Лудомания – қоғам дерті

Руханият
view 5413
news

...

Лудомания –  адам өмірінде басым рөл ойнайтын, әлеуметтік, кәсіби, материалдық және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкелетін патологиялық ойын құмарлығы.  Азарт адамдарды тек материалдық шығынға ұшыратқан жоқ, сондай-ақ рухани тұрғыда да әбден азғындатты.  Лудомандар – құмар ойынның шырмауына түскен адамдар. Казино мен букмекерлік компаниялар жұмысы барынша қарқынды дамыған кезден бері «лудомания» деген термин кеңінен қолданыла бастады. Аурулардың халықаралық классификациясы бойынша лудомания аурулар тізіміне  енгізілген. Құмар ойынның соңына түскендер дүние-мүлкінен айырылғаны өз алдына, ажырасып, дымсыз қалып жатады. Мұндай жағдай Қазақстан қоғамына да таңсық емес. Ойынқұмарлардың көбеюі салдарынан елімізде лудомандарды емдейтін арнайы орталықтар да ашылған. Олардың негізгі пациенттері – букмекерлік кеңсе ойыншылары. Жалпы, Қазақстанда тіркелген он шақты букмекерлік компания бар. Ал, бейресми мәліметке сенсек, елімізде бұл салада жалпы 30 мыңға жуық адам жұмыс істейді екен. Яғни, әрекет ету ауқымы өте кең. Соңғы екі жылда букмекерлік кеңселер Қазақстан бюджетіне 30 млрд теңгеге жуық салық төлеген деген ақпарат та бар. Психолог Бекзат Маратұлы: «Ойынқұмарлықтан емделу уақыты шамамен 6 айды алады» Ақмолалық психолог Бекзат Маратұлының айтуынша, лудомандарды емдеу – аса қиын процесс. Маман қаладағы осындай орталықтардың бірінде жұмыс істейді. Орталыққа ем іздеп келетін пациенттер аз емес, алайда олардың басым көпшілігі емделіп шыққаннан кейін құмар ойынға қайта салынады екен. «Емделуші келгенде ең алдымен, диагностика жүргіземіз. Мұны психотерапевт мамандар өткізеді. Емделушінің оңалтудан өтуге қаншалықты дайын екені анықталады. Диагностиканың нәтижесіне қарай әр емделушіге тапсырмалар дайындап, жеке бағдарлама құрастырамыз. Тиісінше, уақытылы тапсырманы орындатып, апта сайын динамикасын бақылап, соған сай бағдарламаға өзгертулер енгізіп отырамыз. Біз ойынқұмарларға ешқандай дәрі-дәрмек бермейміз. 24 сағат бойы негізінен психотерапиялық жұмыстар жүргізіледі, 10%-ы ғана турдотерапиялық жұмыстарға арналады. Орындайтын тапсырмалар «12 қадам» бағдарламасының базалық тапсырмалары десек болады», – дейді психолог. Құмар ойынға салынған адамның өзімен ғана емес, отбасымен бірге жұмыс жүргізіледі. Ойынқұмарлықтан емделу уақыты шамамен 6 айды алады. Мұнан кейін олар бірнеше ай бойы мамандардың бақылауында болады. «Тәуелділік – бір ғана адамның мәселесі емес, отбасының мәселесі. Тәуелді адамның өзін ғана емес, оның ата-анасын да емдейміз. Себебі, емделіп шыққан адамның сол жолға қайта салынуына 70% ата-анасымен қарым-қатынасы әсер етеді. Біз емделушінің ата-анасымен де психотерапиялық жұмыстар жүргіземіз. Алайда, осы жұмыстардың нәтижелі болуы 99% емделушінің ынтасына, ерік-жігеріне байланысты. Емделушінің өз қалауы, ерік-жігері болмаса, құмар ойынына тәуелділік ешқашан емделмейді», – дейді психолог Бекзат Маратұлы. Ол жұмыс істейтін орталыққа биылдың өзінде 125 адам көмек сұрап хабарласқан. Әңгімелесуден кейін олардың 45-і емдеу орталығына келсе, тек 17-і ғана оңалтуға жіберілген. Соның ішіндегі 14 адам бүгінде ем қабылдап үлгеріпті. Ал 2020 жылы 12 айда барлығы 314 адам хабарласып, соның 35-і емделуге жіберілсе, тек 13 лудоман ғана ойынқұмарлықтан толықтай құтылған. 2019 жылы орталыққа хабарласқан 237 адамның тек бесеуі азарт тәуелділігінен арылыпты. Айта кетейік, былтыр елімізде бірнеше букмекерлік компанияның үстінен іс қозғалып, кеңселері түгел жабылған болатын. Қазіргі таңда букмекерлік кеңсе қызметі тек онлайн жүргізіледі.

Қазіргі кезде казино, ақшалай ойын автоматтары таралуына байланысты құмар ойындар мәселесі өзекті мәселеге айналып тұр. Қоғам да  оларға ешқандай шара қолданыла алмайды, себебі азарттық ойындардың көбі заң жүзінде  рәсімделген. Қазақстанда орта есеппен 350 мың адам құмар ойынның құрбанына айналса, олардың орташа қарызы 10 млн теңгеден асады. Ал елімізде 10 жұптың 7-еуі құмар ойынның кесірінен ажырасады екен. Ұлттық статистика­бюросының мәліметіне жүгінсек, құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу бойынша көрсетілген қызметтердің көлемі 2020 жылы 89,7 млрд теңгені құраған болса, 2021 жылы 501,2 млрд теңгеге жеткен, ал 2022 жылы 600 млрд теңгеден асып түскен. Бұл сома еліміздегі бірқатар облыстың жылдық бюджетінен әлдеқайда көп. Осыған байланысты көптеген шетелдік зерттеушілер құмар ойындарды халықтың бір бөлігі үшін қауіп-қатер төндіретін түйінді әлеуметтік мәселе деп санайды.[/caption] Құмар ойындарға деген тәуелділіктің негізгі себептері:

  • Жалғыздық сезімі. Жалғыздық сезімі адамды алғашқы рет ойнауға итереді, ойын процесінде алынған әсер мен түйсіну адамды қайталап ойнауға  мәжбүр етеді.
  • Қанағаттанбаушылық сезімі. Қанағаттанбаушылық сезімі адамды өзін ойында көрсетуге мәжбүр етеді. Шынайы өмірде өзіне өзі наразы болып, шынайы өмірге қарағанда, ойында жеңіске қол жеткізу жеңіл болғандықтан, адам өзін ойында көрсеткісі келеді. Ойындағы жетістіктері неғұрлым мол болса, соғұрлым ол осы ойынға қайта қайта оралғысы келіп тұрады.
  • Оңай олжа сезімі. Бір рет ұтып, жеңіл түскен ақшаны қолға ұстағаннан пайда болған адреналинді сезінген адам, осы жетістігін қайталағысы келеді, алайда көбіне ұту мүмкін емес.
  • Әрқилы тәуелділіктерге тез ергіштік. Басқа  да құмарлықтарға, мысалға, есірткі/ алкогольге құмар адамдар үшін, ойынға құмарлық  өте қауіпті. Тез еріп кетеді.
  • Психикалық бұзылыстар. Психикалық бұзылыстардан емделген адамдар, сондай-ақ ойынға құмарлыққа да ұшырағыш болады.

Ал егер сіз өзіңізді ойынқұмар адаммын деп есептемейтін болсаңыз онда сіздің бойыңыздан мына сипаттар табылмауы тиіс:

  • ойынға үнемі тәуелді болу және ойын оқиғасында өткізетін уақыттың ұзаруы;
  • қызығушылықтар шеңберінің өзгеруі, ойын туралы әрдайым ойлау, ойынға байланысты оқиғаларды елестету және осы ойдың басым болуы;
  • «бақылауды жоғалту» ауқымды ұтыстан кейін, сондай-ақ, үнемі ұтылудан кейін де ойынды тоқтата алмау;
  • Ойынға кезекті қатысқаннан кейін салыстырмалы қысқа уақыт аралығында дамитын психологиялық дискомфорт, ашулану, беймазалық, қиын жеңілетін  ойнауға кірісуге  ынтығу. Мұндай күйлер белгілер қатары бойынша есірткі/алкогольге душар тұлғалардың бас ауруы, ұйқының бұзылуы, алаңдаушылық, төмен көңіл-күй, естің бұзылуымен бірге жүретін абстиненциясына ұқсайды;
  • ойынға жиі қатысудың біртіндеп өсуі
  • қызықтыруға қарсыласу қабілеттілігі тез төмендеу. Ойнамауға бел буғанмен, сәл провокация болса (бұрыңғы таныстарын кездестіру, ойын тақырыбында әңгімелесу, ойын мекемесі жанында болу т.б.) еріп кете беру.

Лудомания дамуының 3 белгісі Ұтыс. Кездейсоқ ойын, жиі ұтыстар,  ойын ойнаудың жиіленетін оқиғалары, ұтыс өлшемінің үлкеюі, ойын жөнінде қиялдау, өте ірі ұтыс, себепсіз оптимизм. Ұтылу. Жалғыз ойнау, ұтыспен мақтану, тек ойын туралы ойлау, ұтылу эпизодтарының ұзаруы, ойынды тоқтатуға қабілетсіз болу,  жолдастарынан проблеманы жасыру, өтірік айту, отбасы мен жұбайының қамын ойламау, ойын пайдасына жұмыс  уақытын қысқарту, қарызын төлеуден бас тарту, тұлғаның өзгеруі: ашушаңдық, тез шаршау, ойын үшін қарыздану, заңды және заңсыз тәсілмен жасалған өте көп мөлшердегі қарыз, қарызды төлей алмау, ойнауды тоқтатам деген жанкешті талпыну. Түңілу. Кәсіби және жеке абыройынан айырылу, ойынға жұмсалатын уақыттың айтарлықтай ұзаруы, ұтысқа тігілетін сома мөлшерінің үлкеюі, отбасы мен достарынан алыстау, ар-ұяты мазалау, басқаларға деген жеккөру сезімі, өкіну, үрейлену, заңсыз әрекеттер, сенімсіздік, суицидалды ой мен талпыныстар, ажырасу, қамау, алкогольді шамадан тыс тұтыну, эмоционалды бұзылу. Лудоманиядан  неге өз бетінше айығу қиын? Қандай да болсын ойын рақаттануға әкеледі. Ойын барысындағы құмарлық,  адреналиннің қарымды бөлінуі миды ширатады, осының салдарынан лудоманияға шалдыққан науқас үйреншікті рахатқа (достармен қатынасу, махаббат)  қызықпайтын болады және оның өмірінде тек ойын ғана қалады. Ойынға құмар науқас  (лудоманияға шалдыққан) өзі үзе алмайтын шеңбер ішінде жүреді.  Сонымен  бірге ол ойынға құмарлықтан емделу қажеттілігін  түсінбеуі де мүмкін. Науқастың ойын қарсаңында пайда болатын өзгеше «сиқырлану» күйі немесе өзін-өзі гипноздау, транс  күйінде жүргендей болады. Біртіндеп ықылас, эмоция, жақындарға деген сүйіспеншілік кетеді және адам роботқа айналады.

Жасын Жолмырза

               

Пікірлер (1)

  • RobertdaB

    <a href=https://arendakatera.pro/yacht/>Аренда яхты</a>. Сервис онлайн бронирования доступны по всему миру. Аренда морского и речного транспорта,. Лодки, яхты, катера от бюджетного до продвинутого класса. Сайт arendakatera.pro" Морские прогулки. Большой выбор морских прогулок. Уникальные маршруты. Наш Сайт <a href=https://arendakatera.pro/yacht/>Аренда яхт</a>

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *