Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – әрбір азаматтың міндеті

Редакция таңдауы
view 325
news

Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлық әлемнің кез-келген елінде тамырын жайып, оның саяси дамуына кедергі келтіретіні анық. Бұл құбылыс Қазақстанда да, етек алып келе жатқаны аян. Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін, нарықтық экономиканың құрылуын, инвестициялар тарту процесін тежейді. Демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсерін тигізеді, елдің болашақ дамуына елеулі қауіп төндіреді. Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі сыбайлас жемқорлықпен күрес болып табылады. «Коррупция» термині латын тілінің «corrutpere» деген сөзінен шығып, мағынасы жағынан «мемлекет организмін, қоғамдық қарым-қатынастарды бұзу» дегенді білдіреді, «параға сатып алу» терминімен сәйкес, яғни лауазымды тұлғаның өз билігі өкілеттігі мен сеніп тапсырылған құқығын заңға және моральдық нормаларға қайшы келетін өтірік айту, бопсалаушылық, сөзбұйда жасау жолдарымен жеке бас пайдасы үшін пайдалануы. Көбіне бұл термин бюрократиялық аппаратқа және саяси элитаға қатысты жиі қолданылады. Осыған сай термин әдетте бастапқы латын сөзінің бірінші мағынасынан шығатын кең мағынаға ие, әдепсіздік тәртіпті білдіреді. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңында сыбайлас жемқорлыққа мынадай анықтама берілген: бұл – «...жеке түрде немесе делдалдар арқылы мүліктік игіліктерді заңсыз алу және мемлекеттік қызмет атқарушы тұлғалардың, сондай-ақ оларға теңестірілген тұлғалардың өз лауазымдық өкілеттіктері мен өкілеттеріне қатысты мүмкіндіктерін мүліктік пайда табу үшін жеке басына пайдалануы, сонымен қатар аталмыш тұлғаларға жеке және заңды тұлғалардың көрсетілген игіліктер мен жеңілдіктерді құқыққа қайшы түрде пара ұсыну жолымен сатып алуы». БҰҰ-ның құжаттарында қолданылатын жемқорлық терминінің халықаралық-саяси анықтамасы мынадай деп берілген: Сыбайлас жемқорлық – бұл мемлекеттік билікті жеке бас пайдасы үшін үшінші бір тұлғалар мен топтардың мақсаты үшін асыра пайдалану. Қарапайым тілмен айтатын болсақ, сыбайлас жемқорлық – бұл қызмет дәрежесін жеке мақсатта пайдалану. Сыбайлас жемқорлықты білдіретін белгілердің бірі пара алу не беру болып табылады. Пара дегеніміз не? Бұл лауазымды тұлғаның басқа бір тұлғадан лауазымына қатысты көрсететін қандай да бір қызмет түріне берілетін ақша немесе өзге игіліктерді алуы. Бұл жағдайда көрсетілген ақша мен игіліктерді әрдайым парақордың жеке өзі алмайды, оларды көбіне оның жақын адамдарына немесе жасанды жалған ұйымдарға ұсынады. Пара деп саналатын нәрселер: заттар – ақша, оның ішінде валюта, банк түбіртектері мен құнды қағаздар, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған бұйымдар, автокөліктер, пәтерлер, саяжайлар мен қала сыртындағы үйлер, азық-түліктер, тұрмыстық техника мен аспаптар, өзге тауарлар, жер учаскелері және өзге жылжымайтын мүлік. Қызмет түрлері және олжа – иемдену, жөндеу және құрылыс жұмыстары, санаторлық және туристік жолдамалар, шетелдік сапар, ойын-сауықтар мен басқа шығындарды өтеусіз немесе төмен бағамен төлеу. Сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тек зиянын тигізіп қоймай, сонымен бірге оң нәтижеге жеткізбейтінін естен шығармауымыз қажет! Өйткені сыбайлас жемқорлық тәсілінде параны көбірек беруші ғана жеңіске жетеді. Бір қорқыныштысы – сыбайлас жемқорлықпен айналысу сол тұлға мен оның жақындарының сана-сезіміне залал келтіріп, дүниетанымдарын бұзады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру мүмкін бе? Қазіргі заманғы әлемде сыбайлас жемқорлықпен күресуді күшейту жұмысы үздіксіз жүргізілуде және әрдайым жетілдірілу үстінде. Әлемде сыбайлас жемқорлықпен күресу механизмінің барлық елдерге тиімді болатын бірегей жинағы жоқ. Әрбір мемлекет қолданатын сыбайлас жемқорлықпен күресу әдістерінің жиынтығы өзгеше, ол елдің саяси және экономикалық тұрақтылығына ғана емес, сонымен қатар әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлеріне, діни ерекшелігі мен құқықтық мәдениет деңгейіне және аумағы бойынша алатын жеріне, халқының саны мен орналасу тығыздығына да байланысты болып келеді. Қазақстанда экономиканы жандандыру және ауқымды әлеуметтік түрлендіру жағдайында мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған заманауи әлеуметтік-экономикалық саясатымен тығыз байланысқан бүтіндей стратегияның қажеттілігіне анық көз жеткізілді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегиясы бекітілді. Стратегияның мақсаты мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа кез-келген жемқорлықтың туындауына «нөлдік» төзімділік таныту атмосферасын құру жолын қолдану арқылы барлық қоғамды тарту, сондай-ақ Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету болып табылады.

Дана Серікқызы «Қосшы қаласы әкімінің аппараты» ММ мемлекеттік құқық бөлімінің бас маманы.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *