“Баланы сүндеттеу – балаға жасалған зорлық” дейді Марат Толыбай

Жаңалықтар
view 171
news

Сурет: көрнекілік үшін

Әлеуметтік желідегі парақшасында танымал кәсіпкер Марат Толыбай бала сүндетіне қатысты пікірін жазып, жұртты шулатып жатыр деп хабарлайды janabastau.kz Democrat.kz-ке сілтеме жасап. 

“Қазақстанда, басқа да мұсылман елдері сияқты, діни себептермен ұл балаларға жас кезінен сүндет жасату дәстүрі қалыптасқан.

Менің ойымша, бұл дұрыс емес, себебі бұл – балаларға жасалатын зорлықтың бір түрі.

3-5 жастағы бала өзінің діни ұстанымын әлі толық түсінбейді және саналы таңдау жасай алмайды.

Ал ата-анасы оның орнына шешім қабылдап, оны мұсылман не яһуди ретінде тәрбиелеуді ұйғарса, бала бұл жағдайда дәрменсіз.

Сондықтан мұндай жастағы ұл балаларды сүндетке отырғызу – бұл нағыз балаларға жасалатын зорлық деуге болады.

Иә, біз кейде балаларды бір нәрсеге мәжбүрлейміз, мысалы, ауырғанда дәрі ішкіземіз, үй тапсырмасын орындатамыз, ерте ұйықтатамыз.

Бірақ бұл әрекеттердің барлығы баланың денсаулығы мен дамуы үшін жасалады. Ал сүндеттеу туралы бұлай айту қиын.

Кейбір ата-аналар сүндеттеуді гигиеналық себептермен түсіндіруге тырысады – денсаулыққа пайдалы дейді. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды.

Шынында, кейбір ерекше жағдайларда ғана дәрігерлер белгілі бір дертке байланысты сүндеттеуді ұсынады. Бірақ бұл – жаппай жасалатын нәрсе емес, тұтас ұлтқа арналмаған.

Егер бұл барлық ер адамдар үшін шын мәнінде қажет болса, онда бүкіл әлем солай жасар еді. Бірақ жер бетінде миллиардтаған ер адам сүндеттелмеген, соған қарамастан дені сау, бақытты өмір сүріп жатыр.

Сондықтан сүндеттеуді денсаулықпен байланыстыру – жалған сылтау.

Меніңше, Қазақстанда бала жаста сүндетке отырғызуға заң жүзінде тыйым салу керек. Бұл шешімді әр адам 18 жасқа толған соң, өзі саналы түрде қабылдауы тиіс.

Қай дінді ұстанатынын, қандай конфессияға кіретінін тек өзі шешкені дұрыс” деп жазды Марат Толыбай.

Кәсіпкердің бұл жазбасын мазақ етіп, қарсы пікір жазып жатқандар өте көп. Алайда титтей баланың келісімінсіз оның денесін жарақаттау дұрыс емес дегенге саятын пікір жазып жатқандар да бар.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *