Бұл сайлауға жоғары баға беремін – Пәкістанның Сайлау жөніндегі бас комиссары

Жаңалықтар
view 27
news

Фото: ақпараттық ресми дереккөзден

Қазақстандағы алғашқы Құрылтай сайлауын бақылауға келген халықаралық байқаушылар дауыс берудің ұйымдастырылуына назар аударды. Солардың қатарында Пәкістанның Сайлау жөніндегі бас комиссары Сикандар Сұлтан Раджа да бар. Ол Астана қаласындағы 228 сайлау учаскесіндегі дауыс беру барысын бақылап, сайлаудың ұйымдастыру деңгейін жоғары бағалады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, сайлау учаскелеріндегі ұйымдастыру деңгейі мен тәртіп мәселесі ерекше әсер қалдырған. Пәкістандық байқаушы бақылау барысында сайлау процесіне қатысушылармен пікір алмасып, олардың атқарып жатқан жұмыстарына жауапкершілікпен қарайтынына көз жеткізген. 
«Біз жаңа ғана сайлау учаскесінде болдық. Ондағы тәртіп пен ұйымдастыру деңгейі бізге өте жақсы әсер қалдырды. Сонымен қатар халықаралық байқаушылардың бұл процеске үлкен қызығушылық танытып отырғанын көрдік», деді Сикандар Сұлтан Раджа. 
Халықаралық байқаушының айтуынша, әртүрлі мемлекеттердің өкілдері Қазақстандағы сайлау процесіне қызығушылық танытып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.
Пәкістанның Сайлау жөніндегі бас комиссары Қазақстанның сайлау жүйесіндегі цифрлық шешімдерге де назар аударған. Орталық сайлау комиссиясының цифрлық жобаларымен танысу барысында бірқатар бастамалардың халықаралық тәжірибе тұрғысынан қызығушылық тудырғанын атап өтті.
«Біз Орталық сайлау комиссиясының цифрлық технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстарымен таныстық. Бұл біз үшін де пайдалы болды. Көптеген бастамаларды озық тәжірибе ретінде қарастыруға болады. Біз бұл жерден көп нәрсе үйрендік», - деді шетелдік байқаушы.
Қазақстанда сайлаушыларға ақпарат беруді және сайлау процесін ұйымдастыруды жеңілдететін цифрлық сервистер де қолданылуда. Мәселен, ОСК сайлаушылардың сайлау учаскесіндегі тіркелуін тексеруге мүмкіндік беретін онлайн сервистерді іске қосқан. 
Сөз соңында Сикандар Сұлтан Раджа Қазақстандағы Құрылтай сайлауы елдің дамуы мен мемлекеттің нығаюына оң әсерін беретін тілге тиек етті. 
«Мен бұл сайлауға жоғары баға беремін. Өйткені осы сайлау арқылы жалпы сайлаушылардың өкілдері тікелей сайланады. Менің ойымша, бұл елдің одан әрі дамуына және мемлекеттің нығаюына ықпал етеді. Себебі бұл – қоғамның кең топтарының қатысуын қамтамасыз ететін неғұрлым инклюзивті сайлау болады», - деді Пәкістан Бас сайлау комиссары.
Бұл сайлау Қазақстанның жаңа бір палаталы заң шығарушы органы – Құрылтайды қалыптастыруға бағытталған. Қазіргі сайлау науқаны аясында 145 депутатты сайлау көзделген. 
Сондықтан шетелдік байқаушылар үшін бұл науқанның мәні тек дауыс беру процесін бақылаумен шектелмейді. Олар жаңа саяси институттың қалай қалыптасып жатқанын, сайлау технологияларының қалай қолданылатынын және азаматтардың сайлау процесіне қатысуын да бағалап отыр.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *