Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері: Қосшы инвесторларға тартымды қалаға айналуда
Сурет: Қосшы қаласы әкімдігі
Қосшының ауылдан қалаға айналғанына көп болған жоқ. Қысқа уақыт ішінде шаһарда тындырымды тірлік көптеп атқарылды. Нәтижесінде Қосшы инвесторларға тартымды қалаға айналып отыр,- деп хабарлайды Janabastau.kz.
Бүгінде Астанаға іргелес орналасқан қалада өндіріс ошақтарының саны да артып келеді. Қосшыда ет өндірісі, темір бетон өнімдерінің өндірісі, пластикалық бұйымдар, пластик терезе, жиһаз өндірісі қарқын алған. Өткен жылы шаһарға 42 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Сонымен қатар биыл жеке инвестиция есебінен 500 адамға арналған асханасы бар қалалық мешіттің құрылысы қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Алла үйі жуық арада ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Халықтың кәсіпкерлікпен айналысуына да жағдай жасалған. Бүгінде қалада 3000-нан астам шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істеп тұр. Бұл Қосшыда «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы іске асып жатқанының белгісі.
Ауыз толтырып айтатын жаңалық, жуырда Қосшы қаласында «ALAN» спорттық сауықтыру кешені халыққа пайдалануға берілді. Бұл қаладағы тұңғыш денешынықтыру-сауықтыру орталығы болып табылады.
Кешен заманауи спорттық жабдықтармен және барлық қажетті материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған, халықаралық стандартқа сай ғимарат екенін атап өткен жөн. Спорттық кешен ересектер мен балаларға арналған бассейндер, спорт залы, күрес және ойын залымен де қамтылған. Сыртқы аумағы толығымен абаттандырылған кешен айналасында түрлі жаттығу тренажерлары да орнатылған. Спорттық кешен күніне 300 адамды қабылдауға қауқарлы. Сонымен қатар Олимпиада тізіміне енген спорттың 10 түрінен секциялар да жұмыс істейді.
Осыған дейін Қосшыда жүзу бассейні болмаған еді. Енді бассейн үш ауысымда күніне 90 адамды қабылдай алады.
Қалада ауызсу мәселесі өзектілігін жоймаған. Қосшы қаласында ауыз су тапшылығы мәселесін шешу үшін жеке инвестициялар қаражатын тарту шарасы қарастырылған. Аталған бағытта қала үшін негізгі су алу көзі болып отырған Нижнероманов кен орнынан Қосшы қаласына дейін екінші кезеңмен су тарту және су құбырын салудың жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу жоспарлануда. Нәтижесінде бұл жоба қала тұрғындарына су беру көлемін тәулігіне 10-15 мың текше метрге дейін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Айта кету керек, Қосшыда су сорғызу станциясы бар, алайда, құрылысы толық аяқталмаған күйінде тапсырылған болатын. Мәселен, сала мамандары 2021 жылы бір үйді суға қосу үшін толықтай қаланы ауыз судан шектеуге мәжбүр болатын. Ал қазір бұл мәселе шешімін тауып отыр.
МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Қосшы қаласының аумағына кіретін Тайтөбе ауылы да қарқынды дамып келе жатыр. Жыл басында ауылда тұңғыш рет Мәдениет үйі еңсесін тіктеді.Бұл жаңалық тастөбеліктер үшін тарихи оқиға болғаны ақиқат. Ғимараттың сыйымдылығы екі жүз орынға арналған. Мәдениет пен руханиятты дамыту үшін есігін айқара ашқан мекеме кітапхана, концерт залы, коворкинг, көрме және жәрмеңкелер үшін арнаулы орындармен қамтылған.
Сонымен қатар, Тайтөбе таланттарының талабын ұштайтын домбыра, эстрадалық вокал, би өнерінің үйірмелері тегін жұмыс істеп тұр. Бұл жастардың уақытын тиімді ұйымдастырып ғана қоймай, жастардың өнерін шыңдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қосшыда тұрғын үй аулаларын абаттандыру жұмысы қарқын алған. Мәселен өткен жылдың өзінде Қосшыда 13 ойын алаңы орнатылған.
300 ОРЫНДЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНА САЛЫНАДЫ
Қосшы қаласында 1000 келушіге арналған емханасы бар 300 орындық көпсалалы аурухана бой көтереді. Жуырда Ақмола облысының әкімдігі мен «Viamedis» компаниясы арасында денсаулық сақтау мекемесінің құрылысын салу туралы меморандумға қол қойылды. «Viamedis» ЖШС-тің басшысы Әсет Ахметов, емханасы бар жаңа көпсалалы облыстық аурухана Қосшы қаласы мен оған жақын 6 аудан тұрғындарына барлық қажетті медициналық көмек көрсететінін айтады.
Сондай-ақ медициналық мекемеде ата-аналар бөлімі, жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге арналған патология және онкологиялық көмектің толық кешені болады деп жоспарлануда. Ең бастысы, маман тапшылығы мәселесін шешу жолы алдын ала қаралған. Яғни ауруханаға кадрларды тарту үшін арнайы 96 пәтерлі үй мен пансионат салу көзделіп отыр.
2024 жылға елімізде «Қуатты өңірлер ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде ауылдық елді-мекендер мен қалаларды сумен жабдықтауға және кәріз жүйесін дамытуға Ұлттық қордан 203, млрд теңге мөлшерінде нысаналы трансферттен қаражат көзделген.
Лаура Келдібек
Пікірлер (0)