«Dara kids» есігін айқара ашты
«Бүгін ерекше күн. Жаңалыққа жаны құмар қала тұрғындары үшін заманауи балабақша ашылғалы тұр. Сайра Әйтенқызының еңбекқорлығымен елдің дамуына қосқан үлесі зор. «Дара» мектебінің өзіндік орны бар екенін білесіздер, сондықтан «Дара» балабақшасынан тәлім алған бала да тек алдыңғы қатардан көрінеді деп сенеміз. Қала саны қарқынды өсіп келе жатыр. Сол себепті балабақша артық болмайды. Балалардың жолы ашық болсын!», – деп ізгі ілегін арнады шаһар басшысы Гайдар Қаболлаұлы.

Қосшы қаласының білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан «Дара» мектеп-лицейінің құрылтайшысы, «Dara kids» балабақшасының негізін қалаушы Сайра Әйтенқызы Қосшы қаласында жиі орын алып жатқан көңіл қуантарлық жақсы жаңалықтарға өзінің де үлес қосып жүргеніне қуанышты екенін жеткізе келіп: «Білім саласында біздің аймақта мәселе болмаса екен дейміз. Кішкентай баламен жұмыс істеу өте қиын екендігін білемін. Сондықтан бұл шешімге тәуекел ете алмай біраз ойландым. Бірақ біздің ұжымның білімділігі мен қабілеттілігінің арқасында осындай түйінге келдік. Біздің бизнес мектебімізге баланы өзіміз дайындап әкелуіміз керек дедік. Мұндағы методика басқа. Баланы кіші жастан бастап қаржылық сауаттылыққа икемдейміз. Бәрімізге құтты мекен, сапалы білім, саналы тәрбие берер орынға айналсын деп тілейміз» деп ақжарқын лебізізін арнады.
Балабақша бүлдіршіндері сахна төрінде өлең оқып, өнерлерін көрсетті. Ал немерелірінің тәтті қылығына тәнті болған ата-әжелері қуаныштарын жасырмай, ақ батасын беріп жатты, жолдары ашық болсын деп шашуын шашты. Ұлттық құндылықты алдыңғы орынға қойып, баланың ойлау жүйесін соған икемдеу қажет екендігін маңызды мәселе етіп көтеріп жүрген «Жеті ойыншық» балаларды мектепке дайындау жобасының авторы Сәкен Болыс та салтанатты шара қонағы болды. Ол «Аймағымыз биыл білім беру орындарын ашу жағынан алдыңғы қатардан көрініп келе жатыр. Қуанарлық жайт. Істеріңіз берекелі болсын! Баланың болашағы үшін жасалған әрбір іс нәтижелі болсын!» деп ізгі тілегін арнап, балабақша басшылығына кітаптарын тарту етті.
«Dara kids» балабақшасы заман талабына сай жабдықталған. Мұнда балалардың жақсы білім алуы үшін бар жағдай жасалған. Қаржылық сауаттылыққа икемдейтін бөлме, соған орай қажетті кітаптар мен оқу құралдары бар. Ағылшын тілі бөлмесінде де баланың назарын толықтай өзіне аударатындай тақырыптық жасақтау басым. Робототехника бөлмесі мен қыш құмыра жасау шеберханасы тіпті ерекше. Баланың денсаулығы үшін, тыныс алу жолдарының жақсаруына тұзды бөлме де қарастырылған. Ойнап жүріп, ойналуға мүмкіндік мол.
«Қаржылық сауаттылыққа бағыттайтын сабақ бар. Мұнда балаларға 4-6 жасында қаржының қайдан келетіндігін, қалай жұмсау қажет екендігін ойынмен, тапсырмалармен үйретеміз. Оларға қызық болады деп сенеміз» дейді бизнес сауаттылық сабағының ұстазы Әди Мұхтарбекұлы.
Гүлназ БИСЕН
Пікірлер (0)