«Екі баламның да чемпион боларына сендім» - Махмұд, Төрехан Сабырхандардың анасы

Жаңалықтар
view 92
news

Фотосурет: видеодан скриншот

Англияның Ливерпуль қаласында өткен World Boxing әлем чемпионатында ағайынды Махмұд (55 келі) және Төрехан Сабырхан (70 келі) топ жарып, ел қоржынына 2 алтын медаль салды. Қос бірдей чемпионның анасы Меңтай Әсілова Jibek joly телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасына сұхбат беріп, ақтық сындағы әсері туралы айтып берді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

 Алдымен Меңтай Әсілова балаларын қолдаған халыққа алғыс айтты.

Балаларамыздың жетістігіне қуанамыз. Бұдан да биік белестерді бағындыруына тілекшіміз. Осы жарысқа кеткенде екі баламның да чемпион болып келеріне сендім. Махмұд бірнеше жыл жарыстарға қатысып келеді. Ал Төрехан алғаш рет ересектер санатына ауысып, бірінші жекпе-жегіне қатысты. Оның қарсыластары да әлдеқайда үлкен, анағұрлым тәжірибелі. Телефонмен сөйлескенде «Махмұд, саған сенеміз, мына Татошқа да (Төрехан) ағалық ақылыңды, рингке қалай шығуды айтып отыр» дедік, – дейді Меңтай Әсілова.

 Осы орайда чемпиондардың анасы ұлдарының жекпе-жегін ұзақ қарай алмайтынын да жеткізді.

Кешегі финалға отбасымызбен, туыстарымызбен жиналдық. Бірақ тікелей қарауға жүрегім дауаламайды. Екінші бөлмеде үй ішімнің даусынан-ақ біліп отырамын. Бөлек бөлмеде ұлдарымның тілеуін тілеймін. Ал қазір қос бірдей ұлым чемпион атанған соң әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын, мұның бәрі – жүректе сақталатын сәттер. Барлық анаға осындай қуанышты сезім тілеймін, – деді Меңтай Әсілова.

 Әлеуметтік желіде Төреханды иығына салып көтеріп жүрген Махмұдтың әсерлі видеосы тараған еді. Олар отбасында 5 ағайынды, бесеуі де бір-біріне қамқор әрі бауырмал болып өскен.

Біздің 1 қыз, 4 ұлымыз бар. Бәрі де бір-біріне жанашыр, мейірімді болып өсті. Әлі күнге дейін бір-бірін қолдап жүреді. Отбасымызда алған үлгілері лайым осылай жалғасқанын қалаймын. Енді ұлдарымның 2028 жылы Олимпиада чемпиондары болуын тілеймін, – деді аналары.

 Айта кетсек, бұл әлем біріншілігіне 68 елден 540 боксшы қатысқан болатын. Қазақ спортшылары 7 алтын, 1 күміс және 2 қола жеңіп алып, жалпы есепте үздік атанды және елге тарихи жеңіс сыйлады.

Бокстан әлем чемпионатында топ жарған спортшыларды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қуана құттықтады.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *