"Дикий Арманның" анасы Роза Жұмагелдиева дүниеден өтті
Сурет: Ашық дереккөзден
Белгілі қазақстандық Арман Жұмагелдиевтің (көпшілікке "Дикий Арман" деген атпен танымал) анасы Роза Жұмагелдиева қайтыс болды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Қаралы хабарды Арманның жақын досы, Нұржан «Нойс» Иманәлиев Instagram желісіндегі парақшасында жариялады.
— Бүгін жүрегімізді ауыртқан қаралы хабар жетті. Ардақты досымыз Арманның асыл анасы, қадірлі Роза апай өмірден озды. Жаратқан иеміз оның жанын Фирдаус жәннатына орналастырғай. Роза апайымыз иманды, парасатты, сабырлы, текті, ақылгөй жан еді, — деп жазды ол.
Айтуынша, Роза Жұмагелдиева тағдырдың талай ауыр сынақтарын бастан өткерген. Жалғыз ұлына ұзақ жыл жаза тағайындалып, қиын кезеңдерді бастан кешсе де, ана жүрегі баласынан ешқашан теріс айналмаған. Соңғы күндері Қостанайға барып, ұлын көріп қайтқаннан кейін жүрек дерті меңдеп, ауруханаға түсіп, сонда көз жұмған.
— Ана жүрегі баласының қасында, баласы үшін соққан күйде соңғы сапарға аттанды. Жұма күні дүниеден өту — Алланың ерекше таңдауы. Барша бауырлар, жамағат, достар Роза апайымызға дұға бағыштасын, — деп түйіндеді Нұржан Иманәлиев.
Алла марқұмның жанын рақымына бөлеп, қабірін нұрға толтырсын. Арман Жұмагелдиевке сабыр мен күш-қуат берсін.
 
                                     
                                     
                                     
                                     
                                     
                 
                 
                 
                 
                                 
                                 
    
Пікірлер (0)