Дәлелсіз жағымсыз пікір жазғандар сотқа тартылуы мүмкін
Сурет: ашық дереккөзден
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте заңгер Лера Абдулхаирова еш дәлелсіз жағымсыз пікір жазған қазақстандықтарға сотқа шақырту жіберілуі мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Janabastau.kz.
Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі сұлулық салонында қасын жасатамын деп күйік шалған қыздың оқиғасын айтып берді. Ол 2GIS-те жағымсыз пікір қалдырған кезде, салондағы мамандар ар-намысты қорғау туралы сотқа шағым түсіреміз деп қорқытқан. Заңгер қызға салонның бұған құқығы бар екенін айтқан.
"Сонда адам сотта жеңіп шығып, қызмет сапасыз көрсетілгенін дәлелдесе ғана пікір жазып қалдыруына бола ма?", - деп сұрады журналист.
"Интернетте пікір қалдырмас бұрын, шынымен сот-медициналық сараптамадан өтуіңіз керек. Сот шешімінен кейін ғана, расымен косметологиялық орталықта күйіп қалғаныңыз, яғни жүргізілген сапасыз процедура фактісі болса ғана пікір қалдыра аласыз. Әйтпесе қызмет көрсететін адам өзінің іскерлік беделі, ар-намысы мен абыройын қорғауы үшін сотқа жүгінуі мүмкін", - деп түсіндірді "Фемида" қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау орталығы" қоғамдық ұйымының заңгері Лера Абдулхаирова.
Пікірлер (0)