Жастар артылған жүкті абыроймен алып шықты

Редакция таңдауы
view 107
news

Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қабдоллаұлының қатысуымен “Жасыл ел” жобасының жабылуы салтанатты түрде өткізілді. Жоба биыл Қосшы қаласында алғаш рет жүзеге асырылған болатын. Мұнда 66 жас маусымдық жұмысқа атсалысып, қаланың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, тазалығын сақтау бағытында жұмыс істеді. Жабылу салтанатында қала басшысы үздік еңбек еткен жастарға ризашылығын айтып «Құрметті жастар биыл артылған жүкті абыроймен алып шықтыңыздар. Жоба келесі жылы да жалғасын тауып, қатарларыңыз бұдан да көп болады деген сенімдемін. Қаланың таза болуы бәрімізге қатысты шаруа. Сіздерге тек жақсылық, мол табыс, қажыр-қайрат тілеймін!» деп алғыс хаттарды табыс етті. Еңбекқорлығымен, белсенділігімен көзге түскен Шахназ Смаилова «Жасақта жүріп, жаңа орта, жаңа достар таптым. Осында алғашқы жалақымды алдым. Бұл мен үшін үлкен қуаныш деуге болады», дейді.

«Жастар ресурстық орталығы» КММ бас маманы Мөлдір Маратқызы Қосшы қаласындағы жасақтың атқарған тындырымды ісі жөнінде «Еңбек жасағы Қосшы қаласында бірінші рет жұмыс істедік. Бірақ алғаш рет болғанымен атқарған істің ауқымы кең деуге толықтай негіз бар. «Лесная поляна», «Нұрай» сияқты көпқабатты үйлердің, жаңа мектептердің маңайын, Ұлы дала, Тұран, Абай, Республика көшелерін жинап, тазарттық. «Жасыл ел» еңбек жасағында 12 шілде мен 12 қыркүйек аралығында 66 жас, екі еңбек жасағы жұмыс істеді. Ата аналарының өтініш, келісімі бойынша 15 жастан бастап оқушылар мен студенттер қатарға тартылды. Күніне 5-6 сағат жұмыс істеп 70 000 теңгеден жалақыларын алды. Көшелер қоқыстан тазарды. Күніне қырыққа жуық қапты құрайтын қоқыс жиналды», дейді.

Бір қуанарлығы бағдарламаның ауқымдылығы жыл өткен сайын артып келеді. Бұл дегеніңіз сұраныс бар деген сөз. Жастар жұмылса, алынбайтын қамал, бітпейтін іс жоқ. Өскелең ұрпақты еңбекке баулып, қоршаған ортаны қорғауды ерте меңгеруге үлес қосқан бағдарламамен «таза болса маңымыз, сау болар тәніміз» деген тәмсілдің төңірегінде қаншама игі жұмыстар атқарылды. Мөлдір Маратқызы «Еңбек жасағында жүргендердің басым көпшілігі Қосшы қаласының мектеп жасындағы оқушылары болды. Жазғы демалыс уақытына қарамай, таңертең 9.00-ден кешікпей, уақытылы келіп жүрген жастарға қарап сүйсінесің. Олардың еңбексүйгіштігін ерекшелеп атап өтуге болады. Топта жүріп жастар арасында достық, ұйымшылдық, бірі-біріне деген жанашырлық, жауапкершілік, мейірім, бауырмалдық, берілген істі тиянақты, уақытылы аяқтауға деген ынта сияқты асыл қасиеттер қалыптасты. Әрбір тазартылған аумаққа қарап, олар енді қоқыс тастамайтындай болдық, деп өздерін тәрбиелегендей ой қалдырды»- деп бағдарлама арқылы жастардың шымыр, алғыр, істе тиянақты болуына мол мүмкіндік бар екендігін алға тартты. Жиырмаға жуық жыл өтсе де аталған бағдарлама өзінің маңыздылығын жойған емес. «Жасыл ел» жасағында болған қаншама жастардың Отанға, туған жердің табиғатына деген махаббат, сүйіспеншілігі артып, осы салада өздерін дамытуға жол ашылды, табиғатты көркейте түсудегі арман-мақсаттары бір арнада тоғысты. Жазғы демалысты тиімді, тұрақты жалақымен, туған елдің көркеюі жолында өткізу қай жағынан алып қарасақ та тиімді. Бұл ата-баба аманатына қиянат келтірмей, жер мен судың, көрікті орындардың қалпын жоғалтпай, тазара түсуіне мол септігін тигізер әрекет.

– Жастар осындай жобалар арқылы өмірлік тəжірибе жинап қоймай, табыс тауып та үйренетіні белгілі. Бір жағынан бойларындағы жастық жалынын өлкені көгалдандыруға жұмсайды. Менің екі студент балам бар. Бұл жұмыс оларға, біріншіден, өз уақыттарын ұтымды пайдаланып, қаланы көркейтуге, екіншіден, өздеріне қажетті қаражат алуға және үшіншіден, қоғамға еңбекпен үлес қосуға мүмкіндік берді деп есептеймін. Келесі жазғы демалыста да ұлдарым «Жасыл елге» қатысуды жоспарлап отыр. Бәрі де уақын еншісінде ғой, әрине. Жалпы, аталмыш жоба жастарды белсенділікке, еңбекқорлыққа, патриоттылыққа тәрбиелейді деген ойдамын, дейді қала тұрғыны Әсеман Тұрлыбекова.

14-29 жас аралығында өтініш білдіргендерді еңбек жасағында жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін «Жасыл ел» келер жылы да жаңа биіктерге жол ашып, қатары көбейетініне сенім зор. Өміршең бағдарлама арқылы ұтар тұсымыз көп. Бұл алдымен еңбек арқылы ұрпақты тәрбиелеудің алтын тетігі деуге негіз бар. Жабылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Берген Жұмкей, қалалық мәслихат депутаттары, ақсақалдар алқасы, «Жасыл ел» жасағының қатысушылары мен оларға қолдау білдіріп ата-аналары да келді.

Гүлназ БИСЕН

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *