Ел ықыласына бөленген әулет
Редакция таңдауы
205
Ұлттық құндылықтар мен дәстүрді дәріптеуге арналған «Мерейлі отбасы» байқауы нағыз мерекеге айналған жоба. Елбасының ұсынысымен 2014 жылдан бері қолға алынған байқау жыл санап ауқымын кеңейтіп, мәні артып келеді. Статистикалық мәліметттер жыл сайын ажырасушылардың қатарының көптігін сөз етсе, аталған байқау сол кемшіліктің, қоғамдық мәселенің сирей түсуіне, отбасылық институттың нығаюына үлкен үлес қосқан жобаның бірі десе артық айталмағаны.
Өнегелі отбасы – мықты елдің тұтқасы деп қарайтын Ыбырай ақсақал «Бұл байқауды қай тұрғыдан қарасақ та мән-маңызы өте жоғары. Адамзаттың өмірге келгендегі басты мақсаты – иман байлығы бар, салауатты өмір жолындағы, пайым-парасаты жоғары ұрпақ қалыптастыру. Ал «Мерейлі отбасы» сол мақсатты қалың көпшілікке дәріптеп келе жатқан сұранысы жоғары жоба», дейді. Қазанғаповтар отбасы биыл облыстық деңгейде бас жүлдені қанжығасына байлап, әулеттің мерейін үстем еткен еді. Алдағы республикалық байқауда бұл отбасы Ақмола облысының атынан намысты қорғамақ.
Ыбырай ақсақал жан жары Бибісара апамен алты бала тәрбиелеп, жақсы білім алып, азамат болып қалыптасуы үшін аянбаған жандар. Бүгінде әулетте 19 немере өсіп, қалыптасып келеді. Балалары жоғары білім алып, елдің әр түкпірінде өнімді еңбек етіп, ата-ана абыройын асқақтатып жүр. Қазанғаповтар әулетін танитын жұрт оның көпке үлгі екендігін, ауызбіршілігі мен берекесі жарасқан отбасы екендігін алға тартады. Мұндағы басты қағида «үлкенге құрмет, кішіге ізет». 23 жыл бойы Қосшы қаласының тыныс-тіршілігімен біте қайнасып, дамуы үшін қолдан келген үлесін аямаған Ыбырай ақсақал ел үшін туған дара азамат. Ол 2001 жылы Қосшы қаласында бой көтерген мешітте имам, әрі ардагерлер кеңесінің төрағасы болып 2014 жылға дейін жұмыс істеген. 2020 жылға дейін Қосшы қаласының бас имамы болса, қазір найб-имамы, билер кеңесінің төрағасы. Сонымен қатар ақсақалдардың араласуымен өтетін елдік шаруада бітістіруші. Халқына қалтқысыз еңбек еткен Ыбырай ақсақал «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» атағының иегері. Оның сөз саптауы, білімділігі, ұйымдастыру қабілетінің жоғарылығы ел аузында. Сондықтан халық алдында Ыбырай ақсақалдың абыройы жоғары, сөзі өтімді,өзі сыйлы.
Республикалық байқауға жолдама алған әулет ақсақалы жауапкершілік жүгін жоғары қояды. «Мұндай кезеңде ең бастысы өзіңе деген сенім болуы шарт. Сенім бар жерде күш-жігер бар. Ердің абыройы – елдің абыройы. Нар тәуекелге бел байлап, алысты көздеп отырмыз», дейді. Ал ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаев «Ыбырайым ағаны азамат ретінде, тұлға ретінде жақсы танимын. Ақсақалдардың, жастардың арасында сөзі өтімді дана, ақылгөй, елді ұйыта алатын керемет қабілеті бар жан», деп көпке үлгі етеді.
Елдің ықыласына бөленген отбасы республикалық деңгейде де биіктен көрінетініне сенім зор. Жобаның көздегеніне қарай жүлде төрінен лайықтысы орнын алар. Бастысы – үлгі етер, болашақ ұрпақ үшін мәнін жоғалтпайтын жоба мақсатының орындалуы. Байқау жеңімпаздарын марапаттау жылдағы дәстүрмен қыркүйек айында, «Отбасы күні» қарсаңында өткізіледі.
Гүлназ БИСЕН
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Пікірлер (0)