Экс әйелін жалаңаш видеоға түсіріп, бопсалаған: Сот ер адамға қатысты шешімді өзгертті
Сурет: ғаламтордан
Атырауда экс әйелін жалаңаш видеоға түсіріп, оны ортақ үйлерінің құнының бір бөлігін төлеуге мәжбүрлеген ер адамға қатысты сот үкімі қайта қаралды. Іс материалдары бойынша ер адам өз баласын суицидке дейін жеткізу бабы бойынша да айыпталуда,- деп хаьарлайды Janabastau.kz.
Апелляциялық сот ер адамның бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырды.
Сотта хабарланғандай, ерлі-зайыптылар ажырасып, кәмелетке толмаған бес бала анасының қамқорлығында қалған. Алайда ер адам бұрынғы әйеліне тыныштық бермеген. Түнде ол үйдің ауласына кіріп, ванна бөлмесінің терезесі арқылы бұрынғы әйелі мен оның әпкесінің жалаңаш күйін видеоға түсіріп алған.
Келесі күні ол бұрынғы әйелін нотариусқа шақырып, әйелін қорқытып үй төлемінің жартысын қайтарамын дегізіп қолхат жаздырған.
Бірінші сатыдағы сот қорқыту және мүлікке қол сұғу бабы бойынша сотталушы әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты оны кінәсіз деп танып, ақтаған болатын.
Ол озбырлық жасағаны үшін кінәлі деп танылып 1,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына тартылған.
Алайда апелляциялық сот тағайындалған жазаны тым жеңіл деп тапты. Сонымен қатар, алқа мәжілісінде жәбірленуші құқық қорғау органдарының өзіне және балаларына жақындамау туралы бұйрығына қарамастан, бұрынғы күйеуінің сот үкімі шыққаннан кейін де тыныштық бермегенін хабарлады. Ер адам әйелді мазалап, әдепсіз сөздермен балағаттаған болып шықты.
Сонымен қатар, оның үстінен баласын өз-өзіне қол жұмсауға итермелегені үшін қылмыстық істі тергеп жатқаны анықталды.
Апелляциялық сот үкімімен сотталушы 1,5 жыл бас бостандығын шектеу жазасы бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырылды. Ол сот залында қамауға алынды.
Пікірлер (0)