Бастапқы жарнасыз 1% мөлшерлемемен ипотека іске қосылды

Жаңалықтар
view 109
news

Фото: inbusiness.kz

«Отбасы банк» «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында ипотекалық несие беруді бастады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі қаржы ұйымының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ауыл тұрғындарына жәрдемақы да беріледі

«Отбасы банк» «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша несие беруді бастады. Несие мөлшерлемесі – 1%, бастапқы жарна – 0%», – делінген хабарламада.

Биыл осы бағдарлама арқылы 200 қазақстандық тұрғын үйге қол жеткізді. Бағдарламаға ауылдық елді мекендер мен аудандарда жұмыс істеу және тұру үшін келген мамандар қатыса алады.

Несие қаражатын үй сатып алуға немесе салуға пайдалануға болады. Несие сомасының ең жоғары көлемі 2 500 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 2025 жылы 9,83 млн теңге, ал өтеу мерзімі – 15 жылға дейін. Бағдарлама бойынша қаржыландыруды мемлекет қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар ауыл тұрғындарына көтерме жәрдемақы да беріледі – бұл бір реттік төлем, көлемі 100 АЕК немесе 393,2 мың теңге (2025 жылы). Бұл көмек үйді жабдықтауға және алғашқы қажетті заттарды сатып алуға арналған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Зейнетақы жинағын енді «ипотеканы» жеңілдету үшін пайдалануға болады

Тізімді кім жасайды

Бағдарламаға техникалық, кәсіптік, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар, әрі кемінде үш жыл бойы сұранысқа ие салаларда жұмыс істейтін қазақстандықтар қатыса алады: білім беру; денсаулық сақтау; әлеуметтік қамсыздандыру; агроөнеркәсіп кешені; мәдениет; спорт; ауылдық округ әкімдері аппаратындағы мемлекеттік қызмет (әкімдер мен олардың орынбасарларын қоспағанда). Осы салалар бойынша қажет мамандардың жергілікті тізімін жыл сайын аудан және ауыл әкімдіктері жасайды. «Отбасы банк» несиелері осы тізім аясында беріледі.

Бағдарламаға қатысқысы келетіндер алдымен жергілікті әкімдікке барып, өз елді мекенінде қандай мамандар қажет екенін анықтауы тиіс. Егер әкімдік, мысалы, дәрігер немесе агроном керек екенін растап, тұрғынға қолдау көрсететінін мәлімдесе, онда ол бағдарламаға жолдама алады және содан кейін Baspana Market (otbasybank.kz) порталы арқылы өтініш бере алады.

Кейінгі екі жылда бұл бағдарлама арқылы 7 188 отбасы тұрғын үй мәселесін шешті. Оның ішінде 2023 жылы 17,7 млрд теңгеге 3 483 несие, ал 2024 жылы 29,6 млрд теңгеге 3 705 несие берілген.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *