ҰЛТТЫҚ ЖОБА ҚОСШЫДА ОҢ НӘТИЖЕ БЕРУДЕ
Суреи: Қосшы қаласының әкімдігі
Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобалар форматына көшу жүзеге асырылды. Осы тұста Қосшы қаласында Ұлттық жоба негізінде атқарылған шаралар оң нәтижесін беруде,- деп хабарлайды Janabastau.kz.
Тіпті жыл сайын дамып келе жатқан қала Ақмола облысында көптеген әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша үздіктер қатарында. Президент Қасым – Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда жол салу және оны жөндеу жұмыстары экономиканың дамуына тың серпін беретінін айтқан болатын.
Мемлекет басшысының сөзінше, соңғы бес жылда ішкі нарықтағы газ 40 пайызға, яғни 12 ден 17 миллиард текше метрге дейін артқан. Осы ретте Қазақстандағы газдың бағасы ТМД елдерінің ішінде ең төменгі деңгейде болып отыр екен. Осы тұста Қосшы қаласында газ тарту желілерін жобалау жұмысы аяқталды. Яғни жуырда шаһарда халықты газдандыру жұмысы қолға алынады. Сала жауаптыларының сөзінше, 2021 жылы Қосшы қаласын газбен жабдықтаудың жобалық сметасын әзірлеу жұмысы басталған болатын. Ал өткен жылдың тамыз айында газ құбыры мен газ тарату желілерін жобалау бойынша атқарылған шаралар толығымен аяқталып, мемлекеттік сатып алу шарасы өтіп, жеңімпаз «Әлия Сервис» ЖШС келісімшарт жасалыпты. Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасеновтің сөзінше, 2024 жылға республикалық бюджеттен 4 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінеді деген жоспар бар. Дегенмен, мердігер компания мамыр айында өз қаражатына тиісті алғашқы жұмыстарды бастап кеткен. Ал Тайтөбе ауылын газбен қамтамасыз ету Қосшы қаласынан жүзеге асырылады. Сонымен қатар шаһар басшысы алдағы уақытта газбен жылыта алатын жылыту қазандығын салу бойынша инвестор тарту бойынша жұмыс жоспарланып жатқанын жеткізген еді.
ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ
Өткен жылы Қосшыда жалпы 35 шақырым, ал Тайтөбе ауылы бойынша алғаш рет 8 шақырым жолға асфальт төселді. Айта өтсек, биыл шаһардағы жол құрылысына бюджеттен 800 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген. Шаһарда жол құрылысына қатысты шаралар, яғни жол жолақтарын жүргізу және өткен жылы басталған жұмыстар жалғасын табуда. Қуанышты жаңалық! Ағымдағы жылы «Лесная поляна» тұрғын алабында ескі жабындарды сүріп, қайтадан жаңарту жұмыстары жалғасуда. Жол салу жұмысы ішкі жолдары 40 шақырымды құрайтын Тайтөбе ауылында да қарқын алған. Биыл да ауылға жол салу шарасы жалғасын табады.
Осы тұста республикалық бюджеттен 3 млрд теңге бөлінген. Оған сәйкес 12 шақырым жол салынады, яғни бұл ауылдағы 26 көшеге асфальт төселеді деген сөз. Өткен жылы 8 шақырым, 2022 жылы 5 шақырым жол салынса, биыл бұл көрсеткіш 12 шақырымға артқан. Бірнеше жыл қатарынан жүйелі жүргізілген жұмыстың нәтижесі де көңіл қуантады. Жоспар бойынша күздің соңына дейін ауылды асфальттау жұмысы толық аяқталады деп күтілуде. Бұдан бөлек, жаяу жүргінші жолын салу да жобаға енгізілген.
ҮШ АУЫСЫМДЫ МЕКТЕП МӘСЕЛЕСІ ТҮБЕГЕЙЛІ ШЕШІЛДІ
Бүгінде Қосшыда 7 орта мектепте 11 мыңға жуық оқушы сапалы білім алуда. Өткен жылы шаһарда 1200 және 1500 орынға лайықталған қос мектеп қолданысқа берілген болатын. Атап, өтетін жайт, ел игілігіне берілген мекептің бірі жеке инвестицияның қаражатына салынған.Нәтижесінде көп жылдар бойы қордаланып келген мәселе, яғни үш ауысымды мектеп проблемасы толығымен шешілді. Бұл қаладағы Ұлттық жобаның оң нәтижесін беріп жатқанын тағы біррет дәлелдеп отыр.
БАСПАНА - БАСТЫ МӘСЕЛЕ
Қосшыда баспана мәселесі назардан түскен емес. Осы тұста қалада халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарына арналған 120 пәтерді сатып алу жұмысы жоспарланып отыр. Айта кетсек, жуырда Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қосшы қаласына жұмыс сапарымен барып, «Лесная поляна» тұрғын алабында, сондай-ақ кезекте тұрғандар үшін пәтерлер берілетін «Ақ шаңырақ» және «Dream Park» тұрғын үй кешендерінде атқарылып жатқан жұмысты бақылаған еді. Қуантарлығы, жуырда алғашқы 20 пәтерде қоныс тойы тойланады деп күтілуде. Айта кетсек, қалада 120 пәтерді сатып алуға бюджеттен 2,2 млрд теңге бөлінген.
КӨП БЕЙІНДІ АУРУХАНА БОЙ КӨТЕРЕДІ
Елімізде денсаулық сақтау саласының дамуы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басты назарына алынған. Елде денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді Тұжырымдамасы да бекітілген. Тұжырымдаманы іске асырудың бірінші кезеңі 34 басты жобада көзделген денсаулық сақтаудың негізгі нысандарын жобалау мен салуды қамтуда. Осы тұста Қосшыда тағы бір шешілген мәселенің бірі денсаулық сақтау саласына қатысты екенін атап өткен жөн. Қазір Қосшы тұрғындарына қалалық емхана сапалы қызмет көрсетіп келеді. Тіпті алдағы уақытта қалада көп бейінді аурухана салу көзделген. Қосымша ақпар, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елде жалпы саны 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек беру нысанын салу көзделген болатын. Өткен жылдан бері жүзеге асып келе жатқан бағдарлама шеңберінде 95 нысан пайдалануға берілген.
Балнұр Ілесхан
Пікірлер (0)