Криминогендік жағдай жақсарып, санитарлық саулығымыз түзеліп келеді
Алдымен қаладағы криминогендік жағдай таныстырылды. Үстіміздегі жылдың 7 айының есебі бойынша Қосшы қаласында өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, қылмыс көрсеткіші 2,4 %-ға, алкогольдік ішімдіктен мас болу 18,7 %-ға төмендеген. Жасур Мәжитовтың айтуынша, оң өзгерістерге қаладағы криминогендік жағдай неғұрылым күрделі аудандарға жаяу және көлікті автопатрульдің жиі шолу жүргізуі, сондай-ақ құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша шаралардың жиі өткізілуі ықпал еткен. Одан бөлек, қоғамдық орындарда және көшеде ішімдікке бөгіп алып, бұзақылық жасаушыларды, араққұмар адамдарды дер кезінде оқшаулау, қажетіне қарай Астана қаласындағы Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына орналастыру, наркологиялық мекемелерге жөнелту әрекеттері де қоғамдық тәртіптің тыныштығына көп әсер еткен. Есепті мерзім ішінде алкогольге қарсы заң бұзушылық аясында 111 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. «Ішімдіктің салдарынан жасалатын қылмыстың жолын кесуге кедергі келтіріп тұрған негізгі мәселенің бірі – Қосшы қаласында адамның алкоголь немесе наша тұтынғанын зерттейтін медициналық куәландырудың жоқтығы. Сол себепті бір адамды куәландыруға апаруы үшін біздің екі қызметкеріміздің Астанаға барып-келуіне екі сағат уақыты кетеді. Ал түнгі уақыттарда осы процедураны өткізу үшін жол жүріп кеткен қызметкерлердің учаскелері уақытша босап қалады. Өйткені күндізгі мезгілге қарағанда қоғамдық тәртіпті күзету үшін кешкі кезекшілікке шығатын полиция саны шектелген», дейді қалалық полиция бөлімі басшының бірінші орынбасары Жасур Мәжитов. Ағымдық кезеңде Қосшы қаласы сотының шешімі бойынша 38 құқықбұзушыға қатысты әкімшілік жауапкершілік жүктелді. Олардың 10-на алкогольдік ішімдік ішуге мүлдем тыйым салу үкімі кесілді. Сондай-ақ 7 құқықбұзушы қамауға алынып, 2-уіне ескерту жасалды, сот талқылауы барысында 17 отбасы өзара ымыраға келді. Жергілікті полиция оқушылардың заңмен қорғалуын да айрықша бақылауда ұстап отыр. Қазір Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылы аумағындағы 5 мектепте 9 100 оқушы оқиды. Мектептерде қауіп дабылы батырмалары орнатылған. Оның қоңырауы полиция бөлімінің кезекші пультіне келіп түседі. Штат бойынша оқушылармен ювенальдық полицияның 3 қызметкері жұмыс істейді. Қиын балалар ретінде 17 кәмелетке толмаған бала есепте тұр, олардың 7-уі тұрмысы нашар отбасылардан шыққан. Құқық сақшылары учаскелік инспекторлармен бірге мұндай оқушылармен тұрғылықты жеріне барып, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ кешкілік және түнгі уақыттарда түрлі сауық көтеру орындарына рейд жүргізіліп тұрады. Осындай шаралардың нәтижесінде, жыл басынан бері ювенальдық полиция тарапынан 182 құқықбұзушылық анықталған.
