Жаһандық соғыстың жаңғырығы

Редакция таңдауы
view 273
news

ЖАҺАНДЫҚ СОҒЫСТЫҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫ НЕМЕСЕ EКІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫС ТУРАЛЫ ШЫНДЫҚ Екінші жаһандық соғысқа қатысты екі түрлі көзқарас тек бүгін ғана туындап отырған жоқ. Таразының бір басында – Ресей мен оның позициясын қолдайтын, екіші жағында – Еуропа, Балтық жағалауы мемлекеттері тұр. Бұрынғы «бауырлас» 15 республиканың ішінде де оған қарсы шығушылар аз емес. Тіпті алты құрылықтың астындағы Американың да Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты Ресеймен келіспейтін тұстары көп. Және уақыт өткен сайын осы пікір кереғарлығы, тіпті алшақтап барады. Бұл заңды да. Менің білуімше, бұл жерде басты екі себеп бар: біріншіден – кез-келген мемлекет Екінші дүниежүзілік соғысқа ең алдымен ұлттық тұрғыдан баға береді. Егер бұрын посткеңестік кеңістікте барлық тарихи оқиғалар «ұлыорыстық» әуеймен түсіндірілсе, енді тәуелсіздік алған соң ол өзіндік ұлттық көзқараспен байыпталады. Әрине, бұл жерде ақиқатқа қиянат келтіруге болмайтынын ескертіп жату артық. Екіншіден – осы тарихи кезеңге байланысты бұрын Кеңестер өкіметі қалың бұқарадан жасырып келген, қазір әшкере болған фактілердің көпшілігі оған еріксіз жаңаша көзбен қарауға мәжбүр етті. Ресей жағы, әрине Қызыл Армияны фашист агрессиясын тоқтатушы, Шығыс Еуропаны азат етуші ел деп көрсеткісі келеді.Шындығы сол, бұған дейін бәріміз де дәл осылай бағалап келдік. Бірақ жаңадан мәлім болып отырған көптеген фактілер Екінші дүниежүзілік соғысқа деген көзқарасымызды көп өзгерткелі тұр. Мені ең алдымен ойға жетелеген мына жайттар: егер Қызыл Армия Шығыс Еуропаны фашист басқыншылығынан азат етуші болса, осыны неге ең алдымен сол Еуропа мемлекеттерінің өздері мойындамайды? КСРО құрамында болған Балтық жағалауы елдері (Латвия, Литва, Эстония), Украина, Грузия Кеңестер Одағын ашық басқыншы санайды. Сонда кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Бұл тақырыптың қаншалықты «өткір» екендігін және арамызда жүрген ҰОС ардагерлерінің, басқа да жандардың сеніміне ауыр тиетінін ескере отырып, осы мақаладан ой түюді өздеріңізге қалдырдым. Менікі жай фактілерді салыстыру ғана. Ашығын айтсақ, көңілде көп күдіктердің ұялауына басқа емес, КСРО-ның өзі кінәлі, сол өтірікті одан әрі дамытып отырған оның мұрагері бүгінгі РСФСР кінәлі. Осыдан барып уақыт өткен сайын Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты дау-дамайдың өршелене түсуі түсінікті. Егемендік алып, аяқ-қолымыз бұғаудан босаған соң, басқа көршілеріміз сияқты біз де өз тарихымыздың жоғалғанын қайта түгендеуге кірістік. Өйткені бұған дейін жаншылып, қысылып келген рухты тек осылай ғана тірілтуге, жандандыруға болатынын түсіндік. Ұлттық мақтаныш сана төл әдебиетіміз, мәдениетіміз, тарихымыз арқылы ғана қалпына келетінін білдік. Бірақ басында патшалық Ресейдің, кейін қызыл коммунистердің у сойқы қаламымен жазылған тарихымызды қайта қалпына келтіру өте қиын болып шықты. Оның үстіне осы идеялогиямен бір емес, бірнеше буын тәрбиеленіп өскенін естен шығармау керек. Қазақ «Қаламмен жазылғанды балтамен шаба алмайсың» дегенде