Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек
Жаңалықтар
85
Мәжіліс депутаты юлия кучинская қаланың бұрынғы мен қазіргі жағдайын салыстыруға келмейтінін айтты.
Қаңтар айының 8 жұлдызында Қосшы қаласына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Юлия Кучинская арнайы іссапармен келіп, өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстармен етене танысты.
Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасеновтің төрағалығымен өткен Мәжіліс депутатының жергілікті активпен кездесуіне атқарушы орган өкілдері, «AMANAT» партиясының қалалық мәслихаттағы депутаттық фракциясының және қоғамдық кеңестің мүшелері қатысты. Аталған жиында шаһар басшысы кейінгі жылдары атқарылып жатқан жұмыстарды айшықтап, қаланы дамыту жолында жеткен жетістіктер мен ағымдағы жылдың жоспарларын тілге тиек етті. Әкім қаланы ауызсумен, электр энергиясымен, жылумен қамтамасыз ету, коммуналдық-шаруашылық жұмыстарын жолға қою, тұрғын үйлер мен әлеуметтік маңыздағы нысандар құрылысы, аулаларды абаттандыру, жол-көше салу және жарықтандыру, балалар алаңдарын жасақтау, т.б. бағытында қолға алынған ауқымды іс-шараларды жүйе-жүйесімен әңгімелеп берді. Гайдар Қабдоллаұлы қаланың ауыл кезінен қалған, көп жылдардан бері қордаланып жатқан проблемалары біртіндеп шешіліп келе жатқанын жеткізді. Мәжіліс депутаты Юлия Кучинская өз кезегінде Қосшыға осыдан екі-үш жыл бұрын келіп-кеткенін, сол уақытта қалада науқастарды қабылдайтын емхананың жоқтығын, мектепте оқушылар үш ауысыммен оқығанын, жол, жарық, ауызсу мәселесі әбден ушығып тұрғанын еске алды.
Мәжіліс депутаты, сондай-ақ, жиынға қатысушыларды Заң шығарушы органның өткен жылғы жұмысымен таныстырып, бюджет мәселелерін және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сатып алу туралы заңын талқылады. Мәжіліс депутаты Юлия Кучинская сапар барысында «AMANAT» партиясының 2023- 2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы бойынша Жол картасында бекітілген Дене шынықтыру және сауықтыру орталығының құрылысымен танысты. Сондай-ақ партияның қалалық филиалында азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, тұрғындардың көкейкесті сауалдарына жауап берді.
– Міне, бүгінде Қосшы қаласында 100 орындық қалалық емхана жұмыс істейді. Былтыр жаңадан 1 500 орындық мектеп-гимназия және 1 200 орындық орта мектеп пайдалануға беріліп, үш ауысымдық оқу проблемасы түбегейлі шешілді. Биыл үшінші тоқсанда Абай көшесінің бойынан 1 200 орындық тағы бір мектеп пайдалануға берілгелі отыр. Мұның бәрі қаланың қарқынды дамып келе жатқанын, ол кездегі жағдай мен қазіргі жағдайдың мүлдем салыстыруға келмейтінін көрсетеді, – деді Юлия Кучинская.
Дәулет АСАУ
Пікірлер (0)