«Қала бойынша былтырғы жылмен салыстырғанда қылмыс деңгейі төмендегенімен әкімшілік құқық бұзушылықтар саны 23,1 %-ға артты. Оларға жалпы көлемі 24 млн 342 мың 436 теңге айып салынып, бүгінгі күнге дейін соның 17 млн-ға жуығы өндірілді. Бұл жалпы айып сомасының 70 % жуығын құрайды. Әкімшілік айыппұлдарды өтеу көрсеткішін жақсарту мақсатында Қосшы қаласында 24-28 шілде күндері аралығында «Борышкер» жедел-іздестіру шаралары ұйымдас- тырылып, оның барысында 1 млн 200 мың теңгеден астам ақша өндірілді», деді Жасур Мақсұтұлы. Ел ішін алаңдатып отырған түйткілді түйіннің бірі – жол-көлік қауіпсіздігі. Кесе көлденең тап келетін апаттың салдарынан талай жан жақындарынан айырылып, талайы жарақат алып, жапа шегіп жатыр. Тіпті адам шығыны болмаған күннің өзінде мұндай оқиғалардан келетін материалдық шығын орасан. Құдайға шүкір, былтырғы жылмен салыстырғанда, биыл жол-көлік апаты 12-ден 7-ге дейін төмендеген. Оқиға кезінде жапа шеккендердің саны екі есеге – 15-тен 7-ге дейін азайған. Ал дене жарақатын алғанда 8-ге жеткен. Былтыр 12 адам жарақат алған. Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылы ұзын жолдың үстінде 3 адам жантәсілім етсе, биылға көлік апатынан ондай қайғылы жайттар тіркелмепті. Төтенше оқиғаларға көбінесе жүргізушілердің көлік жылдамдығын шамдан тыс арттыруы, маневрлеу ережелерін сақтамауы және жергілікті жолдардың жеткілікті деңгейде жарықтандырылмауы себеп болып отыр. Сол себепті көлік қозғалысының қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету үшін жолдың техникалық жарақтандырылуын жетілдіру, жөндеу және абаттандыру бойынша жол және коммуналдық қызметтерге жыл басынан бері 22 ұсыным түсіріліп, 7 лауазымды тұлғаға әкімшілік жауапкершілік жүктелді. Сондай-ақ ішімдік ішіп, көлік басқарған 29 жүргізуші әкімшілік жазаға тартылды. «Қоғамына қарай адамы» демекші, цифрландыру заманында алаяқтықтың да сипаты түрлене беретіні түсінікті. Есепті мерзім ішінде алаяқтық фактісі бойынша 26 қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 33,3 %-ға төмен. Қылмыс- тың бұл түрінің жолын кесу үшін полицияның учаскелік инспекторлары өздеріне тиесілі әкімшілік аумақтарды аралап, азаматтарға алаяқтық туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізеді, оларға ақпараттық буклеттер табыстайды. Жыл басынан бері осы тақырыпта тұрғындармен 38 есептік кездесу өткізіліп, оған 835 адам қатысқан. Бұл жиындарға 12 мүлік иелері бірлестігінің өкілдері, 4 жергілікті атқарушы орган қызметкерлері қатысты. «Еститін мемлекет» тұжырымдамасы аясында Қосшы қаласында «WhatsApp», «Telegram» арқылы 1 230 тұрғын мен қызмет көрсетуші ұйымдардың басын қосқан 55 жалпы үйлердің чаты құрылған. Полиция органының чат арқылы тұрғындармен және қызмет көрсетуші ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнатуының арқасында 45 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 11 адам Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізілді, 142 тұрғынға құқықтық көмек көрсетілді. Тұрғындарды қатты алаңдататын түйткілді мәселенің бірі – біреудің мүлкін заңсыз иелену. Қалада жасалған қылмыстың 68%-ы – ұрлық. Өткен жеті айда 60 ұрлық (70-2022 ж) тіркелсе, оның 15-і пәтерге түсу. Өкінішке орай, пәтер тонаудың жартысы ашылмаған. Ұрлықтың көбі Қосшы қаласының жекеменшік секторында, оның ішінде 18,19,20 шағын аудандары мен Тайтөбе ауылында тіркелген. Бұл жайт қылмысқа қарсы жасалып жатқан шаралардың әлі де жеткіліксіздігін көрсетеді. Сондықтан қазіргі күні қаладағы аталған учаскелерде және Тайтөбе ауылында полицияның екі уәкілдігін ашу қажеттілігі туындап отыр. Жыл басынан бері учаскелік полицейлер сауда үйлері мен көшеде ұрлық жасаған 16 адамды ұстады, күдіктілердің қатысуымен 21 қылмыс ашылды (2022 жылы -32). Сондай-ақ есепті кезең ішінде абаттандыру заңдарын бұзғаны үшін 371 заңды және жеке тұлға жалпы сомасы 872 850 теңге әкімшілік жазаға тартылды. Орамаралық аумақтың тазалығына жауапты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының 2 мердігерлік ұйымына 119 180 теңге, өздеріне тиесілі аумақты жеткілікті деңгейде жинап-тазаламағаны үшін 12 қызмет көрсетуші ұйымға жалпы сомасы 69 мың теңге айып салынды. Заңмен бекітілмеген жерге нәжіс төккен 4 жүргізушіге 276 мың теңгеге айыпталды. Қатты тұрмыстық қалдықтарды рұқсат етілмеген орындарға тасыған 12 жүргізуші жалпы сомасы 436 425 теңге әкімшілік жазаға тартылды. Ағымдағы жылы ҚР ӘҚ Кодесінің 434-2 бабымен 127 қала тұрғыны жазаланып, оларға 1 млн 888 мың 875 теңге айыппұл салынды. «Сөзімді аяқтай келе, құқық бұзушылықтың алдын алу үшін қажет бірқатар мәселелерді күн тәртібіне қойсам деп едім. Біріншіден, наркологияға қатысты мәселе шешілсе. Екіншіден, Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы немесе детоксикация палатасы болса, медициналық куәландыруға қажет құрал-жабдықтар сатып алынса. Үшіншіден, қалада арнайы тұрақ жоқ, тәркіленген көліктің бәрі полиция бөлімінің аумағында үйіріліп тұр. Төртіншіден, тағы екі полиция учаскесі ашылса. Бесіншіден, қаланың орталық көшелеріне жолда жүру қауіпсіздігі тақырыбына арналған көрнекілік билбордтары ілінсе», деп сөзін түйіндеді қалалық полиция бөлімі басшының бірінші орынбасары Жасур Мәжитов. Келесі баяндамашы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Шынтас Омаровтың айтуынша, мекеме биылғы жылға жоспарланған 15 тексерістің 10-ын өткізген. Тексеріс нәтижесі бойынша 5 нысаннан кемшілік анықталып, тиісінше әкімшілік шара қолданылған. Бүгінге дейін оларға кемшіліктерді жою туралы жіберілген ұсынымдардың бәрі толық орындалып, кемшіліктер жойылған. 5 тексерістің өткізілмеу себебі: қызмет түрі дұрыс жоспарланбаған; объекттің эпидемиялық маңыздылығы төмен; басқа субъектінің балансына берілген; өз қызметін тоқтатқан. Қосшы қаласы елорданың дәл іргесінде тұрғандықтан, жедел дамып, халық саны күрт артып келеді. Осыған орай тұрғындар тарапынан мемлекеттік қызметтерге деген сұраныстар да өсе түскен. Ал сұраныс болған жерде ұсыныстың да туындайтыны өмір заңдылығы. Оған мемлекеттік қызмет көрсетуге деген ұсыныстардың көптеп түсіп жатқандығы дәлел бола алады. Жыл басынан бері басқармаға 24 ұсыныс берілген. Тексерістерден кейін бұл өтініштердің 18-і қанағаттандырылған. Ал 6-на заңдылық талаптарына сәйкес келмейтіндіктен және құжаттары толық жасақталмағандықтан қызмет көрсетуге рұқсат берілмеді. Өтініштердің көбі қоғамдық тамақтану және балалардың мектепке дейінгі мекемелерін құру бағыттары бойынша түскен. «Мемлекеттік қызметтер осы салаға қатысты құқықтық актілерге сәйкес және қатаң түрде тек бекітілген мерзімге сай көрсетіледі. Ол бойынша әзірше заң бұзушылық болған жоқ, тұрғындардан арыз-шағым түспеді», деді Шынтас Есмағұлұлы. Айта кетейік, жыл басынан бері санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы 17 жеке адамдардың және 4 заңды тұлғаның арыздары мен өтініштерін қараған. Оның 6 бойынша оңтайлы шешім шығарып, 14 өтінішке әкімшілік ауыртпалық акт қабылдады. 1 шағымға қатысты түсініктеме берілген. Шағымның көбі азық-түлік өнімдерін өндіруге және таратуға қатысты. Сондай-ақ тұрғындар арасында ауаны ластайды деген себеппен мал ұстаушыларға деген дүрдараздық бар. «Халықпен кері байланысты күшейту үшін жеке адамдарды, заңды тұлғаларды қабылдау тұрақты жүзеге асырылып тұрады. Басқармаға бүгінге дейін 29 азамат жүгініп, оларға санитарлық-эпидемиялық нормалар мен талаптар бойынша түсінік берілді. Сондай-ақ «Instagram», «Facebook» әлеуметтік желілерінде басқарманың жеке аккаунты бар. Мұнда салаға қатысты қажетті ақпараттардың бәрі орналастырылған. Өзекті мәселелер бойынша басқарма жетекшілері мен мамандар тікелей эфир ұйымдастырып тұрады. Одан бөлек, санитарлық-ағарту саласында «Ашық есік күні», лекциялар, әңгімелесулер, медицина мамандарымен, білім беру, балабақша мекемелерінің қызметкерлерімен, кәсіпкерлерімен түрлі тақырыптарда семинарлар өткізіледі», деді Шынтас Омаров. Осы тұрғыда қала әкім орынбасарының қатысуымен «Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылы тұрғындарының туберкулезге шалдығуы» тақырыбында ұйымдастырылған дөңгелек үстелді, мектеп асханасы мен қоғамдық тамақтандыру саласындағы кәсіпкерлермен болған кездесулерді, нормативтік-құқықтық актілерді түсіндіруге арналған ZOOM- кеңесті де айтуға болады. Бір қуанарлығы, есепті мерзім ішінде Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылында қызылша, қызамық, түйнеме, тырысқақ, оба сияқты аса қауіпті және жұқпалы кеселдер тіркелген жоқ. Алайда жіті ішек инфекциясы сияқты жұқпалы аурулардың таралу қаупі үлкен. Бұл жағдай қала аумағында стационардың жоқтығымен, көші-қон нөпірінің көптігімен және тұрғындардың бірталай бөлігінің Астананың медициналық ұйымдарында тіркеуде тұрғандығымен күрделене түскен. Түрлі кеселдерге қарсы алдын ала вацинациялау екпесі де тисінше өтіп жатқан жоқ. «Қалада мемлекеттік емхана ашылғанда «Жанұя» ЖШС тіркелушілерінің бір бөлігі соған ауысуына байланысты вакциналарды сатып алу кешіктірілді, сол себептен емханаға бекітілген тұрғындарды вакцинациялау да күнтізбелік мерзімінен кешіктірілді. Қазір қалалық емхана вакцина сатып алуға өтініш берген», дейді Шынтас Омаров. Аппарат кеңесінің қортындысы бойынша Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов бірқатар тапсыр- малар берді. Атап айтқанда, қалалық полиция бөлімі басшының бірінші орынбасары Ж.Мәжитовке криминогендік ахуалды жақсарту және қоғамдық тәртіпті күшейту, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ш. Омаровқа тұрғындардың санитарлық-эпидемиялық саулығын қамтамасыз ету, жұқпалы аурулар көрсеткішін облыстық деңгейден асырмау, ауызсудың сапасына бақылауды күшейту және түрлі дерттердің алдын алу үшін тұрғындармен және кәсіпкерлермен ақпараттық-ағарту жұмыстарын жүргізу жөнінде нұсқау берді. Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Б.Сәметеевке, Статистика бөлімінің басшысы Р.Мәмбетовке, Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы О.Құсайыновқа санитарлық-эпидемиялық ахуалды жақсарту мақсатында күмәнді субъектілер мен объектілерді анықтауға көмек көрсетуді, «Қосшы Су» МКК директоры Е.Ділдәбеков пен ТКШ бөлімінің басшыс Ж.Шегебаевқа сумен қамту проблемаларын жою бойынша жоспарлы жұмыстарды жүзеге асыруды, №1 емхана бас дәрігерінің міндетін атқарушыға вакцинациялау екпесін тез арада бастауды тапсырды.
Дәулет АСАУ
Пікірлер (0)