Депо басшысы теміржол рельстерін ұрлап, сатып жіберген

Жаңалықтар
view 632
news

Сурет: Ашық дереккөзден

Алматыда теміржол рельстерін ұрлап, сатып жіберді деп күдікке ілінген айыпталушыға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды janabastau.kz Алматы арнасына сілтеме жасап.

Қазақстан теміржолы жүк тасымалы филиалының Алматы пайдалану локомотив депосына тексеріс жүргізу кезінде металл сынықтарының жетіспейтіні анықталған. 55 тоннадан астам темірді талан-таражға салды деген күдікке депо басшысы ілінген. Бүгін аталған іске қатысты сот үкімі шықты. Айыпталушы кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Қылмыстық кодекстің 46-бабының 5-бөлігінің негізінде сотталушы жазаcын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі төмен мекемеcінде өтейді. Қылмыстық кодекстің 50-бабының 2-бөлігіне сай, сотталушы Төлекбаев материалдық жауапты тұлға бола тұра, сыбайлас-жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандықтан, өмір бойы материалдық жауаптылықпен байланысты қызметті атқару құқығынан айырылды», – деді Түрксіб аудандық сотының судьясы Айсара Жылқыбаева.

Сондай-ақ жәбірленуші тараптың келтірілген залалды өндіру бойынша талабы қанағаттандырылды. Сот шешіміне сәйкес, айыпталушы мекемеге 1 ай ішінде 2,5 млн теңгеден астам қаражатты қайтаруы тиіс. Алайда сотталушы тараптың адвокаты бұл шешіммен келіспейтінін айтты. Қорғаушының сөзінше, тек бір куәгердің сөзімен үкім шығару қате. Авдокат 15 күннің ішінде аппеляциялық шағым түсіретінін жеткізді.

«Қорғаушысы ретінде Төлекбаевқа қатысты сот үкімі әділ емес деп есептеймін. Себебі сотқа дейінгі және осы сот тергеуі де айыптау бағытында жүргізілді деп есептейміз. Қалалық сотқа шағымданамыз. Өйткені бұл жерде дәлел жоқ. Қылмыстық процессуалдық кодекстің 19-бабының талаптары мүлде ескерілмеді», – деді сотталушының қорғаушысы Марат Асқарбеков.

Еске сала кетейік, прокурор сотталушыны 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Сондай-ақ мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдары сынды бірнеше лауазымды қызметті атқару құқығынан айыру туралы өтініш білдірген. Сот бұл талапты да қанағаттандырды.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *