Сұрапыл соғыстың жаңғырығы әлі жадымызда

Редакция таңдауы
view 282
news

Отан үшін етігімен су кешкен хас батырларымыз көп-ақ. Солардың бірі от пен оқтың ортасында жанын шүберекке түйген ардагеріміз – Нұрғасым Әжітайұлы. Нұрғасым Әжітайұлы 1925 жылы 1 қаңтарда Семей облысы, Абралы ауданының Сарықамыс деген жерінде дүниеге келген. 1928 жылы отбасымен Құлжабасы деген жерге қоныс аударып, 1930 жылы ашаршылыққа байланысты Семейге барып, 1933 жылға дейін сонда тұрған. Бұл кезең қазақ даласына ашаршылықтың енді-енді дендеп кіріп келе жатқан кезі еді. Бозбала Нұрқасым 1943 жылдың 15-қаңтарында Жаңасемей аудандық әскери комиссариатының шақыруымен әскер қатарына тұрады. Сол жылы Новосібір қаласының мергендер мектебін бітіріп, тағдыр жазуымен одан кейін сұрапыл соғыстың өтіне шеру тартады. Екінші дүниежүзілік соғыста рота старшинасы болып, Курск доғасындағы шайқастарда авиациялық қызметте атқыштар қатарында, сондай-ақ Берлинді алуға жасалған шайқастарға қатысып, ерен ерлік көрсетеді. Көзсіз батырлыққа барып, ел намысын қорғап, елеулі еңбек сіңірген қайраткер қария бүгінде 99 жаста. Елорданың іргесіндегі Қосшы қаласында тұрады. Екінші жаһандық соғысқа қатысқан ержүрек ердің бүгінгі хал-ахуалын сұрау мақсатында отбасына амандаса барған едік. қарт тоғыздағы баладай құлдыраңдап алдымыздан қарсы алды. Батырға біткен кесек сүйек әлі де тың, әлі де сергек. Аласапыран жылдардағы оқиғаларынан сыр тартып едік, қария әңгіменің тиегін ағытты. «Бейбітшілік заманның арқасында 70-80 жыл болды, аман-есен жүріп жатырмыз. 16 жасымда әскерге аттанып, 21 жасымда елге оралдым. Майдан даласында көрмегеніміз жоқ. Кескілескен талай ұрыстарға кіріп, қай жерде жүрсем де жеңіспен қайтқаным үшін Сталиннің батасын алдым», деді ҰОС ардагері Нұрғасым Әжітаев. Ардагер ұлтымыздың мақтанышына айналған батыр жерлестеріміз туралы да аз-кем лебізін білдірді. «Даңықты Рақымжан Қошқарбаевтың, Бауыржан Момышұлының да есімі арамызда айтылып жүрді. Соғыс майданындағы әлемтапырық күймен жүріп, ондай дүниелерге көңіл бөлетіндей уақыт та болмады» деп, өткен күннің бір елесін көз алдынан өткізді қария. Ардагер соғыстан кейін Владивастоктың Артем деген қаласындағы әскери бөлімде комсомол ұйымында жетекші болып қызмет атқарады. Краснояр өлкелік съезге екі рет делегат болып қатысты. Осы комсомол ұйымының жетекшісі болып атқарған қызметі үшін өлкелік мәдениет үйі Хабаров өлкесіндегі қызыл әскер ұйымының мұрағатында «Алтын әріппен атың жазылды» деген грамота берген. Одан сырт мемлекет тарапынан алған марапаттары да жетерлік. «Жапонияны жеңгені үшін» медалі, «2 дәрежелі Отан соғысы ордені», «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков» медалі, Жеңістің 55 жылдығы құрметіне «1941-1945 ж. соғыс ардагері» белгісі, «Тың жерлердің игергені үшін» медалімен қатар, 2012 жылы қажылық парызын өтеп, «Құрметті қажы» алтын медальмен марапатталған. Және де ҚР Президентінің атынан, аудан әкімшіліктерінің атынан алғыс хаттары бар. Майданға буыны бекіп, бұғанасы қатпаған жасында аттанған ақсақал сұрапыл соғыстың жаңғырығы әлі жадымызда дейді. «Дегенмен сол зұлмат жылдарда опат болған қазақтың марқасқа ерлерінің еңбегі ерен. Олар төккен тер, аққан қанының жемісін көре алмай кетті. Аман оралған біз барлық мадақ-марапатқа ие болдық. Құдайға шүкір, ел-жұртымыз әрқашан елеп-ескеріп жиын-тойдан қалдырмай шақырып, төріне шығарады» деп, ризашылығын да жасырмады. 1952 жылы Нұрзиләт Құсайынқызымен отбасын құрған батыр ақсақал қазіргі таңда Қосшы қаласында тұрады. 7 баласы, 10 немересі, 10 шөбересі бар. Ғасыр жасаған ақеділ қарияның көзсіз ерлігіне, шытырман тағдырына, риясыз әңгімесіне сусынымызды қандырып, ақ батасын алып қайттық. Осындай болмысы бөлек тұлғалар – халық қазынасы, ұлт мақтанышы. Елі үшін туған ерлер халық жүрегінде мәңгі сақталмақ.  

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *