Бір шаңырақ астындағы ел: Қазақстандағы азаматтық бірегейлік.

Жаңалықтар
view 71
news

Сурет: gov.kz

Қазақстан – бірлігі жарасқан ел. Ұлт пен ұлыстың, түрлі дін мен мәдениеттің өкілдері бір атаның баласындай, бір ананың сүтіндей қасиетті Отан топырағында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бұл – жай ғана кездейсоқтық емес, бұл – жылдар бойы жүргізілген саналы саясаттың, ел ішінде орныққан өзара сыйластық пен түсіністіктің жемісі. Ал мұның өзегі – жалпы азаматтық бірегейлікті қалыптастыру идеясы. 

Бүгінгі таңда бізді біріктіретін не? Бұл – ортақ тарих. Бұл – Ата Заңымызда бекітілген тең құқықтар мен міндеттер. Бұл – аспанымызда желбіреген көк байрақ, жүрек төріндегі елтаңба, салтанатты сәттерде шырқалатын Әнұран. Бұл – Қазақстан деп аталатын туған жерге деген ортақ махаббат.

Еліміздің көпэтносты, көптілді, көпмәдениетті екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл ерекшелік – біздің байлығымыз. Алайда дәл осы ерекшеліктер қоғамды бөліп-жарып, алауыздыққа апармауы үшін бәріміздің де ортақ ұстанымымыз болуға тиіс. Ол – азаматтық бірегейлік.

Яғни, әрбір қазақстандық өз ұлтына, дініне немесе тіліне қарамастан, ең алдымен өзін Қазақстан Республикасының азаматы ретінде сезінуі керек. Бұл – ұлттың бірлігі мен мемлекеттің тұрақтылығы үшін аса маңызды.

Соңғы жылдары қоғамда «Мен – қазақпын» дейтін санаға қоса, «Мен – Қазақстан азаматымын» дейтін кең ауқымды түсінік тамыр жайып келеді. Бұл – аса жағымды құбылыс. Себебі ол адамды тек этностық деңгейде емес, мемлекеттік, азаматтық деңгейде ойлауға жетелейді. Еліміздің әр азаматы мемлекетпен ортақ тағдыр, ортақ жауапкершілік арқалап келе жатқанын сезіне бастады.

Мектептер мен университеттерде патриоттық тәрбиеге басымдық берілуде. Балалар мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарап, еліміздің тарихын, құндылықтарын үйреніп өсіп келеді. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде «Біз – бір елміз!», «Бірлік – болашағымыз!» деген ұрандар жиі көтеріледі. Бұл да ел ішінде азаматтық тұтастыққа бетбұрыстың айғағы.

Бейбітшілік – біз үшін тек сөз емес. Бұл – бүгінгі тыныш таңымыздың, ашық аспанымыздың кепілі. Қиын-қыстау кезеңдерде ұлтаралық жанжалдарға жол бермей, барша ұлт пен ұлысты ортақ шаңырақ астына біріктірген Қазақстан бүгінде халықаралық аренада бейбітшілік пен келісімнің символына айналды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы осы бірегейлік пен келісімнің нақты көрінісі іспетті. Оның мақсаты – этностар арасында тек өзара сыйластықты ғана емес, ортақ азаматтық сезімді де қалыптастыру. Бүгінде Ассамблея – Қазақстан қоғамының бейбіт жолмен дамуына қызмет етіп келе жатқан беделді институт.

Қазақта «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген аталы сөз бар. Біздің бірлігіміз – тек қанмен немесе тектілікпен емес, ортақ мақсатпен, ортақ мүддемен байланысқан бірлігіміз. Азаматтық бірегейлік – осы бірліктің алтын арқауы. Егер әрбір қазақстандық өзін мемлекеттің толыққанды азаматы ретінде сезініп, осы ел үшін жауапкершілік арқаласа – Қазақстанның келешегі кемел, болашағы баянды болмақ.

Біз бір елміз. Біздің тағдырымыз – ортақ. Ал Отанымыз – жалғыз. Сол Отанды сүю – әрбір азаматтың қасиетті парызы.

Қайырбай Мәжитұлы, ҚХАА ЖК мүшесі.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *