Белгілі жазушы, профессор 76 жасында алаяқтарға алдынып, жалғыз үйінен айырылды

Жаңалықтар
view 199
news

Сурет: adebiportal.kz

Қазақстанның белгілі қаламгері, филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы және журналистика теоретигі Кәкен Қамзин қартайған шағында алаяқтарға алданып, жалғыз пәтерінен айырылып қалудың алдында тұр. Бұл туралы Janabastau.kz ақпарат агенттігі хабарлады.

Қоғам қайраткерінің мыңдаған шәкірті мен әріптестері бүгінде әлеуметтік желіде құқық қорғау органдарынан және қоғам белсенділерінен көмек сұрап жатыр.

Кинодағыдай айламен алдаған

Журналист Айбар Олжайдың айтуынша, алаяқтар алғашында өзін Энергосбыт өкілі ретінде таныстырып, жазушының жеке мәліметтерін — ЖСН, мекенжай, пәтер нөмірі сынды деректерін білген. Кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті атынан хабарласып, үйін біреулер тартып алмақ деген желеумен жылжымайтын мүлкін тез арада сатуға көндірген.

Алаяқтар "алынған қаражатты Ұлттық банктің қауіпсіз шотында сақтаймыз" деген уәдемен Кәкен Қамзинді алдап, курьер арқылы қолма-қол ақшаны алып кеткен. Нәтижесінде, жазушы жалғыз баспанасынан айырылып, қазіргі таңда пәтерін иеленіп үлгергендердің қысымына тап болуда.

Қылмыстық іс қозғалды, бірақ қауіп сейілген жоқ

Аталған жайт бойынша Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғаған. Дегенмен, Кәкен Қамзиннің өзі қазіргі таңда үйінде "баррикада" құрып, сырттан келетін қауіптен қорғанып отыр. Пәтерді сатып алғандар түн мезгілінде келіп, қоқан-лоққы көрсетіп жатқан көрінеді.

Қоғам үн қатты: Адвокаттар мен депутаттар араласуы керек

Желі қолданушылары мен зиялы қауым өкілдері Ішкі істер министрі Ержан Саденовтен істі жеке бақылауға алуды сұрайды. Сонымен қатар, белгілі адвокат Абзал Құспаннан заңгерлік көмек көрсету, ал профессордың шәкірттері – Мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжан, Нартай Сарсенғалиев, журналистер Мақсат Толықбай мен Ермұрат Бапиден бұл іске араласу сұралуда.

Жазушыны үйінен заңсыз айырған мәмілені сот арқылы жарамсыз деп тану үшін заңгерлер мен қоғамның жанашыр көмегі ауадай қажет.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *