Бақылаудың бір бөлігі: Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жаңа өкілеттік берілді

Жаңалықтар
view 55
news

Фото: gov.kz

Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жаңа функциялар мен өкілеттік берілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚК өкілеттігін кеңейтетін жаңа шешімді бекітті. Тиісті «Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа 2025 жылғы 25 желтоқсанда қол қойылды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Құжатта басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында бірқатар функцияны қайта бөлу қарастырылған. Атап айтқанда, ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік бақылаудың бір бөлігі енді ҰҚК құзырына өтеді.

Жарлыққа сәйкес, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің информаттандыру саласындағы мемлекеттік бақылау жөніндегі өкілеттіктері ҰҚК-ге беріледі. Бірақ бұл толық көлемде емес, нақты бағытпен шектеледі.

Сөз критикалық маңызды ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарының ақпараттық қауіпсіздігі туралы. Яғни, ел үшін маңызы жоғары жүйелер мен сервистердің киберқауіпсіздігіне қатысты бақылау тетігі күшейтіледі.

Сонымен бірге ҰҚК-ге берілетін өкілеттік шегінде министрліктің құқықтары мен міндеттемелерінің құқықтық мирасқоры болып танылады. Бұл — келісімшарттар, жауапкершілік және рәсімдер сияқты міндеттер де бірге өтеді дегенді білдіреді.

Жарлықта Үкіметке ҰҚК-пен бірлесіп қажетті заңнамалық өзгерістерді әзірлеу тапсырылған. Сондай-ақ құжатты іске асыру үшін нақты ұйымдастырушылық шаралар қабылдануы тиіс.

ҰҚК өз кезегінде комитет туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасын Президенттің қарауына ұсынуы қажет. Жарлықтың орындалуын бақылау Президент Әкімшілігіне жүктелген.

Құжат қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *