Министр халықпен тығыз жұмыс істеуді тапсырды

Редакция таңдауы
view 92
news

Қосшы қаласына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният келді. №1 қалалық емхана және «Жанұя» отбасылық емхана ұжымының жұмыс барысымен танысты. Ақмола облысының әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова, Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов және облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшылығы, қала активінің қатысуымен жиын өткізіп, тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен министрлер өңірлерді аралап жүр. Олар өз салаларындағы мәселелерді біреулердің аузынан емес, тұрғындардың арасына барып, өз көздерімен көрсін, өз құлақтарымен естісін, елордаға жете алмай жүрген жандардың мәселесін сол жерде шешсін деген ниет болды. Осы жолы шаһарымызға Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният келді. Қосшыдағы әлеуметтік нысандарды аралаған министр «Лесная поляна» шағын ауданындағы амбулаторлық емханаға барып, көрсетілетін медициналық көмектің тиімділігін арттыру мәселелерін талқылады. Қалада «Жанұя» медициналық мекемесінің екі филиалы жұмыс істейді. Солардың бірі биыл ғана ашылды. Мұндағы тіркелген халық саны 23 436 адамды құрайды. Көрсетілетін қызметтің бәрі де халық үшін тегін. Тәжірибе көрсеткендей, тұрғындардың басы бөлігі осы емханаға жүгінеді. Оған министрдің өзі де куә болды. Ол дәрігерлердің қабылдауына келгендермен де, дәлізде өз кезегін күтіп отырғандармен де тілдесіп, қызмет сапасын бағалап, қосшылықтарды толғандырып жүрген мәселелермен танысты. – «Мен зейнетке осыдан 10 жыл бұрын шыққанмын. Жас кезімде дәрігерлерге мүлдем бармайтынмын, енді, міне, жас келгесін бе, емханаға жиі келетін болдым. Бас ауырып, балтырымыз сыздаса, мамандардың көмегімен ғана жанымызға жай табамыз. Өз басым жанашыр, адамгершілігі мол ақ халатты жандарға ризамын. Әрқайсыларының ыстық ықыласы мен алақандарын сезінемін. Денсаулық, расымен де, адам үшін баға жетпес байлық екен», – деді қала тұрғыны Аягөз Алдамжарова. Емделушілердің арасында алғыс сөздерін жеткізгендер де, министрге тікелей сұрақ қойып, ұсыныстарын жолдағандар да болды. Ал жақында ашылған №1 қалалық емхана қабырғасында адам өте аз болды. Ажар Ғиният халықпен тиісті жұмыс жүргізіп, тіркелушілердің санын арттыруды тапсырды. Медициналық қызмет көрсету мекемесінің жағдайымен танысып, кадр тапшылығын шешу керектігін баса айтты. «Елордамыздың іргесінде орналасқан қаланың тұрғындарының денсаулық сақтау саласындағы мәселесін білейік деген оймен келіп отырмыз. Айтарым, пандемиядан кейін қазақстандықтардың медициналық демографиялық көрсеткіштері жақсарды, адамдардың өмір жасы ұзарды. Онкологиялық, өкпе, жүрек-қан тамырлар ауруларының төмендеуі байқалады. Бұл кеңінен жүргізілетін профилактикалық жұмыстардың нәтижесі. Аурудың алдын ала алғашқы кезінде-ақ анықтау, ауырған жандарды есепке алынуына көңіл бөлінеді. Сонымен бірге дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, уақытында реабилитациялық көмек көрсету, халықтың денсаулығын жақсарту – біздің басты міндетіміз. Сондықтан ел аралап, емханаларда дәрігерлердің, әкімшіліктің активімен, тұрғындармен кездесіп, жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізіп жатырмын», деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният. Қала активімен өткен кездесуде еліміздің бас дәрігері былтырғы жылдан бері министрліктің барлық стратегиялық құжаттарында профилактикалық, медициналық тексеру, скрининг, зерттеулер, науқастарды уақытында жеткізу сияқты шаралардың қабылданғанын да айтты. Сондай-ақ медициналық-фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Нұрлан Ысқақовтың көмек көрсетудің проблемалық мәселелері мен шағымдары бойынша дайындаған баяндамасын тыңдады. Қосшы қаласындағы мәселелерді тілге тиек еткен санитарлық эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Нұрқан Сәдуақасов жағдайдың тұрақты, аса қауіпті жұқпалы аурулардың тіркелмегенін айтты. Медицинадық көмекті ұйымдастыру департаментінің директорының орынбасары Гүлнәр Жангарашева осы саладағы бірқатар мәселелер жайлы ақпараттандырды. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың іссапары медицина саласындағы жетістіктерді көріп, кемшіліктерді жою үшін қажетті шараларды қабылдауға, сонымен қатар азаматтарды көбірек қабылдауға мүмкіндік берді. Халық үніне құлақ асатын мемлекет үшін мұндай кездесулер халықпен қарым-қатынастың маңызды құралына айналуға тиіс.

Жанар ҚАСЫМОВА

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *