"Дикий Арман"? Ол Назарбаев пен "Нұр Отанның" тапсырмасын орындайтын қолбала еді...
Фото: Әшкере
Белгілі саясаткер Болат Әбілов атышулы "Дикий Арманның" ескі Қазақстанның қолшоқпары болғанын ашып айтты, деп жазды JANABASTAU.KZ Әшкере телеграм каналына сілтеме жасап.
Әшкере Бутяның сөзін қаз-қалпында ұсынады.
2005 жылдың мамыры, Шымкент, «Турист» қонақүйі. Күтпеген жерден құтырған тобырдың айғай-шуы естіліп, оңтүстік жұртшылығымен өтіп жатқан кездесуіміз әп-сәтте астан-кестен болды. Біздің Оңтүстік Қазақстанға сапарымыз дәл осылай басталған еді...
«Президент үшін кім болса да көмейін жұламын!» – деп айғайға басқан, криминал әлемінде «Дикий Арман» деген лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиев болатын. Ол сол кезде жергілікті университет ректорын өлтірді деген күдікпен құқық қорғау органдарының бірнеше жылдан бері ізінде жүрген адам еді.
Арзан үнді киноларындағыдай «Дикий» көйлегін айырып жіберіп, бізге қарай тап берді. Ізінше төбелеске араласқан серіктері де бірден еліріп кетті. Залда отырғандарға орындық, ыдыс-аяқ жауды. XXI ғасырдың Қазақстанында, қаланың қақ ортасында – нағыз экстремистік арандату орын алды! Болып жатқан жағдайдың шын екеніне сену қиын еді. Ол жерде біздің жақтастарымыз, қарттар, әйелдер де болғанын ойлаңыздаршы! Олардың үрейін айтып жеткізу мүмкін емес...
Біз залдан кетуге мәжбүр болдық. Командадағы бірнеше қоғам қайраткері қонақүйдің бір бөлмесіне жасырынды.
Ал мен сол кездегі оппозицияның ортақ президенттік кандидаты Жармахан Тұяқбай мен кейінірек, 2006 жылы қастандықпен қаза болған Алтынбек Сәрсенбаевқа терезені ашып, қауіпті жерден шығуына көмектестім.
Сол сәтте бәрі түсінікті болды: олар бізді қорқытып-үркітіп, қорқақ етіп көрсетуге тырысып жатыр екен. Оппозицияның абыройы сынға түсті, бізге залға қайта кіріп, тойтарыс беру керек болды. Ал іште нағыз вакханалия жалғасып жатты. Криминалдық топ пен «Нұр Отанның» жігіттері, билікті қолдайтын жалған қоғамдық ұйымдар «жеңісін» шулы түрде тойлап жатты.
Мен олардың есін жиғызып, тәртіпке шақыра бастадым: «Қайда сендердің оңтүстіктің қонақжайлығы? Мына істеп отырғандарың не масқара?! Кетіңдер, залды босатыңдар!» деп даусымды көтердім. Біреу «Менің елім» әнін бастап, қалғандары қосыла жөнелді. Ән аяқталған соң мен қайтадан олардан залды босатуды талап еттім.
Баспалдақ түгел қанға боялған. Шабуылдаушылар әйнек есіктерді сындырамыз деп, өздері жараланған секілді. Сыртқа шығып, қонақүйге қарағанымда бірде-бір бүтін терезе қалмағанын байқадым. Сталинградтағы фашистер талқандаған Павлов үйін еске салды.
Жолдастарым қауіпсіздік мақсатымен мені оқиға орнынан алып кетуге тырысты. Бірақ мен үшін бұл жерде қалу принципті мәселе еді. Қонақүй баспалдағында, бір сағат бойы сол билік жақтастарымен пікір таластырып, елімізге шынайы сайлау, әділдік пен өзгеріс қажет екенін түсіндіруге тырыстым. Артымнан әлдекімдердің «Соғайық, ұрайық!» деген қорқыту сөздері естіліп жатты.
Ақыры серіктерім автокөлікпен кетуді ұсынды. Бірақ мен мереке күні Шымкенттің көшелерімен жаяу жүріп өтуді шештім. Ғимарат сыртында оқиғаға еш мән берместен, темекілерін шегіп, сабырлы күйде тұрған полиция қызметкерлері көп еді. Санының көптігі сонша, бүкіл қалалық полиция департаменті осында жиналғандай көрінді. Олар бүлікке еш араласпай, үнсіз ғана қарап тұрды. «Қылмыскерлерді ұстамайсыңдар ма?!» – деген талаптарға мән бермей, жай ғана бұрылып кете берді.
P.S. Мамыр айы еді. Сирень гүлдеп тұрды. Қазақстандағы «демократиялық сайлау» осылай басталды. Нәтиже – 91 пайыз. «Таңғаларлық қолдау»...
Пікірлер (0)