Шолпан Ғажайыпқызы: Қазақ – әйелді қадірлеп, алақанында аялаған халық

Руханият
view 365
news

Елдіктің тірегі болған аналар жайлы қанатты сөздер көп. «Ел болам десең, бесігіңді түзе», «Алып анадан туады» деген сөздер ел ішіне судай сіңіп кеткен. Бірақ осы сөздер мінезіміз бен қанымызға қаншалықты сіңісе алды екен? Қосшы қаласының Аналар Кеңесі төрайымы Шолпан Ғажайыпқызымен Аналар кеңесі мен нәзік жандылар туралы біраз сөз қозғадық.                                        Өнегелі өмірден үзік сыр Шолпан Ғажайыпқызы 1975 жылы Тайтөбе негізгі мектебін бітіріп, Целиноградтағы А.Майқұтов атындағы педагогикалық училищеге оқуға түскен. Педагогикалық институтты бітіргеннен кейін 1979 жылдың қаңтар айында Целиноград совхоз-техникумында (Қосшы ауылы) балабақша тәрбиешісі болып еңбек жолын бастаған. 1980 жылы Целиноград педагогикалық институтына «Бастауыш оқытудың педагогикасы және әдістемесі» мамандығы бойынша оқуға түскен. 1982-1995 жылдары Қосшы орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. 1996 жылдан 2001 жылдың ақпан айына дейін Целиноград облысының білім беру басқармасында бас маман, одан кейін басшының орынбасары қызметін, 2001 жылдың наурыз айынан 2009 жылдың қазан айына дейін Целиноград ауданының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметін атқарған. 2010 жылғы қыркүйек айынан бастап осы уақытқа дейін «Балдәурен-Сан» ЖШС-ның директоры. 1999 жылда осы уақытқа дейін Шолпан Ғажайыпқызы білім саласында біршама белесті бағындырған.  «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Жоғары санатты мұғалім», «Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Құрмет грамотасы», «ҚР Білім және ғылым министрлігінің алғысхаты». «ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы», «Целиноград облысының 90 жылдығына арналған мерекелік медаль», «Жомарт Жүрек» грамотасы және 2019 жылы Целиноград ауданының Құрметті азаматы атағы берілген екен. Оы күнде Шолпан Ғажайыпқызы – екі бала, алты немере өсіріп отырған ардақты ана. «Ас бөлмені – кеңсеге, баланы – мансапқа, ер адамды – езге, нәзіктігімізді – қаталдыққа айналдырмағанымыз абзал» –  Аналар кеңесінің атқарылған жұмысымен таныстырып өтсеңіз? – Аналар кеңесі – жас ұрпаққа өзіндік тәрбие, өнегелі жол көрсетіп келе жатқан бірегей кеңес. Аналар кеңесі жұмысының негізгі бағыты – елімізде жүргізіліп жатқан отбасылық-демографиялық саясатқа қолдау көрсете отырып, отбасы институтын сақтау мен нығайтуға ықпал ету, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға үлес қосу. Аналар кеңесі әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелерін шешуге, ұлттық құндылықарды, дәстүрлерді жаңғыртуға қатысады. Әр түрлі іс-шаралар арқылы берекелі, бірлігі мықты отбасыларды насихаттайды. Аналар кеңесінің жиынында отбасылық ұлттық құндылықтарды сақтау, салт - дәстүрлерді дамыту, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік қолдау, тұрмыстық зорлық - зомбылық, масылдылықты жою мәселесі талқыланды. Аналар кеңесінің биылғы жұмыс жоспары бойынша атқарылған істеріне тоқталып  өтейін. Балаларды отбасы, ұлттық құндылықтармен таныстыру мақсатында «Әже, ана және мен» облыстық байқауына Кемеңгерлер отбасы қатысты. Алғыс айту күніне орай «Алғыс күні» атты челлендж ұйымдастырылды. Анаға, келінге деген сыйластықты ояту, ұлттық салт - дәстүрімізге байланысты, келіннің ерекше екендігін, отбасының ұйытқысы екендігін ұғындыру мақсатында «Пай - пай, қазақтың келіндері - ай!» атты сайыс өтті. Сайысқа 8 үміткер қатысып, сайыс барысында халқымыздың ертедегі салт - жоралғыларды білу мақсатында қойылған сұрақтарға жауап берді. Үйден дайындап келген ұлттық тағамдарын таныстырып, өз өнерлерін көрсетті. Келіндер барлық кезеңдер бойынша сүрінбей өтіп, сайысқа сақадай сай келгендігін дәлелдеді. Жасөспірімдер арасында бас гигиенасын сақтау, өз гигиенасына ұқыпты, саналы көзқарас қалыптастыру мақсатында «Қыз баланың жеке бас гигиенасын сақтау жолдары» атты мектеп оқушыларына түсіндірме әңгіме жүргізілді. Аналар кеңесі «Рамазан айы - қайырымдылық айы» қайырымдылық іс - шарасы аясында көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына азық - түлік себеті түрінде көмек көрсетілді. «1 мамыр - Қазақстан Халықтарының Бірлігі күніне» орай Қосшы қаласының мектептерінде «Ұлт бірлігі - ұлы байлық» атты әр ұлттың ұлттық ойындар фестивалі өткізілді. 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай қаламызды көркейту - көғалдандыру мақсатында «Қосшы қаласы - бақыт мекені» атты ағаш отырғызу акциясы ұйымдастырылып, өткізілді. Келешек ұрпаққа үлгі болып, жас жеткіншектерді тәрбиелеуде өзіндік мектебін қалыптастырған Аналар кеңесінің алдағы уақытта да атқарар ауқымды істері аз емес.  – Аналар кеңесінің құрамы қалай таңдалады? – Қосшы қаласының Аналар кеңесінің құрамы 9 адамнан құралған. Аналар кеңесінің құрамында көпбалалы аналар, денсаулық, білім және мәдениет саласының қызметкерлері, өмірлік тәжірибесі мол, білім, мәдениет саласында үздік қызмет атқарған зейнеткер әжелер бар. –  Қазір қоғамда әйелдер арасында қандай мәселелер бар? – Қазақ отбасында қыз бала тәрбиесінде ұл бала тәрбиесіне қарағанда біраз ерекшеліктердің бар екендігін білеміз. «Қыз» – қасиетті үғым. Қасиетті болатыны бүкіл адамзат қыздан тарайды: қыз келін болады, келін анаға айналады, ал ана әже деген зор дәрежеге жетеді. Осы үшеуі арқылы ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын көбейтеді. Қазіргі қоғамда қыз бала тәрбиесіне тек қана үйдегі ата-ана емес, теледидар мен телефондағы түрлі әлеуметтік желілер, газет-журналдар, кафелер мен дискотекалар әсер етуде. Бұл тәрбиенің жағымсыз жақтарына әкеліп соғып жатыр. Ата-ана күнұзақ жұмыста болғандықтан қыздардың тәрбиесіне бөлінетін уақыт күннен-күнге азайып барады. – Қыз балалардың тәрбиесінен қандай олқылық байқап жүрсіз? Оны қалай түзетсек болады?  – Қыздарымыздың тәрбиесі қазіргі қоғамда ақсап тұр, салт-дәстүрімізге жат қылықтарға бейімделіп барады. Олардың бірсыпырасының әрекеттері ұлттық психологиядан ауытқып бара жатқаны байқалады: ар сақтау, ұятты білу, үлкенді ардақдау, кішіні құрметтеу, адамды сыйлау ұмытылып барады. Мұнымен қоса, қыздардың көзге оғаш көрінетін киімдерін атауға болады. Ата-ана қыздарымыз қатар құрбыларынан ұялмасын деген оймен заман талабына сай киіндіріп, кейбір қалталы ата-аналар көлік мінгізеді. Сонда да әр нәрсенің орны бар емес пе?! – Жұрт аузынан түспейтін «феминизм» ұғымына көз қарасыңыз қалай? – Бүгінгі таңда кең етек алған феминизм жайлы айтар болсам, жалпы  феминизм дегеніміз – еркектер мен әйелдер арасындағы тең құқықтылық. Яки, әйел затының теңдігі, бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде феминисттік көзқарасты ұсынатын кішігірім топтар бар. Олардың бағыты айқын: «Біз өзіміз-ақ күн көре аламыз. Әйел адам ошақ басында отырып, бала бағуға міндетті емес. Әйелдің құқығы еркекпен тең» дейді олар.  Рас, әйел мен еркектің құқықтары тең. Бәріміз бұл өмірге ең алдымен адам болып келдік. Содан соң, әйел, ер болып бөліндік. Дегенмен, Табиғат-Ана әрбірімізге белгілі бір міндеттемелерді жүктейтіні түсінікті жәйт. Мәселен, ер адам ерте заманнан отбасының тірегі, асыраушысы, қара күштің иесі саналған, Ал әйел отбасының жылуы мен баланың негізгі тәрбиешісі. Атам қазақ «Әйел – мойын, еркек – бас» деген. Қазақ қашанда әйелді қадірлеп, алақанында аялаған халық, бірақ, төріне оздырып, әйелді ерекетен биік көрмеген. Тарихқа зер салсақ, атқа мініп, жауға шауып, қиын замандарда қолына кетпен-күрегін алып, еңбекке араласқан әйелдер де болды. Дегенмен, ешбір әйел: «Мен сенімен тең едім, құқығымыз бір» деп еріне қарсы ереуілдемеген. Ойлап қарасақ, қазір әйел мен еркектің құқығы теңестірілген заман. Көліктің тізгінін әйел де меңгерген, мансап та қуады, билікті де қолына алады, қажет десеңіз ешбір жұмысты қиынсынбай еркін атқарады. Феминизм дерті жайлаған заман емей немене? Феминисттік бағытты қолдайық, қолдамайық, әйтеуір ас бөлмені – кеңсеге, баланы – мансапқа, ер адамды – езге, нәзіктігімізді – қаталдыққа айналдырмағанымыз абзал. Өйткені, ер емес, біз қанша дегенмен қыз баламыз ғой. – Аналар кеңесінің төрағасы ретінде халыққа не айтқыңыз келеді? – Ағылшындардың «Баланы тәрбиелеме, олар бәрібір өзіңе ұқсайды. Одан да өзіңді тәрбиеле» деген сөзі бар. Сондықтан да ата-аналар, әсіресе аналар қыздарыңыздың тәрбиелі, үлгілі болып өскендігін, жетістікке жеткенін қаласаңыздар, оған алдымен өздеріңіз үлгі бола алуларыңыз шарт. Аналар қыздарымызға барынша көп көңіл бөліп, ұлттық болмысымызды сақтап қалайық! – Әңгімелескеніңізге рақмет! Расында да... «Ана жайлы - қара жердің төзгені, Ана жайлы - уақыттың безбені, Ана жайлы айтылмаған бір сөз болса әлемде, Ол да ананың айта алмаған сөздері».

Ел Риза

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *