«Екі елдің тамыры – бір, тарихы – ортақ»: Қазақстан мен Әзербайжан президенттері брифинг өткізді

Жаңалықтар
view 22
news

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев екіжақты келіссөз және Қазақстан – Әзербайжан Жоғары мемлекетаралық кеңесі отырысының қорытындылары бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өткізді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Мемлекет басшысы ең алдымен, шақыруын қабыл алып, Астанаға мемлекеттік сапармен келгені үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке шынайы ризашылығын білдірді. 

Мен бұл сапарға ерекше мән беріп отырмын. Бауырлас Әзербайжан халқының басшысын, аса көрнекті мемлекет қайраткері Президент Ильхам Әлиевті қазақ жерінде қарсы алу – біз үшін зор мәртебе. Екі елдің тамыры – бір, тарихы – ортақ. Әзербайжан – Қазақстанның маңызды әрі сенімді стратегиялық серіктесі. Бүгінде қарым-қатынасымыз тұрақты дамып келеді. Біз өзара байланысымызды күшейтуге айрықша көңіл бөлеміз. Басты мақсат – достығымызды нығайтып, түрлі саладағы ықпалдастыққа тың серпін беру. Бұл қос халықтың мүддесіне сай келеді. Осы сапар Қазақстан-Әзербайжан ынтымақтастығын жаңа сапалы деңгейге көтеруге ықпал етеді деп кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевтің мемлекеттік сапарын елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестікті және одақтастық қатынастарды нығайту жолындағы аса маңызды қадам деп санайды. 

Ильхам Гейдар оглу Әлиев – тарихи масштабтағы көрнекті мемлекет қайраткері. Ол Әзербайжанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғауда және нығайтуда шешуші рөл атқарды. Президент Ильхам Әлиевтің ерен еңбегінің арқасында Әзербайжанның халықаралық аренадағы абыройы мен ықпалы еселеп өсті. Оның қуатты көшбасшылығымен Әзербайжан көптеген салада, ең алдымен, әлеуметтік-экономикалық дамуда керемет табыстарға жетті. Ауқымды реформалардың нәтижесі еліңіздің қарқынды өзгерісінен, экономиканың орнықты өсімінен, азаматтардың әл-ауқатының артуынан көрінеді. Әзербайжанның макроэкономикалық көрсеткіштері орнықтылығымен ерекшеленеді және ел өркендеуінің айқын дәлелі. Қазақстандықтар бауырлас Әзербайжанның жетістігіне шынайы қуанады, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бұл сапардың екі ел арасындағы Стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастар туралы шарттың 20 жылдығымен қатар келуінің символдық мәні бар екенін атап өтті.

Осы уақыт ішінде мемлекеттеріміз екіжақты ынтымақтастықты өрістетуде зор табысқа жетті. 

Халықтарымыздың достығы мен өзара қолдауының, жоғары деңгейдегі қарқынды саяси диалог пен үкіметтердің жүйелі жұмысының арқасында көпжоспарлы қазақ-әзербайжан ынтымақтастығы жаңа мазмұнмен толығып, өркендеп келеді. Бүгінгі келіссөздер қорытындысы – соның айқын дәлелі. Біз өзара сенім мен құрмет рухында екіжақты күн тәртібінің кең көлемдегі мәселелерін талқылап, сан қырлы ықпалдастығымыздың басым бағыттарын белгіледік. Жоғары мемлекетаралық кеңес отырысы жемісті өтті. Бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Екіжақты ынтымақтастықты дамытудың кешенді бағдарламасы жоспарлы түрде атқарылып жатқаны қуантады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекеттер басшылары келіссөздер барысында сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге баса мән берді. Екіжақты тауар айналымын жақын арада еселеп, оны бір миллиард долларға дейін жеткізу үшін қажетті шаралар қабылдауға уағдаласты.

Ауыл шаруашылығы, энергетика, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, цифрландыру салаларында мүмкіндігіміз мол. Қос тарап бірлескен кәсіпорындар құруға ниет танытты. Бұл мәселеде айтарлықтай алға жылжу бар. Мәселен, трансформатор өндірісін іске қосу жоспарланған, тұрғын үй мен инфрақұрылым нысандарының құрылысы жүргізілуде, кеме жасау саласында ортақ жоба пысықталып жатыр. Үкіметтерге осы бағыттарды бақылауда ұстап, қысқа мерзім ішінде Өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты дамытудың жоспарын немесе жол картасын қабылдау тапсырылды. Өзара тиімді жобаларды қаржыландыру мақсатында Қазақстан-Әзербайжан тікелей инвестиция қорының қызметін жандандыруға келістік. Екі елдің іскерлік топтары арасындағы қарым-қатынасты одан әрі кеңейту қажеттігіне назар аудардық. Осы ретте сапар аясында өтіп жатқан Қазақстан-Әзербайжан бизнес форумының маңызы зор, – деді Президент.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Тоқаев пен Әлиев стратегиялық серіктестікті нығайту жөнінде келіссөз жүргізді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *