Бала тәрбиесі – басты байлығың
Руханият
918
Балалар – елдің болашағы. Баланы тәрбиелеу үшін оны білу керек, оны білу үшін оны бақылау керек, ал оны бақылау үшін оған бостандық беру керек. Мағжан Жұмабаев айтқандай «Бала тәрбиесі бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер». Осы өнерді бар жан-тәнімен үйренген, үйренгісі келетін жандар бар. Сондай ерекше жандардың бірі – Асыл Мұратқызы.
«Балдәурен» балабақшасының тәрбиешісі Асыл Мұратқызы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын 2017 жылы «Балдәурен» балабақшасында бастаған. Осы балабақшада жұмыс істеп жүргеніне 6 жылдан асқан екен. «Біз сағат жеті жарымнан бастап бүлдіршіндерді қабылдай бастаймыз. Ата-аналармен әңгімелесіп, кеңестер береміз. Балаларды қабылдап, киімдерін шешіп, шкафтарына әдемілеп, бүктеп салуды үйретеміз. Сағат сегіз жарымға дейін қабылдап, осыдан кейін балалардың жаттығуы басталады», – дейді ол.
Асыл Мұратқызынан жалпы тәрбиешінің 1 күндік жұмысы қалай өтетінін сұрағанбыз. Ол асықпай бәрін баппен баяндап берді. Таңғы жаттығудан кейін балаларға сағат тоғызда таңғы ас беріледі екен. Ең бірінші таңғы асқа балалар дайындалып, қолын жуып, үстелге отырады. «Содан кейін бізде ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті басталады. Ол бізде сабақ кестесі арқылы әр күні әртүрлі сабақ өтеді. Мысалы, бүгін сөйлеуді дамыту сабағы болды. Баланың сөйлеу мәдениетіне, сөздік қорына мән береміз. Түрлі көрнекіліктерді қолдана отырып, еркін сөйлеуге үйретемін. Әр баланың айтқан жауабына баға беремін. Керек жерінде мадақтап отырамын. Сабақ арасында көбінесе балалар шаршап қалады. Сол кезде сергіту сабағын өткізіп, шынығамыз. Оның ішінде «Тербеледі ағаштар, алдымнан жел еседі, кіп-кішкентай бөбектер, үлкен болып өседі» деп, қолымызбен көрсете отырып, балалар соны қайталайды. Сол кезде бір сергіп аламыз. Саусақтар арқылы сергіту сәттері бар», – дейді Асыл Мұратқызы. Балалар сабағын аяқтап болғаннан кейін уақыты болғанда тәрбиешімен ойындар ойнайды. Асыл Мұратқызының сабақ тақырыбына сәйкес келмесе де, өзі көптеген дидактикалық материалдарды қарап, балаларға қызықты ойындарды тауып, ізденіп жүреді екен. Балалардың көп ойынын инстаграм желісінен қарайтынын айтады. Сол желілер арқылы көптеген дидактикалық ойындарды, қимыл ойындарды тауып, балалардың күнін барынша қызықты өткізуге тырысады. «Бір жағынан маман ретінде бұл ойындар өзімді де дамытады. Өзіме де қызықты. Балаларды да демалтады. Жақында маған «Көлеңке» деген бір ойын ұнап қалған еді. Сол ойынды бүгін сабағымыздан кейін балалармен ойнап көрдік. «Көлеңке» ойынында қолдарын қара қағазға қояды да, оған ұн сеуіп, қолдарын алғаннан кейін қолдың ізі қалады. Соны істеп көрдік. Балаларға ұнады. Ерекше қуанып, тамаша әсер алды. Ұйқыға жатқанға дейін бүгін бір керемет сезімде болды», – дейді тәрбиеші.
Қазір балалар еркін өседі. Асыл Мұратқызынан «Балалармен жұмыс істегенде нені ескеру керектігін, жаңадан келген баланы қалай бейімдейтінін» де сұрадық. Тәлімгердің айтуынша, әр топта 15 баладан бар. Қандай да бір іс-шараны жоспарлаған кезде әуелі балалардың деңгейін анықтап алуға тырысатын көрінеді. Сол деңгейіне қарай балаларға шамасы жететін тапсырмаларды береді. «Жас ерекшеліктерін ескеру керек. Жас шамалары кішкентай бүлдіршіндер де болады. Сондықтан, ол балаларға жеңілдетілген тапсырмаларды беремін. Ең бастысы, жас ерекшеліктерін ескерген жөн деп ойлаймын», – дейді ол. Оқу-тәрбие жұмысында қандай да бір мәселелер туындап тұратыны белгілі. Осы ретте тәрбиешіден қандай проблемалар жиі кездесетінін біліп көруге тырыстық. «Қазіргі кездегі балалардың ең үлкен қиындықтарының бірі не деп ойлайсыз?» деген сұраққа Асыл Мұратқызы «балабақшаның проблемаларының бірі – еркіндікті сезінген балалар» дейді. Айтуынша, қазіргі балаларды ата-аналар еркін ұстайды. Бұрынғы уақытқа қарағанда, салыстырғанда қатал тәртіп деген мүлде жоқ. «Баланы еркіндікке үйретеміз. Баланы тәртіпке келтіру үшін біз ойнай отырып, ойлауға үйретеміз. Тәртіпке баулимыз. Балабақшаның өз ережесі болады. Ең үлкен қиындықтың бірі осы шығар.
Балалардың көбісі өзін тым еркін ұстап, ережеге, тәртіпке бағынбайды. Сондықтан балаларға қатты айта алмаймыз. Әр бала – бір-бір үйдің еркесі. Ең біріншіден, әр бала – жеке тұлға. Тұлға ретінде қабылдаймыз. Ерекшеліктеріне сай, ойын арқылы ойнауға, тәртіпке, көбінесе ойын арқылы тәртіпке үйретеміз», – дейді ол. Жаңадан келген баланы балабақшаға бейімдеу де жауапты міндет. Асыл Мұратқызы балабақшаға алғаш келген баланы жақсы көңіл-күймен, жақсы көріп қарсы алу керек деп есептейді. «Бірінші күннен бастап баланы сөйлетуге тырысамыз. Егер үнсіз қалса, ол бала солай қалыптасып кетеді. Жаңа ортаға келгеннен кейін ол ешкімді, балаларды танымайды. Ойын арқылы, тренинг арқылы ұйымдастырып, балалармен ерекше таныстыру жаңадан келген балаға жақсы әсер етеді. Жаңа ортаға бейімделеді. Жылулығыңды балаға білдіріп, жақсы көңіл-күй көрсетіп, әрқайсысының басынан сипап, бала жаңа ортаға тез үйренсін десек, еркелеткен де артық етпейді. Бір сөзбен айтқанда, балабақшаға келген баланы жылы қабылдау керек», – дейді ол. Тығыз байланыс болуы керек Жалпы балалар мен тәрбиешілер арасында конфликт жағдайлар көп кездесіп жатады. Мәселен, әлеуметтік желіде неше түрлі видеолар тарап жүреді. Балаға қол көтерген және тағы басқа жайттар қоғам ішінде резонансты сипат алып кететіні бар. Мұндай жағдайды болдырмау үшін баламен жұмысты қалай реттеу керектігін тәрбиешіден сұрап көргенбіз. «Балабақшаға келетін бүлдіршіндердің мінез-құлқы әртүрлі болады. Әр бала – өз отбасының еркесі. Сондықта оларға жеке тұлға ретінде қарауымыз керек. Кейбір балалардың тәрбиешілермен конфликті жағдайлары көп болады. Бұл жағдайды болдырмас үшін баланың психикасын зерттеген жөн. Бала – ата-анасының айнасы. Сондықтан отбасында болып жатқан жағдай кейбір балалардың мінез-құлқында көрініп тұрады. Соны біз тәбиешілер дер кезінде көріп, түсіністікпен қарап, әр балаға жылылық сезімді сыйласақ, ондай жағдайлар болмайды. Ата-аналар, тәрбиеші және балалар арасында, менің ойымша, тығыз байланыс болуы тиіс», – дейді Асыл Мұратқызы.
Ата-аналардың да талабы зор боп жатады. Әркім өз баласын топта белсенді, озат болғанын қалайтыны, алдыңғы қатардан көргісі келетіні белгілі. «Сіз үшін ата-аналармен жұмыс істеу қиын емес пе?» деген сұраққа Асыл Мұратқызы «қиын емес» деп жауап берді. Тәрбиешінің сөзіне құлақ ассақ, күнделікті жұмысқа жауапкершілікпен қарап, іс-шараға, сабаққа дұрыс қарап, дұрыс жоспарлап, соның барлығын дәлел ретінде ата-аналарға жіберіп отырған абзал. Тәрбиешілердің жұмысында күнделікті болмаса да, кей кездері ұялы телефонды бір рет қарайтын уақыт та болмай қалады. Ал сабақ арасында ұялы телефонды алып, балаларды фотосуретке түсіріп, жұмыстарын түсіріп, ата-аналардың тобына жіберсе – бұл өзара байланысты нығайта түседі екен. «Қазіргі цифрлық сауаттылық заманында технологияның дамыған кезі. Сондықтан, әрқайсымызда қазір ватсап желісі бар. Инстаграм, фейсбук бар. Өткізген жұмыстарымызды ата-аналар көрсін деген ниетпен бөлісіп отырамыз. Ата-аналар өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын айтады. Сол ұсыныстарды мен қабылдап, келесі күнге басқа сабағымызды жоспарлаймыз. Сондықтан ата-аналар тарапынан менде әзірге ешқандай қиындық жоқ», – дейді ол.
Тәрбиеші жүзінен жылылық, мейірім шуағы төгілген ұстаздың шәкірттеріне деген сүйіспеншілігін, жанашрлығын байқадық. Алдына келген кез келген шәкіртіне құшағы ашық тәлімгер қаншама ата-ананың алғысын алып үлгерген. «Ескіден қол үзіп, жаңаға қол жеткізгендер ғана мұғалім бола алады» деп қытайдың ойшылы Конфуций айтқан екен. Қазіргі заманның талабына сай жаңа технологиялар күннен-күнге өзгеріп, жаңарып, толығып жатқаны бәрімізге мәлім. «Балабақшада баланы оқытудағы ең басты мақсатымыз – баланың ойлауын, сөздік қорын молайту. Мақсатты жүзеге асыру үшін әрине, ойын арқылы, ойын тілінде жүзеге асыру керек. Ойынды әртүрлі формада, көрнекіліктер арқылы, ойыншықтар мен суреттер арқылы қолданамыз. Компьютерлер, мультфильмдер арқылы түсіндіруге тырысамыз», – деп түйді сөзін тағылымы мол тәлімгер.
Ел Риза
Пікірлер (0)