«Достық дастарқаны» жайылды

Редакция таңдауы
view 313
news

Жаймашуақ мезгілдің жылы лебін сезіндіріп жететін 1 мамыр күні Қазақстан халқының бірлігі мерекесі аталып өтті. Бұл мерекені барша отандастарымыз сияқты қосшылықтар да думандатып, тойлатып өткізді. Ежелден елдік құрған дана халқымыз ынтымақ пен бірлікті егіз ұғым ретінде қарап, «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген. Ізгілікке, ынтымаққа шақырған мұндай сөз тегіннен-тегін айтыла салмаса керек. Ауызбіршілік пен түсіністік, өзара сыйластық пен береке үстемдік құрған жерге бақыт қонады. Жас қаламыздың көркейіп, гүлденуі, оның тұрғындарының алаңсыз өмірі мен мамыражай тірлігі ең алдымен ауызбіршіліктің арқасында. Қазақстанның кең шаңырағы астында көптеген ұлт өкілдері тұрады. Әрқайсысы бірегей таптырмас қасиеттерге ие және біз – тату өмір сүретін біртұтас халықпыз. Қосшы – осындай достық пен жарасымдылықтың, береке-бірліктің ошағы! Жақында Қазақстан халқының бірлігі күніне орай этностардың салт-дәстүрлерін құрметтеуге тәрбиелеу, ұлтаралық келісімді нығайту, ынтымақтастық, мәдениетін қалыптастыру мақсатында Қосшы қаласы әкімдігі «Қосшы қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі», Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Фазенда» отбасылық мейрамханасында «Достық дастарханы» атты қалалық байқау өтті. Бұл шара жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді. Елімізде өмір сүріп жатқан түрлі этностардың салт-дәстүрлерін құрметтеу, ұлтаралық келісімді нығайту, ынтымақтастық мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылады.   Байқауға қала мектептері және Тайтөбе ауылы орта мектебінің ұжымы мен оқушыларынан құралған топтар қатысты. Байқау екі кезеңнен тұрды, таңдалған ұлттың тағамдары мен қонақ күту салтын көрсетті, екінші кезеңде шығармашылық топ концерттік номерлерін ұсынды. Мәдени шара аясында түрік, қытай, өзбек, орыс, үнді этностарының ұлттық тағамдары мен өнерлерін көрсетті. Қатысушылар таңдалған ұлттың тілінде сөйлеп, сол ұлттың ерекшеліктерін аша білді. Қазақстан халқының бірлігі күніне орай өткізілген байқауда бас жүлдені – Бизнес академия «Дара» мектеп-лицейі, жүлделі I орынды – IT мектеп-лицейі, жүлделі II орынды – Р.Қошқарбай атындағы №1 жалпы орта білім беретін мектебі, жүлделі III орынды – №2 жалпы орта білім беретін мектебі, жүлделі III орынды – Тайтөбе ауылының жалпы білім беретін орта мектебі иеленді. Шараға қала мәслихатының төрағасы Әлихан Қуатбеков, мәслихат депутаттары, қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы Қ. Абақов, мәслихат депутаты Ирина Осипова, жеке кәсіпкер Бағдат Өміржанова, «Ақ аңыз» кондитерлік цехының атқарушы директоры Азат Хамзин қазылық етті. Сондай-ақ мемлекеттік мекемелердің басшылары, өнер ұжымдары мен қала тұрғындары қатысты. Сайысқа қатысушылар түрлі ұлттың сан алуан дәмі мен ерекше өнерін ортаға салды. Қалалық мәдениет үйінің әртістері байқау көркін қыздырып отырды.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *