БЖЗҚ-дан ақшаны заңсыз шығартып алған жинақ иелері жазадан құтылды
Фотосурет: автордікі
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) қаражатты заңсыз шығару фактілері бойынша жинақ иелеріне жауапкершілік жүктелмейтін болды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлімдеді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Енді қазақстандықтарға ешқандай айып тағылмайды. Себебі олар өз жинақтарын пайдаланған. Дегенмен зейнетақы қаражатын мерзімінен бұрын алу фактісі болғанмен, қылмыстық жаза тек алаяқтық схеманы ұйымдастырған тараптарға қолданылады.

Азаматтарға кінә артылмайды. Олар өздерінің қаржысын алды. Бірақ БЖЗҚ қаражатын заңсыз шығару ісіне тікелей қатысқан стоматологиялық клиникалар мен ұйымдастырушылар жауапқа тартылады, – деді Жеңіс Елемесов.
Агенттіктің мәліметінше, мемлекеттік зейнетақы қорындағы қаржы негізінен тіс емханалары арқылы заңсыз алынған. Кемінде 5 топ өкілдері жеткіліктілік шегінен асқан жинақтары бар азаматтарды тауып, қызметін жарнамалаған.
Келісімге келген клиенттерге мемлекеттік емханалардың дәрігерлік-консультативтік комиссиялары «зейнетақы жинағы есебінен стоматологиялық ем қажет» деген жалған қорытынды дайындаған. Ал жеке клиникалар құны 17 миллион теңгеге дейін жететін қымбат шетелдік пломба орнатылғаны туралы жалған құжаттар мен түбіртектер берген.
Осы негізде зейнетақы қаржысы шешіліп, делдалдар оның шамамен 30 пайызын өз үлесі ретінде алған. Қалған сома жинақ иелеріне қолма-қол ақша түрінде беріліп отырған.
Пікірлер (0)