Бостандық ауданында жаңа газ құбыры салынғаннан кейін 3,5 мыңнан астам алматылық тұрақты газбен қамтамасыз етіледі
Сурет: Алматы қаласының әкімдігі
Алматы әкімі Ерболат Досаев жұмыс сапары барысында Бостандық ауданындағы Жароков көшесінен Бұқар Жырау бульвары арқылы Есентай өзеніне дейінгі газбен жабдықтау желілерін қайта құру жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды janabastau.kz.
Орташа қысымды, ұзындығы 1766,9 метр болатын жер асты газ құбыры 1972 жылы пайдалануға берілген және нормативтік 40 жылдық қызмет мерзімін өтеген. Газ құбырының оқшаулау жабыны мен құбыр коррозия түріндегі зақымданулар анықталды. Газбен жабдықтау жүйесінің қауіпсіздігі мен сенімді жұмысын қамтамасыз ету үшін газ құбырын шұғыл ауыстыру қажет болды.
Биыл қыркүйек айында қала әкімі бастамашы болған «Инвестицияға айырбас тариф» республикалық бағдарламасы аясында құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Жұмыстар осы жылдың соңына дейін аяқталады. Газ құбыры Бұқар Жырау бульварының оңтүстік жағындағы жолдың жиектастарына жақын бөлігінде төселуде. Шұңқырдың ені 0,8 метрден 1 метрге дейін.
Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін 3,5 мыңға жуық абонент тұрақты газбен қамтамасыз етіледі.
Пікірлер (0)