осыны айтқан болар. Көпшіліктің жадына байланып, ми қатпарларына беріш болып қатқан жалған тарихты олардың сана-сенімдерінен сылып тастаудың қиындығын қазір өте сезіп жүрміз. Ақты – ақ, қараны – қара деп атау үшін де ұлт батыры атану керек болып тұрған заман бұл. Өйткені Кеңестер тарихының жалғандығын айта бастасаң, алдыңнан шат-шәлекей болып өре түрегелетін қауым көп әлі арамызда, әсіресе өз ағайындарың әсіре орысшыл. «Осы сендерге тарихтың керегі не, бұрынғысынша жүре берсек болмас па еді» деп, «қоғамның тұрақтылығын» ойлайтындарын қайтесің. Өз ішіміздегілердің де қазір тарихты ешкім түсініп болмайды әр республика өзінше жазып жатыр деп ренжитіні бар. Әлбетте, әр фактіні ақылмен салмақтап алмай, шындығына көз жеткізбей тұрып, 1941-1945 жылдар аралығындағы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты тек Ресей ұстанған позиция дұрыс, басқа Еуропа мемлекеттері мен жоғарыдағы «бауырлардың» бәрі қате айтып отыр деуіміз керек пе? Жоқ! Жалпы тарихи оқиғаларға қатысты мұндай даулы мәселелер екіжақты арнайы комиссия құрылып, олардың шешімі бойынша ортақ келісімге келу арқылы оқытылуы керек емес пе еді. Ондай тәжірибе бар. Мысалы, 70- жылдардың басында-ақ Германия мен Польша мемлекеттерінің арнайы комиссиясы бас қосып, Екінші дүниежүзілік соғыс оқиғаларын өз мектептерінде қалай оқыту керектігін шешіп алған. Бір өкініштісі, Ресей жағы мұндай қадамға бармай отыр. Тәуелсіздіктің 31 жылы өтсе де, өзгенің пікірімен санаспай тек «менікі дұрыс» деген империялық пиғылы қалмапты. Халықаралық қауымдастық тарапынан Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына кім себепкер болды деген сауал әлденеше рет көтерілгенімен, бұл сұраққа тек 2019 жылдың 19 қыркүйегінде ғана нүкте қойылды. Осы күні Еуропарламент қабылдаған қарарда соғыстың басталуына кінәлі ретінде Советтер Одағы алғаш рет ашық айыпталып, оны еуродепутаттардың 535-і қостап, 66-сы қарсы дауыс берген. Рас, мұндай талпыныс Одақтың өз ішінде де болған. Қызыл империя құлардан аз уақыт бұрын, 1989 жылы Мәскеуде өткен КСРО Халық депутаттарының 2-съезінде Жоғарғы Кеңестің Қызыл Армияның коммунистік модельді басқа елдерге басқыншылық әдіспен орнату әрекеттерін айыптаған Қаулысы қабылдаған еді. Оның социализмнің ұрығын себу үшін Шығыс Еуропаға жасаған жорықтары ашық сыналған. Бұл – Кеңестер Одағы деген зор империяның «тірі» кезінде Халық депутаттарының өздері мойындаған тарихи шындық. Алайда, бұл факті кейін көмескіленіп, күн тәртібінен түсіп қалды, ал ресми Кремль Жеңіс күнін посткеңестік елдерге ықпалын жүргізу үшін өзінің мемлекеттік мерекесіне айналдырып алды. Еуропарламент қабылдаған құжатта 1939 жылы 23 тамызда КСРО мен Германияның бір-біріне шабуыл жасамау туралы келісімі («Молотов – Риббентроп» пактісі) 2-жаһандық өрттің тұтануына түрткі болғаны нақты айтылған. Басқыншы екі мемлекет аталған келісімде егер үшінші тарап олардың біреуімен соғысатын болса, ең құрығанда бейтарап саясат ұстану керектігі туралы уағдаласады. Сондай-ақ пактінің қосымша құпия хаттамасында Латвия, Литва, Эстония, Финляндия, Польшаның шығыс облыстары және Бессарабия КСРО-ның ықпал аймағына қарайтындығы, ал Польшаның батыс бөлігі Германияның қарамағына өтетіні көрсетілген. Бұл құжат социалистік КСРО мен фашистік Германияның екеуара әскери одақ құрғандығын әшкере етеді. Пакті жасалғаннан кейін, 1 аптаның ішінде, 1939 жылы 1 қыркүйекте Германия Польшаға шабул жасады. Ал 17 қыркүйекте Советтер Одағы фашистермен соғысып жатқан поляктардың ту сыртынан қақырата соққы беріп, Польша мемлекетін құлатты. Варшавада Германия мен Советтер Одағының әкімшілік басқаруы орнап, екі басқыншы мемлекет сол жылдың 28 қыркүйегі күні өзара Достық туралы келісімді бекітті. 1940 жылдың ішінде Қызыл Армия жеке дара шабыл жасап, Литва, Латвия, Эстония, Бессарабия, Солтүстік Буковина және Финляндияның бір бөлігін басып алды. Ең бастысы, КСРО мен Германияның ортақ шекарасы жоқ, олардың арасында екі-екіден мемлекеттер жатыр, тек Польша орналасқан тұс қана жалғыз қабат. Сондықтан Екінші дүниежүзілік соғыс Ресейдің мектеп оқулықтарда жазылып жүргендей, 1941 жылдың 22 маусымында Гитлердің КСРО-ға «күтпеген жерден шабуыл жасауы» да мүмкін емес. Одан бөлек, Ресей «Отан соғысы» деп даңғаза қылған Екінші дүниежүзілік соғыс 1941 жылдың 22 маусымында емес, 1939 жылдары-ақ басталып кеткен. Бірақ бұл уақытта Қызыл Армия Польша жерінде не істеп жүр? КСРО кезінде «Молотов – Риббентроп» пактісі туралы айтуға тыйым салынды. Бірақ қызыл империя құлағаннан кейін және көптеген тарихи құжаттардың ашылуына байланысты Ресей Федерациясы мұндай құпия келісімнің бар екенін мойындауға мәжбүр болды. Бірақ бұл өздерін «әлем құтқарушысы», «Еуропаны азат етуші» санайтын Ресейдің шымбайына қатты батты. Ресми Кремль түрлі айла-тәсілмен аталған сорақы фактіні бүркемелеуге, жасырып жабуға талай талпынып көрді. Сол себепті де РФ Президенті В.Путин 2009-2015 жылдар аралығында «Молотов – Риббентроп» пактісі туралы пікірін бірнеше рет өзгертті. Ол о баста Сталиннің басқыншылығын айыптағанмен, кейінгі жылдары ақтап шықты. Ресми Мәскеудің аталған фактіні сол кездегі заманға сай Советтер Одағының қауіпсіздігі үшін жүргізілген саясат деп бұрмалады. Көрдіңіздер ме, саясат райының қайда аунап түскенін? Егер бұл Кеңестер Одағының қауіпсіздігі үшін жүргізілген қажетті шара болса, онда бұл жайттар осы күнге дейін неге жасырылып келді? Сондай-ақ бұған дейін де 1936 жылдан басталған халықтарды тұрғылықты жерлерінен жер аудару (депортация) нәубеті де мемлекеттің қауіпсіздік қажеттілігі үшін деп түсіндіріліп келген. Бір өтірік бір өтірікті шығарады деген, Сталин Екінші дүниежүзілік соғысқа әзірлікті сонау 36-жылдардан бастап кеткен болды ғой. 1936 жылы ешқандай себеп-салдарсыз тек қысық көздері ғана ұқсағандықтан кәрістерді Жапонияның тыңшылары деген күдікпен Қиыр Шығыстан Қазақстанға тоғытты. Сталин Батыспен соғысып жатқанда тылым қауіпсіз тұрсын деген болар. Репрессиямен қабаттаса жеткен халықтар депортациясы бәрі соғыс алды даярлықтың басы деп ойлай беріңіз. Және жайдан-жай емес, репрессияланғандардың түгелі мен депортацияланған қауымның көпшілігі майдан үшін аса қажетті мысы мен темірі, көмірі мен басқа да түрлі-түсті кендерге бай Қарағанды аумағына көшірілді. Кейбір деректер бойынша Карлагта 1 250 000 тұтқын отырған. Одан бөлек, Қарағанды облысының Долинка кентіндегі «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау мұражайынан» алған дереккөзге сүйенсек, КСРО НКВД-ның жалпы тізімінде 1936 жылдың қазан айындағы ақпары бойынша 2 436 940 жер аударылғандар есепте тұрған. Бұл Гитлердің әлемге басқыншылық жорығын жасаудан да бұрын. Сонда мұның бәрі қандай қажеттіліктерден туған? Арзан жұмыс күші адам төзгісіз айдауда жүріп күн-түн жұмыс істеп Орталық Қазақстанның көмір-темір индустриясын қарыштатып дамытты. (Соғыс кезінде фашистке атылған 10 оқтың 9-ы Қазақстанда жасалған деп тегіннен-тегін айтылмаса керек). Осы өлермендік жаман қазақты адам қылу үшін істеліп жатты дейсіз бе? Әрине, жоқ. Әйтпесе, 32-нің аштығында 5 миллион қазақтың 2,5-3 миллионы қырылып жатқанда, Сталин шетке жыл сайын 5 млн тн астық жіберіп тұрмаған болар еді. Шетелдерге мұнан басқа алтын, алмас, платина, никель, марганец, мұнай, темір, көмір, орман, мақта, уылдырық,.. жалпы не затты құндауға болады, бәрі жанталаса экспортталды. Мұның бәрі не үшін керек болды? Әрине, қару-жарақ өндірісі үшін қажет еді. Сөзіміз дәлелді болуы үшін Кеңес Одағы өлім жазасына кескен, Ұлыбританияға қашып кеткен бұрынғы әскери барлаушы В.Резуннің «Ледокол» атты кітабынан деректер келтірейік: 1939 жылы соғыс басталғанда Гитлерде 3 195 танк болды. АҚШ-та 1940 жылы 400 танк болды. Ал Қызыл Армияның сапында тек 1932 жылы ғана 4 мың танк қатарда тұрған. 37 жылдары 24 мыңнан астам әскери ұшақ болды. Естеріңізге сала кетейік, бұл бейбіт тұрмыс кешіп, Екінші дүниежүзілік соғыс туралы «дым сезбей» отырған Сталин жолдастың ісіне ұқсай ма? Ал әрмен қарай әскери техника жасау ісі барынша күшейтілді, әрі олардың сапасы да керемет еді. Мәселен, 1939 жылы Кеңестің жойғыш ұшақтары әлемде бірінші рет атқыш зымырандарды қолданды. Сондай-ақ ұшқыш «бронды танкты» да (Ил-2) ең бірінші рет кеңес констукторлары жасап шығарды. Соғыстың басында Гитлерде 4 мың десантшы болды, Сталинде – миллион. Қызыл Армия құрамындағы шынжыр табанмен де, оны лақтырып тастап дөңгелекпен де зымырап кете беретін тек БТ маркалы танктердің бір өзі ғана сол уақыттарда әлемнің бүкіл елдерінде болған барлық танк түрлерін қоса есептегеннен де көп болды. Ол-ол ма,1941 жылы қалың бронды ауыр танктер тек Кеңестер Одағында ғана еді. Олар танк атқыш снарядтардың 20-ы тиіп жатса да, мыңқ демей шыдас береді екен. Мұндай мысалдарды жүздеп келтіруге болады. Бұл мәселенің бетінде ғана жатқандары. Бірақ осының өзі Сталиннің соғысқа қаншалықты дайындалғанын айғақтап тұр. Әрине, біз әскери барлаушының жазғандарының бәрі шүбәсіз шындық деп айта алмаймыз, бірақ мұндағы куәгерліктерді бастапқы ойымызға бір дәлелі ретінде қарастырып отырмыз. Сондай-ақ Қызыл Армияның жарты-ақ жылдың ішінде жарты Еуропаны жаулап алып, жарты ғасыр билеп төстегенін де ұмытпайық. КСРО-ның ашық та мемлекеттік доктринасында бүкіл әлемге социализм жүйесін орнату мұраты тұрды. Міне, сізге коммунистердің БҮКІЛ ӘЛЕМНІҢ ЖАРЛЫ-ЖАҚЫБАЙЛАРЫ БІРІГІҢДЕР! деген ұраны. Осыдан-ақ, қызыл коммунистерге Екінші дүниежүзілік соғыстың не үшін қажет болғанын байқай беріңіз.

Дәулет АСАУ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *