Дебаттан Құрылтайға
Фото: Жеке мұрағаттан
Құрылтай сайлауы қарсаңында кеше өткен теледебатты көріп, қазіргі саяси бәсекенің жаңа сипат алып келе жатқанын байқадым. «Jibek Joly» телеарнасындағы пікірталасқа жеті саяси партияның өкілдері қатысып, «Заң мен тәртіп – әділетті Қазақстанның негізі» тақырыбында өз ұстанымдарын ортаға салды. Ең маңыздысы – тараптар өз бағдарламаларын айтып қана қоймай, бір-біріне сұрақ қойып, нақты мәселелер төңірегінде пікір алмасты.
Дебат барысында айтылған пікірлердің ішінде менің назарымды аударғаны – заңның үстемдігі мен тәртіп мәселесінің ел дамуы үшін қаншалықты маңызды екені. Қоғамда әділеттілік орнамай, тұрақты даму туралы айту қиын. Заң баршаға бірдей жұмыс істеп, азаматтардың құқығы қорғалып, мемлекеттік институттарға деген сенім нығайған кезде ғана реформалардың нәтижесі сезіледі деп ойлаймын.
Меніңше, Құрылтайдың құрылуы да осы бағыттағы саяси жаңғырудың маңызды кезеңі. Жаңа өкілді органның негізгі міндеті – халықтың көкейіндегі мәселелерді заң шығару деңгейінде көтеріп, елдің болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылдауға атсалысу. Кешегі дебаттан байқағаным – саяси партиялар арасында пікір алуандығы бар. Бұл қалыпты жағдай. Себебі қоғамда әртүрлі көзқарас болған сайын, өзара пікірталас арқылы ең тиімді ұсыныстарды саралауға мүмкіндік туады. Ең бастысы, саяси бәсекенің мәдениеті сақталып, сын нақты ұсыныспен қатар жүруі керек.
Құрылтайдан халықтың күтетіні де осы деп ойлаймын. Әдемі сөзден гөрі нақты жұмыс, жалпы уәделерден гөрі халықтың күнделікті өміріне әсер ететін шешімдер маңызды. Ауыл мен ауданның мәселесі, жастардың болашағы, білім, медицина, жұмыс орындары, инфрақұрылым – мұның бәрі елдің үлкен саяси күн тәртібінің бір бөлігі болуы тиіс.
Сондықтан Құрылтай сайлауын еліміздің саяси жүйесін жаңғыртудағы жаңа кезең ретінде қабылдаймын. Кеше өткен дебаттағы пікірлер де қоғамда саяси мәселелерді ашық талқылауға деген қажеттіліктің бар екенін көрсетті. Ендігі маңызды мәселе – сол пікірлер мен ұсыныстардың нақты іске ұласуы.
Құрылтай халықтың үнін еститін, қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты күшейтетін және елдің дамуына нақты үлес қосатын тиімді институт болса, бұл реформаның ең үлкен нәтижесі болар еді.
Болат БАТТАЛОВ,
Қосшы қаласы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы
Пікірлер (0)