Қала басшысы халықпен кездесті
Халықтың кәсіпкерлікпен айналысуына да жағдай жасалған. Бүгінде қалада 3070 шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істеп тұр. Халық саны жедел қарқынмен өсіп келеді. Алғашқы жарты жылдықта тек ересек тұрғындар саны ғана 5 мың адамға артып, жалпы саны 18 мыңға жеткен. Бұл есепке балалар алынбаған. Осы уақыт ішінде тұрғындар саны 274 адамға көбейген. Одан бөлек, мұнда тұрғылықты тіркеусіз тұрып жатқан, есепке ілінбегендері қаншама.
Қазір ресми санақ бойынша халық саны 54 мыңға жеткен. Алайда ресми емес дерекке сенсек, тіпті 100 мыңнан асады. Қаланың сумен жабдықтау желілерінің ұзындығы - 158 шақырым, ауыз сумен қамтамасыз етілуі - 85%. Өткен жылдан бастап қатарға 1 500 абонент қосылған. Суды жалпы тұтыну - тәулігіне 7,5 мың текше метр, қуаты тәулігіне 10 мың текше метр. Коммуналдық қызмет атқарған жұмыстардың нәтижесінде күн сайын екі жарым мың текше метр ауыз суды үнемдеуге қол жетті.
Халық тұтынатын су Нижнероманов кен орнында қазылған 29 ұңғымалар арқылы жүзеге асырылады, қазіргі уақытта оның 24-і пайдаланылса, 5-еуі резервте. Қазіргі күні республикалық бюджет есебінен сумен жабдықтау желілері құрылысының 4-ші кезегі жүргізілуде, 128,6 шақырым торап салу көзделген. Былтыр 30 шақырым су желісі тартылған, биыл 50 шақырым су желілері салынады, жобаның аяқталу мерзімі - 2024 жылдың желтоқсан айы. Қаражар сорғы станциясынан Қосшы қаласына дейін су құбырын салу жобасы әзірленді. Перспективалы құрылысы бар учаскелерді сумен жабдықтау бойынша жоба әзірленуде. Бұл – бесінші кезек. Болашақта су тапшылығын шешу үшін Нижний-Романов кен орнынан су құбырының екінші тізбегін салу нұсқасы жоспарда бар, онда тәулігіне 22 мың текше метр су қоры расталды. Биыл сумен жабдықтау және су ағызу жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары және кәріз сорғы станциясына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Сонымен бірге Қосшы қаласының су бұру желілері ағымдағы жөндеуден өтті.
Қала басшысының айтуынша, жеке инвестициялар есебінен ағымдағы жылы қуаттылығы тәулігіне он мың текше метрді құрайтын тазарту құрылыстары кешені жобасы әзірленуде. Сондай-ақ кәріз желілерін салудың екінші жобасы әзірленді. Одан бөлек, нөсер кәрізі құрылысының жобасы әзірлену үстінде. Бұл жобаны іске асыру кешенді жоспар шеңберінде 2023-2025 жылдардан бастап республикалық бюджет қаражаты есебінен көзделген. Қазіргі уақытта Қосшы қаласының бас жоспары әзірленуде, онда нөсерлі кәріз схемасы көрініс табатын болады. Бас жоспар бекітілгеннен кейін жобалық сметалық құжаттама әзірлеу басталады. Сараптама қорытындысын алғаннан кейін жоғарыда аталған жобалар бойынша бюджеттік өтінімдер салалық министрлікке жіберілетін болады. Республикалық бюджеттен уақтылы қаржыландыру кезінде іске асыруды бастау 2024 жылға жоспарланып отыр. Осы іс - шараларды іске асырсақ, қолданыстағы кәріз-тазарту құрылыстарының толық жобалық қуатын арттыруға мүмкіндік береді.
Қала басшысы Гайдар Қасенов бұдан әрі қарай қосшылықтар үшін өзекті болып отырған мәселе электрмен жабдықтау барысын сөз етті.
«Қалада құрылыстардың жылдам қарқынмен салынуына байланысты электрмен жабдықтау қажеттілігі күн сайын артып келеді. Қажеттілік – жеке тұрғын үй құрылысы үшін 1500 учаскені құрады. Осы мәселені шешу үшін электрмен жабдықтау желілерін салу бойынша жобалар әзірленуде: төртінші кезекті іске асыру - республикалық бюджет есебінен кешенді жоспарда көзделген. Сондай - ақ электрмен жабдықтау желілерін салу бойынша бесінші кезектегі жоба жеке инвестициялар есебінен әзірленуде. Қолданыстағы электр желілерінің жалпы қашықтығы – 400 шақырым. Жаңа Бас жоспарда қуаты 40 мегаватт болатын екінші қосалқы станцияны орналастыру жоспарланған. Электрмен жабдықтау желілері объектілерінің құқық белгілейтін құжаттарын рәсімдеу бойынша жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен жаңа желілерді салуға, қаланың орталық қазандығын сыртқы электрмен жабдықтау схемасын және Тайтөбе ауылын электрмен жабдықтауын желілерін өзгертуге жұмыс атқарылуда»,- деп жүргізілген жұмыс пен жоспарды саралап берді.
Жылудың жайына келген қала әкімі: «Қалаға қуаты сағатына 75 гигакалорияға жететін Орталық қазандық арқылы жылытылады. Бүгінде қолданыстағы жылу энергиясының тапшылығы 5 гккал/сағ. құрап отыр. Ағымдағы жылы жылу беру маусымын өткізу үшін облыстық бюджеттен қазандық пен жылу желілерін ағымдағы жөндеуге, көмір сатып алуға және желілерге техникалық тексеру жүргізуге қомақты қаражат қарастырылған. Қаламызда құрылыс қарқынды жүруде. Жаңа тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз ету мәселесі туындауда. Осы мәселені шешу үшін қолданыстағы қазандықтың қуатын сағатына 96 гигакалорияға ұлғайту бойынша жоба әзірленді, қазіргі уақытта сараптамада,- деп істің жайын тарқатты.
Ал қаланы газдандыру мәселесіне келгенде шаһар басшысы Гайдар Қабдоллаұлы
«Қосшы қаласын газбен жабдықтау бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу 2020 жылғы 2 шілдеде басталған. Алайда Астана қаласы тек 2023 жылдың 23 мамырында техникалық шарттар мен қосылу нүктесін белгіледі. Қалаға көлемі сағатына 32 мың текше метр газ бөлінді. Қазіргі уақытта қалаішілік желілерінен келетін газ құбырын жобалау жұмыстары аяқталып, жоба мемлекеттік сараптамаға жіберілген. Тайтөбе ауылын газбен жабдықтау Қосшы қаласы арқылы жүзеге асырылады. Қаланы газбен жабдықтау желісін пайдалана отырып, жеке инвестициялар есебінен газды қазандық салу бойынша жоба әзірленуде. Бұл қазандық жаңа көпсалалы аурухананы, қала мешітін, Сиреневый сад, Табыс құрылтай тұрғын үй алабын, көптеген әлеуметтік нысандарды жылумен қамтуға мүмкіндік береді»,- деп іс барысына нақты тоқталып өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес өткізілген кездесу ашық өткізілді деуге толық негіз бар. Әкім ұсыныс-тілектердің назарға алынып, алдағы уақытта да нәтижелі істердің атқарылатындығын айтты.
Гүлназ БИСЕН
Пікірлер (0)