаулық сақтау жүйесінің қолжетімділігі мен сапасы жағынан бәрібір қалалардан қалыс қалатыны жасырын емес. Бұл теңсіздік – әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық факторлардың, сондай-ақ ауылдық денсаулық сақтау жүйелерінің әлсіз құрылымдарының салдары.
Ауылдық жерлерде дәрігерлер, мейірбикелер, фельдшер-мамандар және психикалық денсаулық бойынша кадрлар жеткіліксіз. Кадр тарту және оларды ұстап қалу қиындау. Әрине, оған еңбек жағдайлары, оқшаулану, төмен жалақы, кәсіби өсім мен біліктілікті дамыту мүмкіндіктерінің шектеулілігі әсер етіп отыр. Халықаралық нұсқаулар ауылға білікті кадр тарту мен ұстап қалу үшін кешенді пакет (жергілікті оқыту, қаржылық ынталандыру, сапалы тұрмыстық және кәсіби қолдау) ұсынады.
Бүгінде көптеген ауылдық емхана мен ауруханалар экономикалық тұрғыдан қымбат. Олар шағын науқастар ағынына, төмен төлем қабілеттілігіне және мемлекеттік субсидияларға тәуелді. Бұл қаржылық қысым қызметтердің қысқаруына, жабылуына немесе қызмет көрсету сапасының төмендеуіне әкеп соғады. Мысалы, COVID-19 пандемиясы сияқты дағдарыстар ауылдық мекемелерге қосымша ауыртпалық түсірген еді.
Ауруханалар мен мамандарға үлкен қашықтық, нашар жолдар, транспорт тапшылығы ауыл тұрғындарының дер кезінде медициналық көмек алу мүмкіндігін шектейді. Содан ауруханаға кеш келу, созылмалы аурулар бойынша бақылаудың нашарлауы және жүктеменің артуы сияқты салдарлар пайда болады.
Ауылдық деңгейде мамандандырылған көмек, кешенді зертханалық және бейінді қызметтер де шектеулі. Бұл жағдай ауыр немесе күрделі науқастарды тұрақты түрде қаладан алып келуге және уақытша емдеуге мәжбүрлейді. Ал ондайда қосымша шығындар мен кешігулердің болатыны сөзсіз.
Бұл ретте біз тек Қазақстан емес, әлемдік жағдайды сөз етіп отырмыз. Мәселен, кей елде ауыл тұрғындары арасындағы созылмалы аурулардан өлу және жарақаттар көрсеткіші жоғары. Психикалық денсаулық қызметтерінің шектеулілігі, профилактиканың жеткіліксіздігі және ерте скринингтің болмауы айтарлықтай теріс әсер етеді.
Жақсы жағдайға тоқталсақ, телемедицинаның ауыл тұрғындарына диагноз қою, кеңес беру, созылмалы ауруларға мониторинг жүргізу үшін тиімді құрал екенін көрсеткен зерттеулер бар. Әсіресе, ол қашықтық пен мамандар тапшылығы салдарынан пайда болған алшақтықты азайтып келеді. Дегенмен техникалық инфрақұрылым, деректер қауіпсіздігі және қызметтердің тұрақты қаржыландырылуы қажет.
Ауылдан шыққан студенттерді медицинаға тарту, оқу орнында ауылдық тәжірибе, міндетті ауылдық интернатуралар және қаржылық, жылжымайтын мүлік ынталандырулары – кадр ұстаудың дәлелденген әдістері. Кешенді бағдарламалар (мысалы, тұрғын үй қолдауы, кәсіби өзара әрекеттесу, мансаптық жол) кадрлардың шалғай елді мекендерде де қалуын арттырады.
Негізінен қауымдастық-бағытталған қызметтер, мобильді клиникалар, ауылдық денсаулық қызметтерін жергілікті құрылымдармен біріктіру сенімді арттырады және қоғамдық денсаулық бағдарламаларының (вакцинация, қауіпсіздік, скрининг) тиімділігін жоғарылатады. Бұл модельдер, әсіресе, жергілікті мәдениет пен қажеттіліктерге бейімделген кезде табысты.
Білім беру бағдарламаларын ауылға бағыттау, қаржылық (жалақы үстемелері, тұрғын үй), кәсіби (жалпы білім мен мамандандыру) және әлеуметтік қолдау механизмдерін енгізу сияқты кадр саясатының кешенді пакеті әзірленсе, ешкімнің бойын ауылдан аулақ салмасы айқын.
Телемедицина мен мобильді қызметтерді тұрақты қаржыландыру арқылы инфрақұрылымға инвестиция құйып, байланыс сапасын жақсартып, деректер қауіпсіздігі талаптарын енгізуге болады. Ауылдық мекемелерге мақсатты субсидиялар аударып, төлем жүйесін (мысалы, әлеуметтік сақтандыру арқылы) бейімдеу, мекемелердің жабылуының алдын алу шаралары сияқты қаржылық және реттеуші қолдаулар қолға алынса, құп. Сондай-ақ адам ресурстарын, денсаулыққа тәрбиелеу мен профилактика бағдарламаларын жергілікті мекемелер арқылы ұйымдастыруға қауымдастықты тарту да бір оңтайлы шешім болушы еді. Ауылдық көрсеткіштерді жүйелі түрде жинау, қызмет сапасын бағалау және саясаттарды дәлелге негіздеп түзету сияқты мониторинг және деректер жүйелері құрылса тіпті жақсы. Мұның бәрі бос қиял, орындалмас арман емес, іске асыруға әбден болатын дүниелер.
Шын мәнінде Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін реформалау, әлеуметтік-медициналық сақтандыру енгізу және алғашқы медициналық-санитарлық көмекті күшейту бойынша нық қадамдар бар. Дегенмен зерттеулер еліміздің кейбір аудандарында амбулаторлық пен стационарлық қызметтері тығыздығының төмендеуін көрсетіп отыр. Бұл жағдай халықтың өсуі мен ұйымдастырылған желінің өзгерістеріне байланысты қиындықтармен үйлескен. Сондықтан аймақтық деңгейде ауылдағы денсаулық жағдайына бағытталған арнаулы шаралар әлі де қажет.
Ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау мәселесі – кешенді, көпаспектілі мәселе. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мұндайда ең тиімді стратегия – жоғарыда тоқталып өткендей, жергілікті кадрларды даярлау және ұстау, телемедицинаны енгізу, қауымдастықты тарту және қаржылық қолдауды қамтамасыз ететін жүйелі саясат. Болды. Сөйткен жағдайда ғана Қазақстан сияқты елдер үшін ұлттық реформалар мен өңірлік инициативаларды үйлестіріп, дәлелге негізделген араласуларды масштабтау – ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартудың негізгі жолы.
Пікірлер (0)