«Баян Алагөзова дәстүрімізді жабайылыққа теңеді». Ақын беташарды қорлағандар туралы айтты

Жаңалықтар
view 56
news

Сурет: Ашық дереккөзден

Ұлттық құрылтай мүшесі, айтыскер, ақын Біржан Байтуов ұлттық дәстүрімізге тіл тигізіп жүргендерге заңды қатаңдатып, жауапқа тарту керегін айтты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ Skifnews.kz -ке сілтеме жасап.

Біржан Байтуов Ұлттық құрылтай мүшесі, айтыскер, ақын соңғы жылдары қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтарына әлеуметтік желілерде және басқа да жерлерде жүйелі түрде шабуыл жасалып келе жатқанын айтты.
Мысалы, өткен жылы біздің киіз үйіміздің мансұқ етіп, видео түсірді. Ұлттық асымыз – етімізді мансұқтап видеолар түсірді. Оған дейін мемлекеттің негізгі символы – туымызды қорлаған әншілер болды. Бірақ олардың ешқайсысы заң тұрғысынан жауапқа тартылған жоқ. Тек кешірім сұраумен ғана құтылды. Неге? Өйткені заңымыз қатал болмай тұр, - деді ол.

Жақында Мемлекеттік кеңесші беташарымыз ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгенін қуана хабарлағанын еске салды.

Ал беташарымыздың негізгі элементіне келіндеріміздің сәлем салуы жатады. Батыста бөлек, оңтүстікте бөлек, Жетісуда бөлек. Осы мыңдаған жыл бойы қалыптасқан дәстүрімізді кеше белгілі продюсер Баян Мақсатқызы (Алагөзова – ред.) жабайылыққа теңеп, ұлтқа тіл тигізіп отыр. Бұл осылай жалғасын таба береді. Олай болмасын десек, заңды күшейту керек. Егер заңмен жауапкершілікке тарта алатындай дәрежеде болсақ, соның ешқайсысы да мұндай қадамдарға бармас еді, - деп айтты ақын Біржан Байтуов.

Ол тарихи, ұлттық құндылықтарымызды заңмен қорғайтын уақыт жетті деп есептейді.

Естеріңізге салсақ, белгілі продюсер Баян Алагөзова қазақ қоғамындағы әйелдердің рөліне қатысты пікір білдіріп, кейбір дәстүрлердің өзіне мүлде жат екенін ашық айтты. Оның айтуынша, батыс өңірінде өскен қыздар еркіндікті жастайынан бойына сіңіріп өседі.

«Бізге ешқашан ер адамға иілу керек деп айтқан жоқ», – дейді ол. – «Мен мұндайды ешқашан көрмедім. Алматыға келгенде шымкенттік қыздардың үлкендерге иіліп тұрғанын көріп, таңғалдым. «Не үшін иіліп жатырсың?» деп сұрадым. Олар «Бұл – құрмет» деді. Бірақ мен өз әкемді де, атамды да ерекше құрметтедім. Менде ондай табынушылық жоқ. Маған мұны ешкім үйретпеді, үйретпейтін де шығар», - деді ол.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *